Сәкен СЫБАНБАЙ
Әу баста әлем чемпионаттарында алаңдағы футболшыны алмастыруға рұқсат етілмеген еді. Ал 1930 жылғы доп додасының топтық кезеңінде өткен Румыния – Перу матчында ойыншы ауысқанын қалай түсінеміз? Кездесудің 80-минутында жеңіл жарақат алған перулік Соуса Феррейраның орнына Родригес Нус шықты. Сөйтсек, ФИФА чемпионат регламентіне «матч барысында ойыншы алмастыруға болмайды» деп жазуды… ұмытып кетіпті! Нәтижесінде халықаралық федерация латынамерикалықтарды әлгі заңсыз әрекеті үшін жазалай алмады, бірақ жаңағыдай талапты ережеге енгізді, 1970 жылғы додаға дейін ешқандай футболшы алмастыру болған жоқ.
Әлемдік доп додаларындағы ең алғашқы ойыншы алмасуы ресми түрде 1970 жылы Мексика – КСРО кездесуінде тіркелді. Екінші таймның басында кеңес құрамасының бас бапкері Гавриил Качалин қапырық ыстықта қаталап, қатты шаршаған Виктор Серебряниковтың орнына құр аттай қутыңдаған Анатолий Пузачты алаңға шығарды. Ал 1998 жылғы доп додасынан бастап, бапкерлер бір ойында 2 емес, 3 ойыншы алмастыруға мүмкіндік алды.
Алаңға жаңа шыққан футболшының «әй, мен ойынға кейіннен қосылдым-ау осы…» деп қымсынған кезі сирек. Көпшілігі баса-көктеп, бірден алға ұмтылады. Біреуді алмастыра салып, қарсыластар қақпасын дәл көздеген мергендердің көшін 1970 жылы Сальвадор құрамасының қақпашысын қапы қалдырған мексикалық Басагурен бастады. Содан бергі әлемдік доп додаларында алаңға кейіндеу шыққан футболшылар ұзын-саны 180 гол соғыпты (оның бірін португалдық Арманду Петит өз қақпасына енгізіп алды). Олардың ішінде айналдырған 7 минуттың ішінде 3 доп соғып, айды аспанға бір-ақ шығарғандар да бар (венгр шабуылшысы Ласло Кишш, 1982 жыл, Венгрия — Сальвадор – 10:1). Бұл ойында Кишштің ойынға екінші таймда қосылған командаласы Сентештің де бір гол енгізгенін, әріптесін алмастырған сальвадорлық Рамирестің де оларға «қарыз боп қалмай», бір рет қарымта қайтарғанын ескерсек, алаңдағы айқасқа «тұтқиылдан қосылғандардың» бір ойында 5 гол (!) соққанын байқаймыз.
Сіз Сальвадор құрамасының әлем чемпионаттарындағы барлық голын ойынға тыңнан қосылған футболшы соққанын білесіз бе? Жүз пайыздық көрсеткіш! Рас, пайыздық сипаттамада пафоспен айтылатын бұл нәтиже нақты санмен берілгенде күлкі тудырады: бұл елдің командасы бар-жоғы бір-ақ гол соққан (жоғарыда айтылған Рамирестің добы).
Ойынға қосылғанына бір минут өтпей жатып-ақ қанжығасы майланғандар бар. 1998 жылы Нигериямен кездесуде даниялық шабуылшы Эббе Санд алаңға шыққасын небәрі 16 секундтан соң-ақ қақпа торын бүлк еткізді. Іске бірден кірісіп, бар-жоғы 2 минуттың ішінде олжалы болған қосалқы ойыншылардың тізімі мынау:
1-минутта Санд Дания – Нигерия – 4:1 1998
1-мин. Моралес Уругвай – Сенегал – 3:3 2002
1-мин. Фред Бразилия – Австралия – 2:0 2006
1-мин. Уренья Коста-Рика – Уругвай – 3:1 2014
2-мин. Зико Бразилия – Польша – 3:1 1978
2-мин. Хаусман Аргентина – Перу – 6:0 1978
2-мин. Сентеш Венгрия – Сальвадор – 10:1 1982
2-мин. Райндерс Германия – Чили – 4:1 1982
2-мин. Лаинг Гондурас – С.Ирландия – 1:1 1982
2-мин. Милла Камерун – Ресей – 1:6 1994
2-мин. Ван Хойдонк Голландия – Корея – 5:0 1998
2-мин. Зевляков Польша – АҚШ – 3:1 2002
2-мин. әл-Жабер Сауд Арабиясы – Тунис – 2:2 2006
2-мин. Какау Германия – Австралия – 4:0 2010
2-мин. Копунек Словакия – Италия – 3:2 2010
2-мин. Мильяр Чили – Испания – 1:2 2010
2-мин. Клозе Германия – Гана – 2:2 2014
2-мин. Фер Голландия – Чили – 2:0 2014
Жалпы ойынға кейіннен қосылған мергендердің көшін камерундық Роже Милла бастап келеді. Оның еншісінде 5 доп бар. Ласло Кишш (Венгрия), Нельсон Куэвас (Парагвай) және Андреас Шюррле (Германия) 3 доптан соқса, одан кейінгі орындарда әрқайсысы 2 голдан енгізген Джанни Ривера (Италия), Александр Заваров (КСРО), Руди Феллер (Германия), Кико Нарваэс (Испания), Тим Кэйхилл (Австралия), Ан Чжун Хван (Оңтүстік Корея), Алессандро Дель Пьеро (Италия), Хавьер Эрнандес (Мексика), Клас-Ян Хунтелар және Мемфис Депай (Голландия) тұр.
Жасыл алаңға жайырақ шыққан футболшылардың соққан голдары әр чемпионат бойынша мынадай: 1970 – 5, 1974 – 5, 1978 – 5, 1982 – 16, 1986 – 11, 1990 – 20, 1994 – 13, 1998 – 15, 2002 – 19, 2006 – 24, 2010 – 15, 2014 – 32 гол. Командалық көрсеткіштерге келсек, көшті Италия (16 гол) мен Германияның (15) резервистері бастап келеді. Бір чемпионатта да осы екі елдің (Италия-2006 және Германия-2014, 5 голдан) қосалқы ойыншылары көбірек көзге түсті.
Тыңнан қосылған ойыншылар тек гол соғып қана тыныш жүрсе мейлі ғой. Сонша тығыз уақыттың ішінде олардың әлденені бүлдіріп те үлгеретінін қайтерсіз! Алаңға шыққанына 3 минут болмай жатып, қарсыласын ойбай салғызған үш «бұзақы» басқа тентектерден оқ бойы «озық» тұр: олар – Швейцариямен ойында алаңнан қуылған румын Владою, немістермен кездесуде қызбалық танытқан боливиялық Эчеверри (екеуі де 1994 жылы) және Оңтүстік Африка ойыншыларымен «тіл табыса алмаған» даниялық Вигхорст (1998). Жалпы, шыға сап шырық бұзғандардың саны – 18…
(Getty Images фотосы)