Сәкен СЫБАНБАЙ

«Тосын сыйлар» шеруі

Астың дәмін кіргізер тұз болса, футболдың сәнін келтірер нәрсе – гол. Жасыл алаңда жанын салып жүрген 22 жігіттің бар әрекетінің түпкі мақсаты, түйінді нәтижесі – ала допты қалайда қақпа торында тулату. Әрине, қарсы қақпада… Дегенмен, кейде футболшының тепкен добы тентіреп теріс қарай ұшатын, кейде «кері қайтарайын» деген қимылынан керісінше нәтиже туып, өз қақпашысын айран-асыр ететін жайттар да аз кездеспейді. Футболда мұндайды «автогол» деп атайды.

Әлем чемпионаттарында сонау 1930 жылдан күні бүгінге дейін 36 автогол соғылыпты. Қарсыласына «көмектесу» жағынан Мексика құрамасы алдына қара салмай, қасқайып дара келеді – 3 автогол! Югославия, Португалия, Голландия, Болгария және Оңтүстік Корея футболшылары да «көш көсемінен» қалыса қоймаған (2-ден). Ал ойда-жоқта өзгелердің ебедейсіздігінен олжаға қарық болғандардың тізімін Германия, Италия және Франция бастап тұр (4 «тосын сый»). Португалия және АҚШ құрамаларына қарсыластары 3 реттен «асарға» келіпті. Осы екеуінің өзара кездесуінде қос автогол соғылып, португалдық Жорже Кошта мен америкалық Джозеф Агус өзара «бартер» жасаған (2002 жыл, жалпы ойынның есебі 3:2, АҚШ жеңді).

Автоголдардың кейбіріне арнайы тоқталмаса болмас. 1994 жылы колумбиялық қорғаушы Андрес Эскобар абайсызда өз қақпасына гол соғып алды. Тәйірі, мұнда тұрған не бар? Ондай сәтсіздік кімнің басынан өтпейді дейсіз. Алайда жұрттың бәрі бірдей бұлай ойламайды екен. Еліне оралған соң Эскобарды біреулер атып өлтіріпті. Бейшараның денесінен дәрігерлер 12 оқ алып шығыпты. Сол кездегі баспасөзде жазылғанындай, қылмыскерлер әрбір оқ атқан сайын «гол!», «гол!» деп кіжіне айғайлап тұрыпты.

Шотланд қорғаушысы Томми Бойд 1998 жылғы доп додасының беташар матчында (Бразилиямен) байқамай өз қақпасын «дәл көздеді». Болгар ойыншылары Иван Вуцов пен Иван Давидов тіпті бір чемпионатта (1966) өз қақпашысын қайта-қайта «әуреге салды» (бірі Португалиямен, екіншісі Венгриямен ойында). Ал Оңтүстік Африка құрамасының өкілі Пьер Исса тіпті өз ебедейсіздігімен тарихқа да енді: Франциямен ойында (1998 жылы) оның құлап бара жатып, өз қақпасына енгізіп алған добы – мундиаль тарихындағы 1600-шы гол еді.

Үш, төрт, бес!

Әйтсе де, футболшылардың басым көпшілігінің басты нысанасы – қарсы қақпа екеніне дау жоқ. Олардың қайсыбіреулерінің гол соғуға әбден құмартып алғаны сондай, біреу-екеумен шектелгісі келмейді-ақ. Әлемдік доп додасы тарихында күні бүгінге дейін 44 хет-трик (бір ойында үш гол соғу) тіркеліпті. Тіпті Герд Мюллер (Германия) мен Габриэль Батистута (Аргентина) секілді ойыншылар бір «сыбағаға» тоймай, хет-трикті қос-қостан жасаған (алдыңғысы – бір чемпионатта!). Ал венгр шабуылшысы Ласло Кишштің Сальвадор қақпасына 3 доп соғуы үшін 7-ақ минут жеткілікті болыпты (1982). Бұл – мундиаль тарихындағы ең жылдам және алаңға кейінірек, ойын барысында шыққан футболшы соққан жалғыз хет-трик.

Шабыты тасып, әбден шалқымасы ұстаған сәттерде шабуылшылардың кейбірі үш голдың өзін місе тұтудан қалады. Әлем чемпионаттарында ұзын саны 6 покердің (бір ойында 4 доп енгізу) тіркелуі – сөзіміздің нақты дәлелі. Оның ең алғашқысының авторы – поляк Эрнест Виллимовски (1938 жылы Бразилия қақпашысын «қатты қапаландырған»). Жанкүйерлерді өзге «покершілердің» де кімдер екені қызықтырса, атай кетелік: бразилиялық «қыран» Адемир, венгр «зеңбірегі» Шандор Кочиш, француз сұрмергені Жюст Фонтэн, португалиялық «қара маржан» Эйсебио және испандық «қаршыға» Эмилио Бутрагеньо. Кочиш пен Фонтэннің покермен шектелмей, араға бірнеше күн ғана салып, хет-трик те енгізгенін ескерсек, ай-шай жоқ, алға ұмтыла беретін ілкі кезеңде доптың қақпаға қарша борағанын байқаймыз.

1994 жылы Ресей құрамасы алғашқы екі ойында да ұтылып қалды. Бірақ соңғы, үшінші турда олар ойламаған жерден осалдық танытқан камерундықтарды 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Осы матчта тепкенінің бәрі торға түсе берген Олег Саленко 5 доп соғып (мұны «квинта» дейді), әлемдік рекорд жасады. Бірақ шабуылшының бұл ерлігі құраманың 1/8 финалға шығуы үшін жеткіліксіз болып, орыстар топтық кезеңде-ақ тоңқалаң асты. Камерун шабуылшысы Роже Милланың Ресей қақпасына енгізген добы да тарихта қалды, өйткені, ол – финалдық турнирлер тарихындағы ең «қарт гол» еді, себебі, оның авторының жасы… 42-де болатын!