Олимпиаданың екі дүркін қола жүлдегері Иван Дычко кәсіпқойлар арасындағы екінші кездесуінде де жеңіске жетті. Әуелгі жекпе-жегін ол Даллас қаласында америкалық Ейбур райтпен өткізіп, бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.
Араға екі апта салып Иван шаршы алаңға қайта шықты. Бұл жолы ол Флорида штатының Тампа қаласында Родригес Кейджбен (АҚШ) қолғап түйістірді. Отандасымыз үшінші раундта қарсыласын естен тандырып, тамаша жеңіске жетті.
— Кездесу сырт қарағанда жеңіл көрінген болар, бірақ қарсыласым өте мықты болып шықты. Алғашқы раундтарда ол өзінің жойқын соққысын қалайда тигізгісі келіп, жиі шабуылдады. Жақындап, клинчке барып, оны шаршатуға тырысқаным да сондықтан. Екінші раундта Кейдждің шаршай бастағанын аңғардым да, шабуылды үдеттім. Үшінші раундта басын қалқалай бастағанда, қапталдан соққы жұмсап,айқын басымдықпен жеңдім, — дейді И.Дычко.
Иван келесі кездесуін 28 қазанда өткізуі мүмкін. Жыл соңына дейін бапкерлер құрамы отандасымыздың 6 кездесуін жоспарлаған-ды. Екеуі өтті, енді төртеуі бар. Ал 28 қазанда АҚШ-та 4 бокс кеші өтеді. Тіпті сол күнге үлгермесе де, Дычко 4 қарашадағы 7 бокс кешінің бірінде өнер көрсетуі ықтимал.