«Құдай бере салған» саңлақтар

Желаяқ Әмин Тұяқов сексенге келді. 1937 жылы сол кездегі Гурьев облысына қарасты Шайыр ауылында дүниеге келіп, Таушық орта мектебін бітірген, Гурьев педагогикалық университетіне түскен бозбала өзінің есімі қазақ спортының тарихында мәңгі қалатынын ойлады ма екен?

Қалай дегенде де, Тұяқов – Жаратушының қазаққа берген сыйы.

Неліктен? Осыны таратып айтып көрейік.

1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басы қазақ жұртына өмірдің жаңа есіктерін ашып жатты. Отырықшылыққа көше сала неше реформаға бас-көзсіз жұмылдырылған халық өзінің тіні – байлардан айырылып, еңсе көтерген арыстарының бәрінен «халық жауы» деген жаламен көз жазып, одан бас көтергені соғыста қырылған соң, ақыры «жасампаз» кеңес қоғамының бір тегершігіне айналды. Бір-бірімен қаруласып соғысудан жалыққан жұрттар енді түрлі ареналарда спорттық сайыстардан бәсекеге түсе бастады. Міне, Ғұсман мен Әминнің қар астынан қылт ете қалған бәйшешектей назар аударатыны осы кез.

Әйтпесе, күнделікті өмірінің өзі кәсіпқой спортты он орап алатын қазаққа жүгіру таңсық болып па? Басқасын былай қойғанда, оның ертегісінің өзінде Желаяқ айлакер Мыстан кемпірдің көзіне құм шашып, демде көз ұшына кетпейтін бе еді? Алайда аңызға сену бір бөлек те, оны ұлттың күшін танытатын сала ретінде дамыту бір бөлек. Сондықтан да қазақ даласына кәсіпқой спорттың дәнін сеуіп, жемісін бергі жұртқа көрсеткен Қажымұқан, Шоқыр Бөлтекұлы, Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов, Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айханов, Октябрь Жарылғапов, Әбдісалан Нұрмаханов, т.б. мықтылар есімі өте қымбат. Олардың бәрі қазақ деген жұрттың өркениетті спорт көшіне ілесе алатынын әбден дәлелдеді.

Осы қатардағы Әмин аға жаратылысынан феномен. Өзіңіз ойлап көріңізші, бойы 172 см ғана талдырмаш қазақ жігіті сол 1960 жылдардың ортасында ұзын сирақ «арғымақтардың» уақытымен тең нәтиже көрсетеді. 100 метрдегі жеке рекорды – 10,3, ал 200 метрдегісі – 20,6 секунд. Осы күнгі рекордтармен салыстырып көріңізші. Қазіргі рекордшы Үсейін Болт (Ямайка) 100 метрді 2009 жылы 9,58 минутта жүгіріп өтті. Ал жеңіл атлетикадан 2015 жылы өткен (әзірше соңғы) әлем чемпионатында финалға шыққан 9 желаяқтың бесеуі ғана осы қашықтықты 10 секундқа жетпей артта қалдырды. Демек, сонау 1965 жылдың қазан айында Алматыда өткен КСРО чемпионатында Әмин аға 100 метрді 10,3 секундта жүгірсе, арада 50 жылдан кейін осы нәтиже бар болғаны 0,45 секундқа қана жаңарған болып тұр ғой. Ал Тұяқовтар заманында алаңда қазіргідей төсеніш, қазіргідей желдің соғу жылдамдығын есептейтін құрал, ең бастысы, аяғы жерге тигенде алға ырғытатын аяқ киім болды дейсіз бе? Демек, Әмин ағаның жеке рекорды бізге осынысымен бағалы.

200 метр ше? Қазіргі әлем рекорды Болттың еншісінде – 19,19 секунд. Ол 50 жылдан кейін Тұяқовтың көрсеткішін 1,41 секундқа жаңартқан. Айтары жоқ, ғажайып нәтиже. Алайда соңғы әлем чемпионатының финалындағы 8 жүйріктің бесеуі ғана қазақ желаяғының 1965 жылғы жеке рекордынан жоғары нәтиже көрсетіпті. Яғни қазіргі күні Тұяқов әлем чемпионатына қатысса, үздік алтылыққа сөзсіз енер еді. Әрине, бұл әңгімеміз утопия сияқты көрінер, бірақ спорт дегеніңіз – түгел есеп-қисап және соның салыстырулары ғой. Ал 2016 жылғы Рио олимпиадасының финалында 200 метрді 20 секундқа жеткізбей тек Болт қана жүгіріп өтті. Ал Тұяқовтың үздік нәтижесінен де жақсы көрсеткішке Болттан бөлек, канадалық Андре де Грассе ғана (20,02) қол жеткізді. Болттың бойы – 1,95 см, де Грассенікі – 1,76 см. Үсейін Болт біздің Тұяқовтан 23 см биік, ал де Грассе 4 см бойшаң.

Міне, көрдіңіз бе, нәтижелерді таразы басына осылай салып кеп жібергенде, Тұяқов жеңістерінің құны арта түседі, салмағы ауырлай береді. Сондықтан сексенге келген желаяғымыз қазақ спортының мәңгі ардағы болып қала беретіні күмән тудырмайды.

Дәстүр неге жалғаспады?

Әрине, Әмин ғұмыры олимпиада жүлдесімен байи түсер еді. Алайда 1964 жылғы Токио олимпиадасына барып тұрып, Тұяқов 4х100 метрлік эстафетаға қатыса алмады. Бапкерлер құрамы Эдвин Озолин, Борис Зубов, Ғұсман Қосанов және Борис Савчукке сенім артты, алайда КСРО құрамасы мәре сызығын бесінші болып қана қиды. КСРО чемпионатын 4 рет ұтып алған, 200 метрде КСРО рекордын жаңартқан жаңартқан Әмин аға бәрібір спорттағы ғұмыры бекер өтті дей қоймас.

Бізді өкіндіретіні, сол 1960 жылдардағы қазақ рухының дүр көтеріліп, көрініс беруінен кейін дәстүр қалыптастыра алмадық.

Ғұсман мен Әминнен кейін қазақ аналары желаяқ баланы дүниеге әкелуді қойды дегенге кім сенеді? Міне, Қосанов пен Тұяқовтың 1965 жылы КСРО құрамасы сапында АҚШ желаяқтарын эстафетада жеңгеніне, сөйтіп, еңбек сіңірген спорт шебері атағына қол жеткізгеніне де 52 жылға ауды. Содан бері қазақ жеңіл атлетикасы ұзақ ұйқыда.

Басқасын былай қойғанда, 2015 жылы Қытайдың Ухан қаласында жеңіл атлетикадан өткен Азия чемпионатына бір де бір қазақ спортшысы қатысқан жоқ. Арада бір жыл өткенде Рио олимпиадасында қазақы келбетті жалғыз жеңіл атлеттің болмағаны да түсінікті шығар. Яғни жарты ғасырға жуық уақытта қазақ жеңіл атлетиканы жылы жауып қойды деуге әбден болады. Жалпы, бір мықты спортшыны бала күнінен баптап, әлемдегі үздіктер қатарына қосу үшін шамамен 10-15 жыл қажет болады екен. Тәуелсіздігіміз 26 жасқа қадам басты, демек, осы уақыт аралығында Қазақстанда кемі 2 үздік қазақ жеңіл атлеті шығуға тиіс еді. Жоқ! Тіпті елесі де көрінген жоқ. Тұяқовтың өзі шәкірті Шишигина – 2000 жылы, қарағандылық Карпов – 2004 жылы, өскемендік Рыпакова 2008, 2012 және 2016 жылы олимпиадаларда олжа салды. Демек, біздің топырақтан да жүйріктер мен секіргіштер әлемді таң қалдыра алатынына мысал жеткілікті болып тұр. Бірақ неге қазақ ұландары бой көрсетпейді? Әлде, ұлттың күші Тұяқов, Қосановтар дәуірімен бірге келмеске кетті ме?

Мүмкін емес. Ең бастысы, қазақ балаларын ауыл-ауылдан арнайы іздеп тауып әкеліп, аламанға қосатын жүйе бізде мүлде жоқ. Біз ауылдардан тек жұдырықшыларды іздейміз. Сөз ақиқаты осы.

Октябрь Жарылғапов, Заңғар Жәркешев, Жанбек Сауранбаев дәуірінен кейін волейболда қазақ аты сирек кездесетінге айналды. 1990 жылдардың басында – Бақытжан Байтөреев, 2000 жылдардың басында Марат Иманғалиев бой көрсетіп еді, қазір ең құрығанда Азия деңгейінде атойлайтын бір волейболшымыз көрінбейді.

Баскетболда Әлжан Жармұхамедов есімі әлі күнге жалғыз. Оның өзін «қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы» дегенге қимаймыз.

Бессайысшы Тимур Досымбетовтың, велобәйгеші Марат Сатыбалдиевтың, су добының шеберлері Нұрлан Меңдіғалиев пен Асқар Оразалиновтың аты осы күнгі спорт жылнамаларында ғана қалды. Арттарынан ерген кім бар?

Көгалдағы хоккейден аты аңызға айналған Мұрат Жексенбеков, Берікқазы Сексенбаевтардан кейін неге ешкім мен деп шықпады? Бұл спорт түрінен жеңісіміз де, дәстүріміз де бай еді ғой…

Сонда 1690 жылдары басталған сол дүмпу неге тез сөнді? КСРО заманында орталықтың бапкерлері тұсады дейік, тәуелсіздіктің ширек ғасырында осы әуелгі жеңістерді дәстүрге айналдыратындай мүмкіндік қолымызда болды ғой. Қазір де бар. Кім кедергі сонда?

Кейбір керіжақ мамандар қазақтың спорттың кейбір түрлеріне генетикалық тұрғыда қабілетсіз екенін айтады. 2000 жылдардың басында Алматының «Қайратына» Сербиядан Златко Крмпотич деген бапкер келіп: «Қазақстанның оңтүстігінен футбол таланттары шығуы мүмкін емес. Солтүстіктегілердің қанында аздап доп тебу қабілеті бар», – деп айды аспанға шығарған-ды. Арада он жылдан астам уақыт өтті. Шүкір, Бауыржан Исламхан, Елдос Ахметов, Ұлан Қонысбаев, Таңат Нөсербаев, т.б. өз деңгейіміздегі жұлдыздар сол оңтүстіктен шығып жатыр.

Шорт-трек деген таңсық спорт түрін осы күнге дейін бар деп білдік пе? Бұл спортта қазақ баласының несібесі зор екенін жанкешті маман Мәдіғали Қарсыбеков толық дәлелдеді. 2014 жылғы Сочи олимпиадасында Қарсыбековтың 4 шәкірті эстафетаның финалында өнер көрсетті. Бұл бір сәттік нәтиже емес екен. Осы күні Нұрберген Жұмағазиевтің, Абзал Әжіғалиевтің, Айдар Бекжановтың универсиададағы, әлем кубогының кезеңдеріндегі табыстарына көзіміз үйренгені соншалық, тіпті заңдылық ретінде қарайтын болдық.

Фристайлдың акробатика түрінен Жанбота Алдабергенованың Сочиде үздік алтылыққа енуі сенсация делініп еді, оның қатарына енді Жібек Арапбаева қосылып, әлемнің қарлы тауларында атой салып жүр.

Біз енді жүзуден, жеңіл атлетикадан, ауыр атлетикадан, есу спортынан, спорттық гимнастикадан, суға секіруден, нысана көздеуден қазақ балаларының талантын ашуға тиіспіз.

Әминдер жарты ғасырдағы жалғызымыз болып қалмауға тиіс. Бүгінгі әңгіме мәні осы.

(«Айқын» газеті, №22, 14.02.2017)

1 ПІКІР

  1. Айсулу Тайжан

    Мерей жасыныз кутты болсын!
    Алма екеуиниз али талай кызыкты бирге кориниз!