Уругвай құрамасының бас бапкері Оскар Табарес әлем рекордын қайталады. ӘЧІ-2018 іріктеу кезеңіндегі Чили — Уругвай (3:1) матчында ол «селесте» басшылығындағы 167 (жүз алпыс жетінші) кездесуін өткізді.

Бұл көрсеткіш бойынша Таварес Германия құрамасын 1936-1964 жылдар аралығында жаттықтырған Зепп Гербергермен теңесті.

Табарес Уругвай құрамасының тізгінін бірінше рет 1988-90 жылдар аралығында ұстады. Содан кейін елінің бас командасына 2006 жылы оралып, содан бері осы шаруадан қол үзген жоқ.

«Селесте» Оскар мырзаның басшылығымен 81 матчта жеңіске жетіп, 44 ойынды тең аяқтады, 42 ойында тізе бүкті. Осы жылдар аралығында 137 футболшы Уругвай құрамасы сапында алғашқы ойындарын өткізді. 

Табарес тізгінін қаққан Уругвай құрамасы 2010 жылғы әлем біріншілігінде үздік төрттікке енді. Шабуылшы Диего Форлан турнирдің бас мергендерінің (5 гол) бірі болып танылды. 2011 жылы Уругвай құрамасы Америка құрамасының жеңімпазы атанды. 

Ал Қазақстан құрамасы тарихында бас бапкер ретінде ең көп матч өткізген маман — Арно Пайперс (Голландия). Ол 2006 жылдың ақпаны мен 2008 жылдың қыркүйегі аралығында 36 ойында Қазақстан тізгінін ұстады. Бұл кездесулерде Қазақстан құрамасы 7 рет жеңіп, 11 ойынды тең аяқтады, 18 кездесуде жеңілді. Еуро-2008 іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы 10 ұпай жинады. Бұл нәтиже Қазақстанның УЕФА аясында әзірше ең үлкен жетістігі болып саналады.