Жапонияның Номи қаласында спорттық жүгіруден Азия чемпионаты өтіп, отандасымыз Георгий Шейко 20 шақырымдық сында күміс жүлдегер атанды. Бұл жүлденің маңызы ерекше: Шейко 2020 жылғы Токио олимпиадасының жолдамасын бірден қанжығасына байлады.

Мәреге Тошиказу Яманиши бірінші болып жетті. Ол 20 шақырымды 1 сағат, 17.15 минутта жүріп өтті. Отандасымыз жеңімпаздан үш минут ұтылды – 1:20, 21.

Олимпиада жолдамасын иелену үшін спортшылар 1:21,00 нормативін орындауға тиіс еді. Шейко одан 40 секунд бұрын келді.

«Күн райы өте нашар болды. Ауа температурасы +2 градус шамасында болды, қашықтық соңына қарай +4-ке көтерілді. Жауын себелеп тұрып алды, аяқтарым қатып қалды. Алғашқы он шақырымды 39 минут, 55 секундта жүріп өттім. Қазақстан рекордын жаңартуды мақсат еттім және соған лайық кестемен жүріп келе жаттым. Бірақ кейінірек қарқынымды сәл баяулатуға тура келді. Күн жылы болғанда, мақсатыма жетерім сөзсіз еді. Бірақ аяқтарым қатты тоңды. Енді үш аптадан кейін Чехиядағы халықаралық турнирге қатысамын. Биылғы жылдың басты додасы – Қатар астанасы Доһада өһтетін әлем чемпионаты» дейді Г.Шейко.