Өткен аптада олимпиаданың және әлемнің екі дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, Азия чемпионы, Қазақстан құрамасының капитаны Әділбек Ниязымбетов бокстан кететінін мәлімдеді. Күтпеген жайт демеспіз, бірақ қазақ боксының тұтас бір дәуіріне айналған былғары қолғап шеберінің бұл шешімі бәрімізді ойландырды. Иә, Әділбек соңғы кездері арқа жарақатын жиі емдеп жүрді. Тіпті 2016 жылғы Рио олимпиадасының қарсаңында да ойық жарақаты оның жолын кескендей болған. Бірақ батыр туған ер барын салды, олимпиадада қазаққа тағы бір күміс сыйлады.

Жас мемлекеттің спорттағы жетістіктеріне көз сала отырып, белгілі бір кезеңдерде мықты спортшылардың бірінің ізін бірі басып, дәстүр жалғастығын үзбейтініне таң қаласыз. Әрине, КСРО кезіндегі нәтижелерді де естен шығармақ емеспіз. Дегенмен 1996 жылы Атланта олимпиадасында балқаштық Василий Жировтың 81 келі салмақ дәрежесінде алтын алуы сол екен, бұл салмақ қазақтың өз меншігіне айналып жүре берді. 2000 жылы Сиднейде (Австралия) Олжас Оразәлиев ширек финалға жетті. Ол 1/8 финалда кубалық Исаель Альваресті айқын басымдықпен жеңіп, Қазақстан-Куба текетіресіндегі жеңіс жолын ашып берді. 2004 жылы Бейбіт Шүменов саусағы сынғанына қарамастан, түрік Йылдырымға қарсы нағыз майдан жасады. 2008 жылы Еркебұлан Шынәлиевті жартылай финалда төрешілер тоқтатты. Ол шаршы алаң иесі Жаң Сяопиңмен тең жұдырықтасты, тіпті басым да болды. Алайда 4:4 есебімен аяқталған жекпе-жек Сяопиңнің қанжығасында кетті.

Ал 2012 жылы – Лондонда, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Әділбек Ниязымбетов финалда жұдырықтасты. Әрине, Лондон додасында оны ешкім финалда жеңілді дей алмас еді. Ресейлік Егор Мехонцевпен «майданның» қорытынды есебі 15:15 болды да, төрешілер Егорға бүйрек бұрды. Ал Рио финалында Әділбек ежелгі қарсыласы Хулио Сесар ла Крустан мысқал кем болған жоқ. Жеңімпаздар тұғырында тұрып көзіне жас алған кезде, қазақ оғланы Ниязымбетов бұйырмай кеткен алтынға ғана емес, оның Рио рингіндегі алымына күмән келтіргендерге де налыған болар.

Әлем чемпионаттарында 2005 жылы – Ердос Жаңабергенов (алтын), 2007 жылы Еркебұлан Шынәлиев (қола) дәл осы салмақта қазақ байрағын желбіреткені есімізден шығар ма?

Осылайша, Әділбек 81 келі салмақтың қазақ ұландарына тән дәреже екенін анық дәлелдеді. Иә, ол әлем чемпионаттарының финалында да екі рет жеңілді. «Мен Алтынбек емес, Күмісбек шығармын» деп қалжыңдайтыны да содан. Бірақ боксқа белсене кіріскен жылдары – көзінің жарақатынан, оны емдеп оралған соң арқа жарақатынан қиналған батырдың бағындырған биігін бәрібір олқы дей алмаймыз.

Әділбек биыл Жакартада (Индонезия) өткен Азия ойындарында өнер көрсетуге тиіс еді. Алайда жарысқа бір ай қалғанда бағдарлама кестесінен 81, 91 және +91 келі салмақ дәрежелері алынғаны мәлім болды. Сөйтіп, Әділбек өзі атой салуға тиіс додадан шет қалды.

Ниязымбетовтің өзіне салса, әлі де шаршы алаңның шаңын шығара берер еді. Бірақ биыл ол Оңтүстік Кореяға барып арқа жарақатын емдеткенде, жергілікті дәрігерлер оның спортпен белсенді айналысуына тыйым салды. «Белімнің қазіргі жағдайымен спортта жүре беруге болмайтынын қатаң ескертті» дейді ол. Жасындай жарқыллап тұрған 29 жасында спорттен кету оңай болмас. Жақсылық ағасы (Үшкемпіров) дәл сол жасында олимпиада чемпионы атанып еді ғой. Дегенмен болашақты да ойлау керек. Ел намысы үшін барын берген батырға жанкүйерлік ықыласымызды білдіріп, алғыс жаудырғанымыз жөн болар.

Әділбектей жарық жұлдыздың бағын ашып, бокс білігін сіңірген бапкерлері Жеңіс Жарылғаповқа, Марат Жақиевке де рақметіміз орасан. Бірі – Ниязымбетовті ересектер боксына ауысу жолымен жақсы алып өтсе, екіншісі әлемдік биіктерге жетеледі. Тіпті Марат ағасы Орынборға көзін емдеуге де өзі апарып, ағасындай қамқор болғаны да осы күні аңызға бергісіз әңгіме.

Ал 91 келі салмақ дәрежесінде қазақ жанкүйерлерін талай қуантқан, әлем чемпионатына қатысып, Бүкіләлемдік бокс сериясында «Астана арландарының» сапында жарқылдаған Антон Пинчук те бокстан қол үзбекші. Бір кездері дәл осы 91 келі біздің бокстың осал тұсы болатын. Пинчук пен Левит бұл салмақты тым биік дәрежеге көтерді.

Ендеше, қос батырға – Әділбек Ниязымбетов пен Антон Пинчукке өмірдің барлық өрінде жеңіс тілейміз. Қазақ боксының жылнамасында олардың есімі мәңгіге жазылып тұрғаны сөзсіз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here