Қазақстан жастар құрамасының бұрынғы капитаны, «Оле Бразил» академиясының түлегі Равкат Аслан мамыр айында премьер-лигадағы елуінші кездесуін өткізді. Сәл кейінірек бұл көрсеткішке Берік Шайықов та («Ақжайық») жетті.

Жалпы, Бразилияның «Оле Бразил»  және «Ботафого» футбол академияларында білім алған жастардың қазіргі жағдайы нешік? Қаншасы футбол ойнап жүр, нешесі өмірден басқа жол іздеп кетті? Дәстүр бойынша осы түлектердің спорттағы ғұмырына шолу жасап көрейік. Естеріңізде болса,  statsport.kz порталы бразилиялық академия түлектерінің тағдырын тұрақты түрде жазып келеді («Бразилияда оқыған балалар дарынсыз ба?«, «Бразилиялық балалар» қашан жігіт болады?»)

Алғашқы кезек: 26 жігіттің оны ғана ойнап жүр

«Оле Бразил» академиясында әуелі 1994 жылы туған балалар оқыды. Олар 2009-2012 жылдар аралығында білім алып, елге оралды. Оларға мемлекет мейлінше жағдай жасап, Астанада «Бәйтерек» командасын ашты. Спорт және дене шынықтыру агенттігінің, кейін мәдениет және спорт министрлігінің құрамында болған команда 2016 жылы тарап тынды. Содан бері «бразилиялық» балалар өз күнін өзі көріп жатыр.

Футболдан қол үзгендер: Евгений Ялфимов, Армас Құрманәлі, Азамат Серікұлы, Фархат Жәнібеков. Ялфимов өзінің сәтсіздігі сол кездегі «Ақтөбе» командасының басшылығына байланысты екенін бірнеше рет айтты, бірақ өзі басқа командаларда бағын сынап көрген жоқ. Армас 2013 жылы «Іле-Сәулетте» ойнады, Азамат «Бәйтеректен» кейін ешбір командадан көрінбеді. Фархат екі тізесінен бірдей ауыр жарақат алып, футболдан алыстады.

Қайда жүргені белгісіз түлектер: Әбдімәлік Сәрсенбаев, Мұрат Қаламбеков, Айбек Мірабзалов, Мұрагер Берікқазиев, Тимур Бахриден, Әсет Сексенбаев, Мұхтар Қалымбетов, Серікболсын Кененов, Алмат Тілеуқабылов, Қуат Мырза. Әбдімәлік 2014 жылы «Лашын» командасы тараған соң, футболдан қол үзген сияқты. Мұрагер 2015 жылы «Спартактың» (Семей) қосалқы құрамында ойнады, содан бергі дерегі белгісіз. Бахриден 2015 жылы – «Оқжетпестің», Сексенбаев – «Жетісудың», Кененов «Тобылдың» қосалқы құрамында болды, одан кейін жасыл алаңдарымыздан төбе көрсетпеді.  Тілеуқабылов 2016 жылы І лигадағы «Байқоңыр» командасында ойнады, 2017 жылдан бері қайда жүргені белгісіз. Қалымбетов (2015 жыл – «Бәйтерек»), Қаламбеков (2016 жыл – «Бәйтерек»), Павленок (2016 жыл – «Екібастұз»), Мірабзалов (соңғы рет 2014 жылы «Бәйтеректе» ойнады) сияқты түлектер соңғы екі-үш жылда ешбір команда құрамына тіркелмеген. Мырза биыл «Қыран» сапында ойнайды деген дерек пайда болды да, кейіннен расталмады. Оның Шымкентте тұрып жатқаны ғана мәлім. Өткен маусымды «бразилиялық жігіт» «Қыран» сапында өткізді.

Футболдан орын тапқандар: Виктор Павленок. Бұл футболшы 2012-2013 жылдар аралығында – «Бәйтеректе», 2014-2016 жылдары «Екібастұзда» ойнады. Қазір ол «Қайраттың» бапкерлер құрамының аудармашысы болып жүр. 2015 жылы ел кубогында 1 гол соқты.

Жарақатына байланысты әзірше шеттеп жүргендер: Рауан Сариев. 2015 жылы «Ордабасы» сапында 11 ойынға қатысқан соң, «Оле Бразилдің» ең дарынды түлегі көкжиектен көрінбей кетіп еді. Биыл ол үлкен футболға оралуға әрекеттеніп көрді, алайда тізесінің айқыш байланыстырғыштарын үзіп алып, ота жасатты. Қайта талаптанып көруі де мүмкін.

Биыл бірінші лигада ойнап жүргендер: Олжас Ілиясов, Аслан Сүлейменов («Екібастұз»), Мирас Төлеев («Оқжетпес»). Ілиясов «Екібастұзға» биыл ауысты, ол бұған дейін «Тобыл», «Болат», «Гефест», «Қайсар», «Қызылжар» командаларында ойнады. Сүлейменов 2012 жылдан бері І лигада тұрақты ойнап келеді. Төлеев өткен маусымда «Атырау» сапына тіркелгенмен, премьер-лигада ешбір ойынға қатыспады. Биыл «Оқжетпес» намысын қорғап жүр.

Премьер-лига командаларының қосалқы құрамында ойнап жүргендер: Шыңғыс Сапарбекұлы («Ақжайық»),  Бағлан Бөрібай («Жетісу»).

Премьер-лигада ойнап жүргендер: Рафкат Аслан («Атырау»/«Ертіс», 17 ойын), Берік Шайықов («Ақжайық», 28 ойын, 1 гол), Абылайхан Дүйсен («Шахтер», 8), Магомед Парагульгов («Қайрат», 11, 1), Алексей Родионов («Атырау», 9, 2). Аслан мен Шайықовтың премьер-лигада тұрақты ойнап жүргеніне көз үйрене бастады. Парагульгов былтырдан бері ғана қайта оралды. Дүйсен «Астананың» негізгі құрамынан орын таппаған соң, Латвияның «Спартак» командасына барып келді. Биыл «Шахтерге» ауысып, Қазақстан кубогы жолындағы кездесуде негізгі құрамда алаңға шықты. Негізгі қақпашы Игорь Шацкий жарақаттанған соң 9 ойынға қатысты. Родионов екі жыл үзілістен кейін футболға қайта оралды. Ол бұған дейін «Астана» сапынан орын табуға тырысқан еді. Соңғы турларда Алексей ойынға екінші таймнан араласып, екі гол соқты. Бірінші гол «Атырауға» жеңіс әкелді («Қызылжар» — 3:2), екінші гол тең ойынға жол ашты («Қайсар» — 2:2).

Қорыта келгенде:

2012 жылғы алғашқы түлектердің 15-і – футболдан қол үзген немесе белсенді түрде футболмен айналыспайды. Бұл – 26 түлектің 61,54 пайызы. Яғни тым көп.

Премьер-лигада ең көп ойын өткізген түлек – Б.Шайықов (69).

Ең көп гол соққан – Р.Сариев (3).

Ұлттық құрама мүшесі – М.Парагульгов (2 ойын).

«Оле Бразил» академиясының алғашқы түлектері 2012 жылдан бері Қазақстан премьер-лигасында 205 (Шайықов – 69, Аслан – 65, Төлеев – 36, Парагульгов – 19, Родионов – 15, Ілиясов – 1) кездесу өткізді, қарсыластар қақпасына 10 (Сариев – 3, Шайықов – 2, Родионов – 2, Парагульгов – 2, Төлеев – 1) гол соқты.

Екінші кезек: үш жігіт қана дерексіз

Бразилияға екінші кезекпен 1997 жылы дүниеге келген ұландар аттанды. Олар 2012-2015 жылдар аралығында білім алып, «Ботафого» академиясында оқыды.

Екінші кезекте барғандардың басым бөлігі бүгінде бірінші және екінші лигаларда ойнайды. Бұл, әрине, көңіл көншітетін дерек емес. 26 жас футболшының ішінен кәсіпқой командада ойнамағаны – біреу ғана. Ерназар Құмар Бразилияға «Франкфурт» (Германия) командасының шәкірті ретінде аттанып, елге оралған соң көп тұрақтамапты. Ол Ресей астанасы Мәскеудегі Халықаралық қатынастар институтына оқуға түсіп, қазір сол институттың футбол, футзал құрамаларында бой көрсетіп жүр. Яғни Құмар енді өмірден мүлде басқа жол таңдауы мүмкін.

Қайда жүргені белгісіз түлектер: Данияр Дәулетбаев, Қуаныш Мұқанов, Сергей Комаров. Дәулетбаев пен Мұқанов 2016 жылы «Бәйтеректе» ойнады да, бұл команда тараған соң, ешқайда ауысқан жоқ. Бұл үшеуінің қатарына Асқат Садыров, Әбілмансұр Рашетов, Абай Сайфулин және Айсұлтан Сейдахметті қосуға болады. Олар өткен маусымда «Тараз», «Атырау», «Жетісу» командаларының жастар құрамында ойнады, бірақ биылғы маусымда әлі еш команданың хаттамасынан көрінген жоқ.

Екінші лигада ойнайтындар: Мағжан Әбдеш («Рузаевка»), Шыңғысхан Ахласов, Әлібек Батырбеков, Демият Сыламбеков («Жетісу»-Б), Рүстем Әбдіразақов (ЦСКА), Руслан Әлімбаев («Шахтер»-Б), Айболат Мәкуов («Атырау»-Б), Жасұлан Шубаев («Тобыл»-Б), Фарух Мірсәлімбаев, Бекжан Тоқтарбай («Оңтүстік академиясы»), Болат Тыныбек («Қыран»-Б).  Премьер-лига командаларының жастар құрамында ойнап жүрген Әлімбаев, Сыламбеков сияқты футболшылар бас лигада кез келген турда алаңға шығуы мүмкін. Мысалы, Әлімбаев өткен жылы «Шахтер» сапында премьер-лигада 7 ойынға қатысты, биыл 5 кездесуде алаңға шықты.

Бірінші лигада ойнайтындар: Мейіржан Қамбыл («Мақтаарал»), Айдар Хуснадинов, Олжас Мұқанов, Айсабек Сәрсенғалиев, Мақсат Тайкенов («Каспий»). Қамбыл «Мақтааралдың» көшбасшыларының бірі саналады.

Шетелде ойнайтындар: Владислав Васильев. Бұл футболшы 2016-2017 жылдары премьер-лига ойындарына тәп-тәуір қатысты. 2015 жылғы түлектер арасында бас лигада ең көп ойнаған да – осы Васильев. Биыл ол Беларусь бірінші лигасындағы «Энергетик-БГУ» командасында ойнайды. Биылғы маусымда 24 матчқа қатысып, 4 гол соқты.

Премьер-лигада екінші кезектің түлектерінен қазір Едіге Оралбай ғана өнер көрсетіп жүр. Жас шабуылшы «Ақжайық» сапында 4 кездесуге қатысты.

Қорыта келгенде:

2015 жылғы 26 түлектің сегізі – қазір футбол әлемінен тыс немесе уақытша көрінбейді (30,77 пайыз).

Премьер-лигада ең көп ойын өткізген және ең көп гол соққан – В.Васильев (22 ойын, 1 гол).

Ұлттық құрама мүшесі – жоқ.

«Ботафого» академиясының түлектері 2015 жылдан бері премьер-лигада 39 (Васильев – 22, Әлімбаев – 12, Оралбай – 4, Сыламбеков – 1) кездесуге қатысты, қарсыластар қақпасына жалғыз гол соқты.

Бастама нәтиже бермеді ме?

Спортта деректің маңызы зор. Ендеше 2009 жылдан бері Бразилияда оқыған 52 жастың алтауы ғана премьер-лигада ойнаса, біреуі ғана ұлттық құрамаға кандидат болса, бастама сәтсіз болды деуімізге болатындай. Әуелі 17-18 жасында елге оралған футболшылардың сүйегі қатайсын дедік. Бірақ бірінші кезектің түлектері қазір 24-ке толып жатыр. Футболда бұл жас – не болатын, не бордай тозатын кезең. Сондықтан «Оле Бразил» академиясында тәлім алған 26 жастың нәтижесі өте төмен деп баға беруімізге болады. Салыстыра қарағанда, Қазақстан премьер-лигасында Рауль Жәлелов, Руслан Валиуллин, Марсель Исламқұлов, Григорий Сартаков сияқты 24 жастағы тәп-тәуір танымал ойыншылар бар. Олар мұхиттың арғы жағынан футбол сырына қаныққан жоқ, дегенмен ел біріншілігінде ешкімнен кем бағаланбайды.

Екінші кезектегі түлектерден де күткеніміз көп еді. Бірақ премьер-лигада олардың жалғыз ғана өкілінің болуы да көңіл көншітпейді. Әуелдегі жоспарымыз да, ниетіміз де тамаша еді: Бразилияда оқып келгендер әуелі – жастар құрамасының, одан кейін ұлттық құраманың тірегі болуға тиіс еді. Іс жүзінде жағдай керісінше болып шықты.

Дегенмен ешкімнің болашағына ешкім барып келе алмайды. Мүмкін, осы бір сәтсіздеу экспериментіміз ақыры жемісін берер. Премьер-лигада небары 12 команда бар, соңғы 3-4 жылда соның екеуі ғана («Астана» мен «Қайрат») чемпиондыққа таласады, басқалары үшін – еурокубокқа іліну және лигада қалу ғана басты мақсат. Мұндай жағдайда жастарды өсіріп, оларды от пен суға кезек салып шыңдауға командалардың уақыты да бола бермейді. Одан гөрі П.Твумаси, Л.Кляйнхайслер (екеуі де 1994 жылы туған) сияқты дап-дайын легионерлерді шақыру әлдеқайда пайдалы болар, кім білсін…

Бразилияда оқыған үшінші лек те биыл елге оралды. Олардың әр басқан қадамын мұқият қарап, қадағалап отыратынымыз күмәнсіз.

1 ПІКІР

  1. Болат Сәрсенбаев.

    Бразиллия жобасы сәтсіз шықты. Кыруар ақща шашып боркөтен байшыкештерді оқыту бекер. Шын таланттар орнын, пара араласқан жалқау гимназистер басқан. Бұл белгілі анық жай. Тек ақырып тұрып жөн сұрайтын федерация басщылығы ,спорт басшылары жоқ. Бізде Бородюк секілды дарынсыз шылғауды Қазақстанға әкеліп, жарты жалақысын өзі жеп отыратын спорт басшылығы тұрғанда еш нәрсеге таң қалуға болиайды. Спортқа жагы ащитын Өзбекәлі Жәнібековтей жан дуниесі ұлтым деп соғатвн тұлға керек ақ. Топ бастайтын серке керек. Қайран Несіп ағамыз. Осындайда білінеді биіктігің. Қазақ доп тебе алмайды деген пікірдің быт-шытын шығарған еді.