Ұлттар лигасы. D1 тобы

10 қыркүйек

Андорра – Қазақстан – 1:1 (Алаес, 86 – Логвиненко, 68)

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында өз тобынан шыға ала ма? Әрине, азды-кем мүмкіндік әлі де бар. Грузия Андоррамен тең ойнаса, Латвияға сырт алаңда есе жіберсе, қарашадағы қарымта кездесуде Қазақстаннан ұпай ала алмаса… ең бастысы, ендігі төрт кездесуде біздің құрама 12 ұпай қанжығаласа… Осынша есеп-қисапты шетке ысырып қойып, «топтан шығуға еш мүмкіндігіміз жоқ» деп қазірден-ақ айтуға болатын сияқты. Андоррамен кездесу осындай ойға жетеледі.

Еуропа футболының есігінен әзер сығалап жүрген Андорраны неге жеңе алмадық? Ойыннан бергі үш күн ішінде еліміздің ақпарат құралдарында жарық көрген түрлі сараптаманы салмақтай отырып, пікірлермен келісетін де, келіспейтін де тұстар бар екенін шамаладық.

Бірінші пікір – «бізде шабуылды аяқтайтын шабуылшы жоқ» дегенге саяды. Келісеміз, қазақ футболында қазір тепкені голға айналатын мерген жоқ. Соңғы рет Мұрат Тілешев 2009 жылы премьер-лигада бас мерген атанды, содан бері тек легионерлер сол көшті бастап келеді. Ал құрамаға шақырылған Алексей Щеткин соңғы сегіз жылда бір-ақ рет (2017) 10 гол соқты. Бауыржан Тұрысбек те мерген шабуылшы санатына жатпайды. Роман Муртазаев «Астанада» жартылай қорғаныстың сол қапталында ойнайды. Еркебұлан Сейдахмет қанша талантты болса да, жоғары деңгейде қазірге дейін екі-ақ гол (Қазақстан премьер-лигасында – 1, ұлттық құрамада – 1) соқты. Жарақатынан жақында жазылды, қазір «Уфаның» жастар құрамында жүр. Демек, бізде шабуылшы – жоқ! Бірақ шабуыл шебі жартылай қорғанысқа тікелей тәуелді екенін неге ұмытып кете береміз? Андоррамен кездесуде алда жүрген Щеткиннің аяғына қай футболшымыз керемет пас шығарып берді? Ешкім де! Онсыз да арасына адам сыналап кіру мүмкін емес Андорра қорғанысына Алексей еш амал жасай алған жоқ. Оның басты кінәсі – допты үнемі қақпаға теріс қарап тұрып қабылдайды. Андоррамен ойында әлде Бауыржан Исламханды, әлде Серікжан Мұжықовты «еркін суреткер» ғып жіберу қажет еді. Исламхан қайта-қайта доп іздеп артқа шегінумен болды, негізгі орны – Щеткиннің желке тұсына тым аз барды. Ендеше, шабуылшыларды сынай бермей, оған пас жеткізіп беретін ұйымдастырушының болмағанын мойындайық.

Екінші пікір – «қорғанысы мығым командаларды жеңу өте қиын». Андорра тайлы-тұяғымен қорғаныста шалқалап жататыны о бастан-ақ мәлім болды. Осыны біле тұрып, бас жаттықтырушы С.Стойлов мырзаның қос қапталға шабандау ойыншыларды қойғаны таңдандырады. Ойын соңына дейін сол қапталдағы Муртазаев та, оң қапталдағы Тұңғышбаев та айып алаңына қарадүрсін пас көтеруге де қабілетсіздік танытты. Андорралықтардың орта тұстан тышқан өткізбейтіні мәлім болған соң, қос қапталдан пас әуелетуден нәтиже шығар ма еді, кім білсін? Логвиненко да голды сондай эпизодтан кейін, бұрыштан көтерілген допқа бұрын жетіп соқты емес пе?

Үшінші пікір – «неге біздің құрама допты артқа жиі тастай береді?» Шынында да, неге? Орталық алаңдағы Қуат та, Исламхан да, Мұықов та қайта-қайта Логвиненко мен Постниковке қайтара берді, қайтара берді. Себебі түсінікті: жартылай қорғаушылар бестігі мен алдағы жалғыз шабуылшы Щеткин арасындағы алшақтық тым үлкен. Исламхан артта жүріп, Щеткинге пас тастаса, оны қарсылас дереу іліп әкетеді. Андорралықтар да ақымақ емес: Исламханның негізгі ұйымдастырушы екенін жақсы біліп, оны айып алаңына жақындатпауға қатты тырысты. Нәтижесінде, қазақстандықтар орта тұстан есте қалатын бір де бір шабуыл жасай алған жоқ.

Төртінші пікір – «бізде алыстан дәл соққы жасайтын футболшы жоқ». Иә, ойын барысында Мұжықов, Қуат, Исламхан кемінде төрт рет алыстан қақпаны көздеп көрді. Мұжықовтың бір соққысы ғана биік ұшты, қалғанының бәрі қарсылас қақпашыға баяу жетті, ұстап алуға ыңғайлы траекториямен және салмақпен жетті.

Бесінші пікір – «қандай жағдайда да біздің футболшылар шектен шықпауға тиіс». Келісеміз. Доптан айырылып қалған соң, Мұжықов Алаеске тиіспей-ақ қысым жасауға тиіс еді. Шындығында, алаңнан қуылатын сәтте Серікжан сондай қатты дөрекілік көрсеткен жоқ. Бірақ оған дейін бір ескертуі барын жақсы біледі, барынша мұқият болуға тиіс еді. Дегенмен орталық алаңдағы бір ойыншысынан айырылса да, біздің құрама жеңісті уыстан шығармауға міндетті еді…

Енді Қазақстан құрамасы 13 қазанда сырт алаңда Латвиямен ойнайды. Латыштар да «жаралы»: олар Андоррамен өз алаңында тең ойнады, Тбилисиде грузиндерден жеңілді. Оларға да, бізге де шегінер жер қалған жоқ.

kff.kz фотосы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here