9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пьенчан қаласында ХХІІІ Қысқы олимпиялық ойындар өтеді. Онда 7 спорт түрінен (оның ішінде 15 спорттық бағдарлама) 98 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Ақ олимпиадаға 84 елдің спортшылары қатысады деп күтіліп отыр. Оның ішінде екі жаңа ел бар – Косово мен Эритрея.

Сочи олимпиадасынан кейінгі үлкен допинг дауынан соң Ресей олимпиялық құрамасы Пьенчан додасынан шеттетілді. Енді олимпиадаға жолдама алған ресейлік спортшылар бейтарап ту астында өнер көрсетеді.

Олимпиада астанасы Пьенчан қаласы – Канвондо провинциясының орталығындағы қала. Ол уезд орталығы болып саналады. 2015 жылғы санақ бойынша қалада 40 427 адам тұрады. Қала Тебексан тауының баурайында орналасқан. Қысқы олимпиадаға орай Пьенчанда «Альпензия» шаңғы кешені, «Йонпен» тау шаңғысы орталығы, биатлон кешені, «Чунбон» стадионы, шаңғымен тұғырдан секіру орталығы, сноуборд пен фристайлға арналған «Пугван Феникс Парк» бағы, шана-бобслей трассасы іске қосылды.

Қазақстан қысқы олимпиадаға жетінші рет қатыспақ.

1994 жылы Лиллехаммерде (Норвегия) шаңғышы Владимир Смирнов олжа салды. Ол 10 және 15 шақырымдық жарыстарда 2 күміс жеңіп алды. Олимпиада тәмамдалар тұста Смирнов 50 шақырымдық марафонда ең жоғары нәтиже көрсетіп, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш олимпиада алтынын иеленді.

1998 жылы Наганода (Жапония) В.Смирнов пен конькиші Л.Прокашева ел қоржынына 2 қола медаль салды.

2002 жылғы – Солт-Лейк-Сити (АҚШ), 2006 жылғы Турин (Италия) олимпиадаларында отандастарымыз жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ.

2010 жылы Ванкуверде (Канада) биатлоншы Елена Хрусталева 15 шақырымдық жеке жарыста күміс медаль иеленді.

2014 жылғы Сочи (Ресей) олимпиадасында мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен жеке жарыста қола медаль жеңіп алды.

Демек, осы 7 олимпиадада Қазақстан 1 алтын, 3 күміс және 3 қола, барлығы 7 жүлде иеленді.

Пьенчан олимпиадасында отандастарымыз табысқа жете ала ма? Бұл сында Қазақстан спортшылары 9 спорттық бағдарламада жарыс жолына шығады. Жиыны 60 жолдама иелену жоспарымызда тұр.

Медаль мәселесінде үмітімізді арқалаған бірнеше спортшы бар.

Ең алдымен, фристайлшылар Дмитрий Рейхерд пен Юлия Галышевадан жеңіс күтуге болады. Екі спортшы да Сочи олимпиадасында үздік алтылыққа енді. Одан бергі 4 жылда екеуі де әлемдегі үздік могулшылар сапындағы орнын нықтай түсті. Галышева өткен жылдың желтоқсан айында Қытайда өткен әлем кубогы кезеңінде күміске қол жеткізсе, Рейхерд 7 қаңтарда Канаданың Калгари қаласындағы әлем кубогы кезеңінде екінші нәтиже көрсетті.

Шаңғышы Алексей Полтораниннің де кейінгі жетістіктері жаман емес. Ол Сочи олимпиадасынан кейінгі тасада қалып, 2015 жылдан бері ешбір жарыстың жеңіс тұғырына көтерілмеген-ді. Ал Пьенчан қарсаңында Полторанин қайта түлегендей көрініп отыр. Ол «Тур де Ски» көпкүндігінің Ленцерхайдеде (Швейцарияда) өткен кезеңінде 15 шақырымдық жалпы жарыста (классикалық стиль) мәреге екінші  болып жетсе, күні кеше ғана Валь-ди-Фьеммеде (Италия) дәл осы бағдарламада топ жарды. «Тур де Ски» қорытындысында Алексей төртінші орын иеленді. Демек, Полтораниннен де зор үміт күтуге болады.

Фристайл акробатикасынан Жанбота Алдабергенова, шорт-трекші жігіттеріміз де Пьенчанда қара көбейтуші емес, жүлдеге таласушы болатынына сеніміміз мол. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен де тәжірибесін молайтты. Элизабет Тұрсынбаева есімді қарлығашымыз да мәнерлеп сырғанаушы қыздардың үздіктер қатарына еркін еніп жүр.

Ендеше, биылғы ақ олимпиаданы ерекше ықыласпен күтеміз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here