Мәскеуде (Ресей) Кремль сарайында 2018 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңінің жеребесі тартылды. Осы рәсімнен фоторепортаж ұсынамыз. Материалға түрлі ақпарат агенттіктерінің, жеке қолданушылардың фотолары пайдаланылды.

Дайындық

Джанни Инфантино ФИФА президенті ретінде алғашқы финалдық жеребе өткізіп отыр.

Әлем кубогын жұрт алдына әлем чемпионаттарының бас мергені (16 гол), 2014 жылғы әлем чемпионы Мирослав Клозе алып шықты.

Жеребе тартушылар да — кіл ығай-сығай. Мысалы, Англия құрамасының аңызға айналған қақпашысы Гордон Бенкс.

2010 жылғы әлем чемпионатының үздік футболшысы, бас мергені (5 гол) Диего Форлан да, «тақырбастан сүйгіш» әлем чемпионы (1998) Лоран Блан да шараның ажарын кіргізді.

1956 жылғы олимпиада чемпионы, 91 жастағы Никита Симонян, аңыз адам Диего Марадона 32 жүйріктің тағдырын шешушілер қатарында болды.

Рейтингтеріне қарай 32 құрама жеребе алдында 4 қоржында тұрды.

Симонян Бразилияға Е тобының көшін бастатты.

Екі дүркін әлем чемпионы (1994, 2002) Кафу Иран құрамасын «көршілердің» қасына қосты.

Ирандық телекөрермендер жеребе қарсаңында жүргізуші Мария Команднаяның әлеуметтік желідегі парақшасын өтінішпен толтырып тастады. Егер Мария жеңіл, ашық-шашық киінсе, парсы елінде трансляция үзіліп тасталуы мүмкін еді. Командная мұсылман азаматтардың тілегін толықтай болмаса да ескергендей. Ол Англия құрамасының аңызы Гари Линекермен бірге жеребені жақсы өткізді.

Марадонаның қолы Англия үшін ешқашан жеңіл болған емес еді. 1986 жылы ағылшындар қақпасына гол соққан «Құдайдың қолы» бұл жолы Англия құрамасын жеңіл топқа жетелеген секілді. Десе де бас бапкер Гарет Саутгейттің қабағы ашыла қойған жоқ.

Ресей тағы жеңіл топқа түсті ме? Басты қарсыласы Уругвай болатынына бас бапкер Станислав Черчесов разы сияқты. Мұртынан күліп отыр, әйтеуір…

2006 жылғы әлем чемпионы, әлемнің үздік футболшысы Фабио Каннавароның жеңісті жолын бүгінгі ізбасарлары жалғастыра алмады. Италия құрамасы 60 жылдан кейін әлем чемпионатына қатыса алмайтын болды. Десе де Каннаваро даңқты Италия футболының өкілі ретінде жеребеге қатысып, Сербия құрамасын Бразилия бастаған топқа бағыттады.

Ендігі сөз (әрекет, ерлік, ақталу, дағдарыс, жеңіс, марапат) — бас жаттықтырушыларда.

Жұрт күткен жеребе қорытындысы мынадай:

Жеребе соңы. Енді суретке түсуге болады. Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Бородюк Пелемен суретке түсуге кезек күтіп тұр-ау, сірә…

2018 жылғы мундиаль Ресейдің 11 қаласындағы 12 стадионда (Мәскеуден — 2) өтеді.

2014 жылғы әлемдік додада Германия топ жарған еді. Енді қай құраманың жұлдызы жанар екен?