Шөген десе, көз алдымызға кішкентай қазан елестейтін. Бұл, әрине, біздің білместігіміз емес. Өмір салтымыздың тым жаңарып кеткендігінен.
Екі жыл бұрын Қазақстанның ақпарат кеңістігі дүр ете қалды. Бүкіл әлем поло деп білетін ойын біздің елде де қолға алыныпты. Алынғанда да, жаңғыртылыпты. Жаңғыртылғаны несі, ол Еуропа ақсүйектерінің ойыны емес пе? 2012 жылы Қазақстанның поло (шөген) федерациясы құрылып, 2014 жылдан бері белсене жұмысқа кірісті. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау аясында Тараз қаласында Қазақстан шөген федерациясының тұсаукесері өтіп, отандық командалар арасында ойын өтті. Осы шаруаның басы-қасында Қазақстан шөген федерациясының вице-президенті Сәрсен Құранбек мырза жүрді. Жоғарыдағы сұрағымызды Сәрсен мырзаға көлденең тартқанымызда, іскер азамат бізге Халықаралық поло федерациясының ресми сайтындағы мына жазбаны көрсетті:
«Поло өзінің бастауын көне замандардан алады. Тарихи деректерде бұл ойын парсы жұртына «шоған» («шөген») деген атпен танымал болғандығы, 2500 жылдай уақыт бұрын ойнағандығы айтылады. Олармен қатар қытай халқы да бірнеше мың жылдарға шегіне отырып, полоның дәстүріне иелік еткісі келеді. Қалай дегенде де, осынау көне өркениеттердің бәрі де бұл спортты шығысында Ұлы Қытай қорғаны мен батысында Каспий теңізінің аралығын мекен еткен, тыныс-тіршілігі жылқы мен ерге байланысты болған Орталық Азияның көшпенділерінен алғандығына күмән жоқ» делініпті ол жазбада.
Міне, халықаралық федерация сілтеген осы нұсқаны негізге ала отырып, А.Мамытбеков басқаратын Қазақстан шөген федерациясының қызметкерлері ізденіске бой ұрды. Соның нәтижесінде ат полосының шыққан өзегі шынында да Ұлы дала екені сан түрлі деректермен дәлелденді.
Күні кеше Қазақстан шөген федерациясы Алматы қаласында баспасөз мәслихатын өткізді. Жоғарыдағы деректердің бәрін айта отырып, С.Құранбек тарихи санамыздың жаңғыруына белгілі филолог-ғалым, этнограф Асқар Егеубаевтың ерекше еңбек сіңіргенін атап өтті. А.Егеубаев 2000 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің №52 санында шөген туралы көлемді мақала жариялап, бұл ойын жайлы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» мен Махмұт Қашқаридың «Түркі тілінің сөздігінде» жазылғанын келтіреді. Этнограф-ғалым Қалиолла Ахметжан бұл пікірді одан әрі індетіп, қазақ жеріндегі шөгеннің пайда болу тарихы Тарғытай заманына кететінін дәлелдеді. Ендеше, өз қазынамыз өзімізге оралды деуге толық негіз бар.
Баспасөз мәслихатында «Munich Gold Cup 2017» (Мюнхен, Германия, 25-28 мамыр аралығы) халықаралық турнирінде Қазақстанның намысын қорғайтын «Astana Polo Club» және «Almaty Polo Club» командаларының таныстырылымы болды. Екі команданың басшылары Айдын Жәкежанов пен Валерий Цаликов шөгеншілерді таныстырып, олардың аз уақытта тамаша нәтижеге қол жеткізгенін қызықтыра баяндады. Мысалы, «Astana Polo Club» командасының үздік ойыншысы Құрманбек Тұрғанбек аз уақытта әлемдегі үздік полошылар қатарына қосылыпты. Ол қазір әлемдік полошылар рейтингінде +4 деңгейіне жеткен әзірше жалғыз отандасымыз болып отыр. Мәслихатты ұйымдастырушылар мұндай табыстың кездейсоқ еместігін айтады. Көшпенділер ұрпағы қанында бар өнермен қайта табысқанда, оны мүлде жаңа өнер ретінде емес, бұрыннан ойнап жүргендей әсер қалдырған.
Қазір елімізде 6 облыста поло федерациясының өңірлік өкілдіктері бар. 6 команда арасында ұлттық чемпионат та өткізіліп тұрады. Ең қызығы, қазақтың жабы тұқымды жылқысы шөген ойынына табиғатынан жақын екенін де ұлттық федерацияның азаматтары дәлелдеп үлгеріпті. Мысалы, өткен жылы елімізге жарысқа келген швейцариялықтар бізден 2 атты 10 мың доллардан сатып алуға қатты ықылас білдірген. «Біз ол аттарды базардан сатып алғанбыз» дейді В.Цаликов. Қазір Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытынан және еліміздің әр аймағынан аттар арнайы сатып алынып, бапталып жатыр. Олардың шөген ойынына қажетті түрлі әбзелдері әуелі Түркиядан әкелінсе, енді өз елімізде өндіру де қолға алынып жатыр.
Командалардың табысы да жаман емес. «Astana Polo Club» командасы 2016 жылы Аргентинаның Лухан қаласында өткен халықаралық турнирден I орынмен оралған болатын. Сондай-ақ, 2017 жылы Аргентинадағы «Santa Catalina Summer Cup» және «Torneo Summer Polo Match» халықаралық турнирлерде біздің командалар шетелдік шөгеншілерді басып озып, I орыннан көрінді. Биыл өз елімізде өткен «Almaty Snow Polo Cup» халықаралық додада да I орын өзімізге бұйырды.
Ал 2017 жылы Аргентинаның Лухан қаласындағы халықаралық сайыста «Almaty Polo Club» бірінші орынға шығып, ең үздік командалардың қатарына қосылды.
Қазір полоны әлемнің 80-нен астам елінде ойнайды.Ұлыбритания, Испания, Италия, Франция, Германия, Пәкістан, Үндістан, БАӘ, Аргентина, Мексика, Бразилия, АҚШ, Австралия, т.б. елдерде поло өте танымал. Аргентинада оны ұлттық ойын деп санайды. Бұл елдегі әлемге белгілі А.Камбьяссо есімді ойыншының жылдық табысы бірнеше миллион долларға жетеді. 2014 жылдың желтоқсан айында Буэнос-Айресте (Аргентина) өткен Бас ассамблеяда Қазақстан шөген федерациясы Халықаралық поло федерациясының толыққанды мүшесі мәртебесіне ие болды. Қазақстан шөген федерациясының негізгі базасы – Алматы облысындағы «Ақбұлақ» спорттық-сауықтыру кешенінің жанындағы ат спорты кешені. Мұнда халықаралық турнирлерді, республикалық чемпионаттарды өткізу үшін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін арнайы жабық манеж, қар үстіндегі шөген үшін арнайы алаң мен үлкен көгал бар.
Федерацияның жоспары да үлкен. Қазір «Ақбұлақта» балаларды шөгенге үйрету үшін тегін секция ашылып, жұмысқа кірісіп кетті.
(«Жас Алаш», №42, 25.05.2017)