Дәл бүгiнгi күнi волейбол дүбiрi елiмiздiң халқын футболдай алабөтен күйге бөлей алмаса да, осы өнердiң арғы-бергi тарихына, қазiргi күйiне жан ауыртатын жандар аз емес. Сол жанкүйерлер Октябрь Жарылғапов есiмiн естiсе, елең ете қалары да күмәнсiз. Өйткенi, бүгiнгi волейболымыздың табысын сонау 1950-1960 жылдары Түркiстан түлегi Октябрь Қыдырбайұлы Жарылғапов қалап кеттi.
Соғыс көрген ұрпақтың тағдыр-талайын басынан кешiрген Октябрь аға 1931 жылы 25 қазанда Түркiстан қаласында туыпты. Амал қанша, қазақ спортының жарық жұлдызы Алладан емес, адамнан келген зауал зардабынан 38-ақ жасында бақилық болды.
Шыны керек, кейiнгi ұрпақ Жарылғапов есiмiнен көп хабарсыз. Сөйтсе де, Жарылғаповпен кезiнде бiрге жүрген, тәлiмiн көрген жандарды әңгiмеге тарсаң, Октябрь есiмiн ауызға алғанда бәрiнiң жүзi нұрланып, ерекше шабыттанып, сөзге кiрiседi. Бiзге анық болғаны, Октябрь Қыдырбайұлы – таланты спортшы, бiлiктi бапкер, шебер ұйымдастырушы, өз ұлтын ерекше сүйген ардагер ұл. Өзiңiз қараңызшы, ауылдан Алматыға келген жас жiгiт арада санаулы жылдар өткенде волейболдан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш «КСРО спорт шеберi» атанды, КСРО-ның үздiк 24 волейболшысының сапына кiрдi. Жазушы Сейдахмет Бердiқұловтың «Қанат» атты повесiнде Октябрь Қыдырбайұлының спорт шеберi атану үшiн қандай жiгерлiлiкпен жаттыққаны, жан аямай тер төккенi әдемi суреттеледi. Ол кезде спорт шеберi атану тұрмақ, оны ойлаудың өзi талайға арман едi. О.Жарылғапов осы арманды жүзеге асырды, сөйтiп, арттағы iнiлерiне тамаша жол ашты. Октябрь аға Алматының өз перзенттерiнен жасақталған «Буревестник» командасын құрып қана қоймай, оның одақтық, еуропалық деңгейге жетуiне өлшеусiз еңбек сiңiрдi. Кейiн спорт министрiнiң орынбасары (дәлiрек айтсақ, Қазақ КСР спорт одақтары мен ұйымдары Одағы Кеңесi төрағасының орынбасары) қызметiнде жүргенде де Жарылғаповтың шапағатын барлық спорт түрiнiң өкiлдерi көрдi. О.Жарылғапов 1962 жылы «Қазақ КСР-iнiң еңбек сiңiрген жаттықтырушысы», ал 1967 жылы «КСРО еңбек сiңiрген жаттықтырушысы» құрметтi атағын алды. Октябрь шәкiрттерi ұстазының жеңiстi жолынан тайған жоқ, «Буревестник» сапындағы «октябряттар» алдымен 1969 жылы КСРО чемпионы атағын жеңiп алды, ал  1970 және 1971 жылдары екi жыл қатарынан Еуропа чемпиондары кубогын иелендi.
Қазiр елiмiзде Жарылғапов есiмiн еске салатын жарыс жоқ. 2006 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетiнiң спорт кешенiне Октябрь Қыдырбайұлының есiмi берiлдi. Төменде бiз Октябрь Жарылғапов шәкiрттерiнiң, замандастарының естелiктерi мен көркем шығармадан үзiндi ұсынып отырмыз.

Алғашқы қадам
(Сейдахмет Бердiқұловтың «Қанат» повесiнен үзiндi)
«1951 жылы, сiрә, тұңғыш рет болса керек, «Алматыда волейбол жарысы болады екен» деген жарнамалар iлiндi. КСРО кубогының Орта Азия аймағындағы ақтық айқасы. «Динамо» стадионына келушiлер де едәуiр. Жалпы Қазақстан волейболшыларының жұрт алдында барын киiп, белдемшесiн асынып, шындап шыққаны бұл сапар. Абыройсыздық аяқ астынан емес пе?! Ептеп ел арасында аты естiлiп жүрген жiгiттер Ташкент волейболшыларынан мықтап тұрып ұтылды. Жеңiлген жұртта не күй бар?! Стадионнан тарқағандардың бәрi оқты көздi қадап кетiп жатыр (Ол кезде ел көзiнен таса киiну-жуыну бөлмесi болмайтын). Қабағы қатыңқы топтың ортасынан жырылып шығып, бiр жiгiт айналсоқтап көп тұрды. Волейболшылар қызылшеке болып керiлдесiп, бiрiн-бiрi жер табандатып бiттi. Жөн-жөнiне кетуге айналды. Әлгi жiгiт тартыншақтап келiп, волейболшылардың бiрiн жеңiнен тартты.
– Менi командаларыңызға қоспайсыздар ма?
– Қостық делiк, не бiлесiң?
– Волейбол ойнай бiлемiн.
– Қанша жыл болды ойнағаныңа?
– Бiр жылдан асты.
– Масқара мол екен. Әйтсе де мына бiздiң тобырымызға елiмiздiң астанасынан ат арытып iздеп кеп қосылмас ойыншы. Атың кiм?
– Атым – Октябрь.
– Октябрь?
– Қазақшасы да – Октябрь.
– Жарайды, бiздiң командаға Октябрь шұғыласы бола ғой.
[…] Команда келесi күнi жаттығуға жиналды. Ойыншылардың аңдыған-баққандары – жас жiгiттiң қимылы. Жаттығу соңында ойыншылардың жүзi жылып салғандай болды. «Доп ойнағаныңа қанша жыл болды дедiң сен?» Бұл жолы осы таңданудан басқа тергеу болған жоқ.
Сөйтiп, 1951 жылы күлкiге бай, мiнезге бай, дәйiс қуанып жүретiн Октябрь Жарылғапов келешекте Қазақстан волейболының көз қуанышы болу үшiн алаңға келдi». (С.Бердiқұлов. Таңдамалы. А:«Жазушы», 1991, 61-62 беттер).

«Ол қазақ ұлдарының талантын ашты»
Жанбек Сауранбаев, Жарылғаповтың шәкiртi, даңқты волейболшы:
– «Буревестниктi» құрып, одақтық, халықаралық деңгейге жетелеген – Октябрь Жарылғапов. Ол өз ойын тәсiлi бар, ешбiр командаға ұқсамайтын, ешбiр команданың өрнегiн қайталамайтын команда құруды ойлады. Арада 40 жылға жуық уақыт өттi ғой, мен қазiр де ойланып отырып, Октябрь Қыдырбайұлының талантты таңдаудағы талғамына таң қаламын. Ол әрбiр ойыншының көзге көрiнбейтiн, көңiлмен ғана түйсiнуге болатын дарынын дәл аңғара бiлдi. Әйтпесе, «Буревестникке» келген әр ойыншы әр түрлi болатын, бiр-бiрiне мүлде ұқсамайтын. Бiрақ бiз алаңда жұмылған жұдырықтай қимылдайтынбыз. Бапкерiмiздiң бастамасымен бiз алғаш аптасына үш рет, сосын төрт, алты, сегiз, он рет жаттығатын болдық. Ол кезде ешкiм мұндай жаттығу әдiсiн қолданбайтын. Октябрь Қыдырбайұлы уақытынан озып туған жан едi. Ол кiсiнiң тұсында «Буревестникте» қазақ балалары көп болды. Заңғар Жәркешев, Марат Мәденов, Жанбек Сауранбаев, Еңсебек Иманғалиев… О.Жарылғапов жастығына қарамай, бiздiң қамқор әкемiздей едi. Өз арамызда «папа» дейтiнбiз. 1969 жылы тұңғыш рет КСРО чемпионы атағын жеңiп алдық. Сол жылы Октябрь Жарылғапов дүниеден озды. Бұл кезде ол кiсi спорт комитетi басшысының орынбасары болып қызмет iстейтiн. Оның бастаған iсiн шәкiрттерi, алдымен Марат Мәденов, бiр жылдан кейiн Заңғар Жәркешев жалғастырып әкеттi.

«Өз iсiнiң бiлгiрi едi»
Өмiрзақ Жолымбетов, спорт журналисi:
– Октябрь Жарылғапов спортшы ретiнде де, ұйымдастырушы ретiнде де өте мықты адам едi. Өзi – Түркiстанның перзентi. Қазiргi Саттар Ерубаев атындағы орта мектептi, сол кездегi темiр жол мектебiн бiтiрген. Көрер көзге сүйкiмдi, келбеттi кiсi едi. Бойы шамамен 185-186 см, салмағы 80-85 келi, сымбатты болатын. 38-ақ жасында дүниеден озды…
Мен Октябрь Қыдырбайұлымен қызмет барысында көп кездестiм. Көрген сайын кiсiлiгiне, кiшiлiгiне, адамгершiлiгiне, парасатына тәнтi болатынмын. Ол өз iсiнiң бiлгiрi едi. 1967 жылы Мәскеуде КСРО халықтарының IV спартакиадасы өттi. Ол кезде О.Жарылғапов – республикалық спорт комитетi басшының орынбасары. Жарыс спорттың 25-26 түрiнен өтiп жатты. Күн сайын бағдарламаға сәйкес жарыстар кеш аяқталса да, О.Қыдырбайұлы түнгi 1-2-лерде жаттықтырушылармен жиналыс өткiзетiн. Спорт комитетiнiң сол кездегi басшысы Қаркен Ахметов едi, ол кiсi өзi спортшы болмаған, сондықтан спорттың iшкi астарын бiле бермейтiн-дi, негiзiнен ұйымдастыру шаруаларын мойнына алатын. Сондай жиналыстардың бiрiнде Қ.Ахметов Октябрьдiң сөзiне жиi араласып, «ананы үйту керек, мынаны бүйту керек» деп бүйiрден қосыла бердi. Ақырында оны Октябрь аға тоқтатты. «Сiз идеологсыз. Спортшыларға рухани дем берсеңiз де жетедi. Бұл арада демагогияның керегi жоқ. Спортта табысқа жету үшiн нақты нәрселер айту керек, нақты қатенi көрсету керек» дедi. Байқауымызша, Октябрьдiң бетiне ешкiм қарсы келмейтiн.
О.Жарылғапов өз ұлтын ерекше сүйетiн едi. Оның басшылығымен волейболға, жалпы спортқа қазақ жастары көптеп тартылды. З.Жәркешев, М.Мәденов, Е.Иманғалиев, Ж.Сауранбаев, А.Сұлтанов, Т.Ахметжанов сияқты Жарылғаповтың шәкiрттерi кейiн волейболымыздың туын көкке көтердi. Октябрь таланттарды тап басып тани бiлетiн. Аты аңызға айналған Валерий Кравченконы спартакиадада тәжiк командасынан көрiп қалып, Алматыға шақырды, оны жоғары деңгейге көтердi. Екi дүркiн олимпиада чемпионы Нина Смолееваны өсiрген де – Октябрь Қыдырбайұлы. Октябрь Нинаны ерлермен қатар жаттықтыратын. Алматыдағы қазiргi «Спартак» стадионының маңындағы велотректiң орнында бұрын 3-4 волейбол алаңы бар болатын. Октябрь сонда Смолееваны жiгiттерге қарсы ойнатып, шеберлiгiн шыңдайтын. Нәтижесiнде Нина спортта орасан табыстарға қол жеткiздi.
Халық сүйген адамның өлiмi бәрiмiздiң қабырғамызды қайыстырды. 1967 жылы Семейде ашық ядролық сынақ өтiп, соған Орталық комитет арнайы бригада ұйымдастырды. Ол кезде Д.Қонаев еңбек демалысында едi, оның орынбасары Титов деген кiсi бригада құрамына сол кездегi ДОСААФ бастығы К.Бошаевты, комсомол басшысы Царевтi, спорт комитетi басшысының орынбасары О.Жарылғаповты қосыпты. Әдейi қосқан болар, мүмкiн… Арада екi жыл өтер-өтпесте Октябрь Қыдырбайұлы ақ қан ауруына шалдығып, өмiрден озды…

«Ол билiктi спортқа тарта бiлдi»
Николай Рогозин, Жарылғаповтың шәкiртi, даңқты волейболшы:
– Иә, Октябрь Қыдырбайұлының даңқты спортшы, бiлiктi бапкер, нағыз азамат екенiне дау жоқ. Ешқашан еңсесiн түсiрмейтiн, үмiт үзбейтiн асыл адам едi. Бiрақ мен ол кiсiнiң спортшылығынан гөрi, ұйымдастырушылығына қатысты естелiк айтсам деймiн.
Ол кезде «Спартак» стадионының айналасында гимнастика алаңы, күрес алаңы ашық болушы едi. Волейбол алаңдары да жеткiлiктi болатын. Маңынан қала аллеясы өтетiн. Стадионнан сәл аулақта сырахана тұрушы едi. Ол кезде қалада сырахана сирек, жұрт көбiнесе «Спартакқа» ағылушы едi. Сонда олар жолай стадионда жаттығып жүргендердi қызықтап, өздерi де ойнап кеткенiн бiлмей қалатын. Бiрте-бiрте жұрт сыраханаға емес, бiздiң жаттығуымызды көруге келетiн болды. Сондай күндердiң бiрiнде Октябрь (бiр қызығы, ол бiзге атын атататын, әкесiнiң атының кiм екенiн де бiлмейтiнбiз) жаттығуды тамашалап отырған, байсалды киiнген адамды көредi. Онымен жақынырақ танысады. Сөйтсе, ол Орталық комитеттiң қаржы жөнiндегi басқармасының бөлiм бастығы Семен Александрұлы Пак деген кiсi екен. Октябрь осы Пак арқылы Қонаевтiң референтi Дүйсетай Бекежановпен танысып, ақырын-ақырын спортқа демеушiлiкке тарта бастайды. Одан бiздiң «Буревестник» жаман болған жоқ. Қазiргi тiлмен айтқанда, Октябрь Қыдырбайұлы тамаша менеджер едi. Қазiр ғой, әрбiр қала басшылығы, облыс басшылығы өздерiне тиесiлi командаларға қаржылай, басқа да көмек көрсетiп жатады. Бұл дәстүрге айналып кеттi. Ал елiмiзде осы дәстүрдi алғаш бастаған О.Жарылғапов едi.
Октябрь – менiң спорттағы бағымды ашқан кiсi. Ол кiсi министрдiң орынбасары болып жүргенде де өзiнiң аңқылдақ, ақжарқын қалпынан танған жоқ. 1967 жылы Алматыда КСРО бiрiншiлiгiнiң I туры өттi. Мен 17 жастамын, жiгер деген асып-төгiлiп тұр. Бiрақ бапкерiмiз Заңғар Жәркешев ойынға 6 ойыншыны қосса, оларды еш алмастырмай-ақ аяқтауды тәуiр көредi. Менiң алаңға шыққым-ақ келiп отыр. Бiр кезде қарасам, қасымызда Октябрь тұр екен. «Жәркешевке айтшы, менi алаңға шығарсын» дедiм өтiнiп. Октябрь – министрдiң орынбасары, лауазымын көлденең тартып, Жәркешевке «ауыстыр» дей салса да ешкiм жазғырмас едi. Бiрақ ол басқа айла тапты. Орнынан тұра қалып: «У нас замена, замена!» – деп айғай салды. Жәркешев түк түсiнбей қалды. Октябрь оның қасына жеделдетiп барып: «Рогозиндi Сауранбаевтiң орнына шығар, бойы ұзын, тосқауыл қоюға жақсы», – дедi. Волейбол ережесi бойынша ойыншы тез ауысуы керек. Жәркешев менi алаңға: «Бұлталақтап көзге түсе бермей, тыныш тұр ана бұрышта», – деп жiбердi. Октябрьдiң осы тапқырлығы мен үшiн жаман болған жоқ, бiрте-бiрте нағыз дода рухын сезiнiп, сақа спортшыға айнала бердiм. Өкiнiшке қарай, Октябрь Қыдырбайұлы өз «Буревестнигiнiң» КСРО чемпионы атануына небары 29 күн қалғанда көз жұмды…
(«Жас қазақ» газеті, 2006 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here