Бейжің олимпиадасында Қазақстан қоржынына жүлде салған спортшылардың төртеуінен жүлдесі алынып, нәтижелері жоққа шығарылатыны белгілі болғалы көп уақыт өткен жоқ. Алдымен Таймураз Тигиев (еркін күрес, 96 келі, күміс), содан кейін Мария Грабовецкая (ауыр атлетика, 75+ келі, қола), Ирина Некрасова (ауыр атлетика, 63 келі, күміс) және Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі, 96 келі, қола) айыпталғаны белгілі болды.
Спортшылардың өздері бұл жағдайларға қатысты не деді?
Бұл айыппен мүлде келіспеймін!
Əсет Мәмбетов, балуан:
— Мен, Әсет Мәмбетов, допинг қолданды деген айыппен мүлде келіспеймін. Бейжің Олимпиадасына дейін, сол уақытта және ойындардан кейін де, 2008 жылы алған ауыр жарақатымнан кейін Олимпиада ойындарына қатыспасам да, мен 2011 жылға дейін үздіксіз WADA агенттігінің өкілдеріне сынамаларды тапсырып жүрдім. Бірақ олардың біреуі де қанымда тыйым салынған заттардың бар екенін көрсеткен емес. Ауыр жарақаттан кейін Австриядағы клиникада емделген соң да мен Швейцариядағы WADA-ның штаб пәтерінде допингке қарсы тексерістерден өттім. Ондағы тексерістердің біреуінде допинг табылған жоқ. Бүгін, бірнеше жыл өткен соң, спорттағы үлкен саясатқа байланысты, әсіресе WADA агенттігі қаржыландыратын елдерде тіпті спорттан кеткен адамдарға қарсы әрекеттер байқалады. Менің бұл ұйымға деген сенімім жоқ, себебі WADA агенттігінде осыған дейін бірнеше ережебұзушылық, жемқорлық пен сынамаларды ауыстыру деректері болды. Сондай-ақ, ол ұйымның қызметкерлері бірінші кезекте өздерінің тәуелсіздігін және спортшыларға қарсы қасақана әрекеттерінің болмайтынын дәлелдеу керек. Осыған байланысты еліміздегі спортсүйер қауымға спортшыларға негізсіз тағылып отырған айыптарға қатысты шешім қабылдауға асықпай, керісінше, спортшылардың еңбекпен келген жеңістеріңе және спорт үшін денсаулықтарын жоғалтқанына құрмет көрсетулерін сұраймын.
Бұл медальға қанымды да, жанымды да бердім!
Мария Грабовецкая, зілтемірші:
— Ең алдымен, өзімнің ешқандай арбитрлық сотқа арызданбағанымды мәлімдеймін. Иә, мен сынамалардың қайта тексеріліп, В сынамасы ашылатынынан хабардар болдым. Біздің федерация бұл жайлы және анализ төңірегіндегі түрлі әрекеттер жайлы үнемі хабардар етіп отырды. Басқалар сияқты, мен де қабылданатын шешімді, дәлірек айтсақ, үкімді күтіп отырдым.
Спортқа қанша жылымды сарп еттім мен! Осы уақытта қанша тер төктім, қанша рет тәнім де, жаным да ауырды, қанша рет жарақаттандым. Мұндай шешімнен кейін өз-өзіме қалай келе аламын? Біз түрік бапкері Әнуар Түркелеримен жұмыс істей бастаған алғашқы зілтеміршілер болдық. Ол қазіргісінен жасырақ болатын, бəрімізді қатты сынайтын. Негізгі командада тұрақтап қалу өте қиын еді — тек шын мықтылар қатарда қалған-ды. Қан да, тер де, көз жасы да — бəрін де бастан өткердік, бірақ шыдадық. Оның үстіне, мен олимпиадаға жарақаттан жазыла салып қатыстым.
Ол кезде мен ауырғанды сездірмейтін дəрілерден басқа қандай да бір шек қойылған препараттарды қабылдаған емеспін. Барлық таблеткалар мен уколдар келісілген, тіркелген. Басқалар секілді, маған да біздің ағзамыздан рұқсат етілмеген препараттарды қайдан тауып алғаны жұмбақ. Мүмкін, біз белгісіз бір ойынның құрбандары болып кеткен шығармыз. Қазір адамдар тарихты қайта жазуға көшті, бірақ оны жасаған біз едік қой. Енді бəрі белден бір-ақ сызылып, басқаша жазылып жатыр. Қазір мен Риода өздерін əлемге танытқан спортшылар үшін қорқамын. Жазира Жапарқұл, Карина Горичева, Нижат Рахимов, Саша Зайчиковтар үшін… Біраз уақыт өткен соң оларға қарсы не ойлап табуы мүмкін екенін ойлаудың өзі қорқынышты.
Біз жайлы ғаламторда жазылып жатқан түрлі пікірлерді, «оларға сыйақыны бекер берді, одан гөрі мұқтаждарға таратып бергені дұрыс еді» дегенге саятын ойларды оқып жүрмін. Оны жазған адамдар балалықтан айырылу дегеннің не екенін білмейді ғой. Біз 12-13 жастан бастап уақыттың бəрін залда өткіздік. Сейіл де, қоштасу кешіне қатысу да болған жоқ. Мен өз өмірімдегі барлық маңызды оқиғаларға: əпкемнің үйлену тойына, кішкентай сіңлімнің дүниеге келу қуанышына қатыса алғаным жоқ. Бар уақытымды зілтемірге бердім. Енді медалімізді қашан қайтарып беруімізді сұрайтынын білмеймін. Ал сол медальдің шынайы құны қандай екенін кім болса да ойлап көрді ме екен?
Допингке қатысты айтарым мынау. Бізді өте көп тексерді. Ойындарға дейін сынама алды. Олимпиада қалашығына келгенімізде, Ильинді бірден тексеруге алып кетті. Бізді жарыс алдында 3-4 күн бұрын тексерді, зəріміз бен қанымызды алды. Кімде сəл ғана ауытқу байқалса, бірден жарыстан шеттетті. Кейбір елдердің спортшылары сынға түспей-ақ қатардан шығып қалып жатқанын көрдік. Біз таза болдық.
Ал қазір осының бəрін кімге түсіндірерсің? Спортшының өзі ғана медальға қандай еңбек сіңіргенін біледі. Қандай құрбандықтарға барды, қандай жарақаттардан тістеніп жүріп жазылды… Адам бала күнінен армандаған, талпынған жүлдесіне қол жеткізсе, сосын сенен осы бөлшегіңді əншейін тартып, жұлып алатын болса, оның азабын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өз адамдарымыз үшін біз чемпион, жеңімпаз болып қала берсек жақсы. Əйтпесе барлығы да əділетсіз.
Медалімді ешкімге бермеймін!
Таймураз Тигиев, балуан:
— Бұл жаңалықты естіген кезде бір тал шашым да дір еткен жоқ. Мен ештеңені таразы басына салмақ емеспін. Рұқсатсыз бірдеңе бүлдірдім деп ойламаймын. Мен ақталатындай ештеңе жоқ. Бұл медаль — менікі! Мен оған көп күшімді, денсаулығымды сарп еттім, енді оны қайтарып бермеймін. Бейжің додасына дайындық кезінде де, олимпиада өтіп жатқанда да мен допинг-сынама тапсырдым, одан ешкім ештеңе де тапқан жоқ.
Күміс Рагимовтың өзінікі!
Нұрбақыт Теңізбаев, балуан (Бейжің олимпиадасының жартылай финалында өзін жеңген əзербайжан балуаны Виталий Рагимовтың допингпен айыпталуы жөнінде):
— Бейжің олимпиадасы мен үшін спорттық карьерамның шыңы болды. Әрбір спортшы олимпиада ойындарының жеңімпазы немесе жүлдегері болғысы келетіні анық. Спортта ұзақ уақыт жүріп, ешқашан жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргенді қолдамайтынмын және қолдамаймын да. Қандай медаль болсын, оны кілем үстінде жеңіп алғанды қолдаймын. Дәл сол күні мені əзербайжан балуаны Виталий Рагимов ұтқан болатын. Виталийді талантты да мықты балуан ретінде танимын. Сол күні үшінші орын иелену менің маңдайыма жазылған болар, маған өзімнің ұтқан қола медалым аса қымбат. Күміс Виталийге және оның отбасына тиесілі. Ол медальдың артында көптеген адамның еңбегі жатыр. Күміс сол еңбектің жемісі деп ойлаймын! Сіздердің жылы лебіз және қолдауларыңызға үлкен алғыс айтамын.