Ертең Алматыдағы Орталық стадионда биылғы Қазақстан кубогының финалы өтеді. Беделді жүлдені «Қайрат» пен «Астана» сарапқа салады.

Финал алдында қызықты деректерді назарларыңызға ұсынамыз:

«Қайрат» және Қазақстан кубогы

kairat-2015

а) «Қайрат» — Қазақстан кубогының финалында ең көп ойнаған және кубокты ең жиі жеңіп алған жалғыз команда. Алматылықтар финалға 9 рет шығып, 7 рет жеңіске жетті. 

ә) «Қайрат» — Қазақстан кубогының алғашқы  иегері (1992 жыл).

б) «Қайрат» — Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан кубогын бір жылда жеңіп алған тұңғыш команда (1992).

в) «Қайрат» — Қазақстан кубогын 2 жыл қатарынан иеленген (2014, 2015) жалғыз команда. Ертең «Астананы» жеңсе, 3 жыл қатар ұтқан жалғыз ұжым болады.

г) «Қайрат» өзі жеңіске жеткен 7 финалда 7 түрлі команданы тізе бүктірді («Фосфор», «Восток», «Аксесс-Голден-Грейн», «Жеңіс», «Тобыл», «Ақтөбе» және «Астана»).

ғ) «Қайрат» — ел кубогының финалында ең ірі жеңіске жеткен жалғыз команда. 1999 жылы Астанадағы Қажымұқан стадионында өткен ойында «Қайрат» Қызылжардың «Аксесс-Голден-Грейн» командасын 5:0 есебімен ұтты.

д) «Қайрат» финалда бір рет ұтқан командамен келесі финалда жолықса, жеңілетін әдеті бар. 1992 жылы «Фосфорды» (қазіргі «Таразды») 5:1 есебімен жеңген соң, 2004 жылы «Тараздан» 0:1 есебімен ұтылып қалды. 2001 жылы финалда «Жеңісті» (Астана) 3:1 есебімен қапы қалдырып, 2005 жылғы финалда қосымша уақытта «Жеңістен» 1:2 есебімен жеңілді. Биыл осы кері дәстүрді оңға бұра ала ма? Өйткені, «Қайрат» пен «Астана» былтыр кездесіп, алматылықтардың асығы алшысынан түскен болатын.

е) «Қайрат» 2003, 2004 және 2005 жылдары кубок финалында қатарынан ойнады. Биыл да қатарынан үшінші жыл финалға шығып отыр. 2003-2005 жылдар аралығындағы 3 финалдың екеуінде ұтылды. Ал 2014-2016 жылдар аралығындағы 3 финалдың бәсі алматылықтар үшін бәрібір жоғары. Өйткені, 2014 және 2015 жылдары «Қайрат» кубокты олжалады.

«Астана» және Қазақстан кубогы

astana12

а) «Қайрат» ел кубогы жолындағы жарыстарға 22 жыл қатысса, «Астана 2009 жылдан бері, яғни, сегізінші жыл ғана араласып келеді.

ә) «Астана» осы 8 жыл ішінде 4 рет финалға шықты. Оның екеуінде (2010 және 2012) кубок иегері атанды, өткен жылы «Қайратқа» есе жіберді.

б) «Астана» 2010 жылғы алғашқы жүлдесін «Локомотив» деген атаумен иеленді. Бұл  елордалық клуб тарихындағы алғашқы қомақты табыс еді.

в) Ел кубогын жеңіп алу көрсеткіші бойынша «Астана» тәуелсіз ел тарихында үшінші орында! Оның алдында кубокты 7 рет иеленген «Қайрат» пен 3 рет жеңіп алған «Астана-1964» командалары ғана бар.

г) «Астанадан» бөлек, «Шахтер», «Ақтөбе», «Тобыл», «Восток», «Ордабасы» командалары ел кубогының финалына 3 рет шықты. Бірақ олар 1 рет қана кубокты жеңіп алды. Ал «Ертіс» пен «Тараз» финалда 4 рет өнер көрсеткенмен, кубокты 1 рет қана еншілепті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here