«Барыс» командасының шабуылшысы Брендон Боченски ҚХЛ тарихындағы ең мерген шетелдік хоккейші атағына қол жеткізді. Ол 3 қазандағы «Барыс» — «Нефтехимик» (5:4) матчында өзінің ҚХЛ-дағы 149-шайбасын соғып, бұған дейін көш бастаған канадалық Джефф Платты (148 гол) артқа тастады. Платт Мәскеудің ЦСКА командасында ойнаған болатын, бірақ қазір Швецияның «Векше Лейкерс» командасына ауысқан.
Ал Брендон Боченски «Барысқа» 2010 жылы келді. Бұдан бұрын ол 2007 жылы АҚШ құрамасы сапында әлем чемпионатына қатысты, ҰХЛ-да «Чикаго Бләкхокс», «Бостон Брюинс», «Анахайм Дакс», «Тампа Бей» командаларының сапында ойнап, 156 матчта 28 шайба соқты, 50 пас берді.
«Барыс» сапындағы 7 маусымда ол ҚХЛ-да 340 матч өткізіп, 143 шайба енгізді, 198 гол пасын шығарып берді, жиыны 341 ұпай жинады. Жаңа маусымдағы 13 матчта Боченски 6 шайба авторы атанды, 9 пас берді.
В тобындағы биылғы әлем чемпионатында Боченски Қазақстан құрамасының намысын қорғады.
Қазір ҚХЛ-да шетелдік мергендер көшінде Боченскиді оның командаласы Найджел Доус өкшелеп келеді. Канада легионерінің еншісінде 146 шайба бар.
— Шайба енгізгеннен кейін оның ережеге сай соғылғанын анықтау үшін видеоны қайталап көруге 2-3 минут кетті. Сол кезде соққымның саналуына алаңдап тұрып, рекорд жайлы тіпті ойламаппын. Шайбаны меншіктеп алу да ойыма келмепті. Дегенмен бас мерген деген атақтың өзі де жаман емес. Бірақ мені Доус тез-ақ қуып жететін шығар, — дейді «жаңа қазақ» Брендон Боченски.