«Астана» командасы Еуропа лигасының В тобында өнер көрсететін болды. Қарсыластары — «Олимпиакос» (Грекия), АПОЭЛ (Кипр) және «Яң бойз» (Швейцария).
Үш қарсыласының ішінде «Астанамен» ерекше танысы — АПОЭЛ. Кипрдің 25 дүркін чемпионы өткен жылы Чемпиондар лигасына іріктеудің плей-офф кезеңінде «Астанамен» кездесіп, 0:1 және 1:1 есебімен ұтылған-ды. Енді никосиялықтар Қазақстан чемпионынан Еуропа лигасының топтық кезеңінде есе қайтаруға мүмкіндік алып отыр. Көреміз. АПОЭЛ қазір былтырғысынан бөлек. Бас бапкері Д.Пасиенса кеткен, қазір дат жаттықтырушысы Томас Кристиансен тізгін қағып отыр. Алайда АПОЭЛ биыл да Еуропа лигасының топтық турниріне ескі сүрлеумен тап болды: Чемпиондар лигасына іріктеудің плей-офф кезеңінде «Копенгагеннен» (Дания) жеңілді — 0:1, 1:1.
Ал «Олимпиакос» пен «Яң бойз» біздің елдің командаларымен тұңғыш рет жолығыспақ.
Грекия мен Қазақстан командалары бұған дейін екі рет тоқайласқан. 2007 жылы шілдеде Интертото кубогының ІІІ кезеңінде ОФИ «Тобылмен» кездесіп, екі кездесуде де 0:1 есебімен жеңілді. Ал ПАОК 2013 жылдың күзінде Еуропа лигасының топтық турнирінде «Шахтермен» (Қарағанды) 2 рет кездесіп, екеуінде де басым түсті — 2:1, 2:0. Бұл матчтарға қазіргі «астаналықтар» А.Мокин, С.Малый және Р.Каньяс қатысты. Каньяс Салоникидегі матчтың 50 минутында пенальтиден гол соғып есеп ашқанмен, «Шахтер» жеңісті уысында ұстай алмады.
Швейцария командалары біздің елге тұңғыш рет келмек.