19 қаңтарда Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалған Михал Билек алғашқы жиынға (15-22 ақпан) шақырылған футболшылар тізімін жариялады. Астанада өткізген алғашқы баспасөз мәслихатында Билек мырза оған бұл тізімді жасақтауға құраманың бапкерлері Михал Хипп, Талғат Байсуфинов және Николай Родионов көмектескенін айтады. Сонымен, Билек тізіміне кімдер енді:
Қақпашылар: Владимир Плотников, Стас Покатилов («Қайрат»), Марсель Исламқұлов («Қайсар»), Дмитро Непогодов («Ордабасы»).
Қорғаушылар: Темірлан Ерланов («Ордабасы»), Юрий Логвиненко, Сергей Малый, Дмитрий Шомко, Абзал Бейсебеков («Астана»), Айбол Әбікен, Нұралы Әліп, Елдос Ахметов, Александр Соколенко, Ғафуржан Сүйімбаев («Қайрат»), Дәурен Мәжитов («Атырау»), Кәрәм Сұлтанов («Қызылжар СҚ»), Дмитрий Мирошниченко («Тобыл»), Александр Марочкин («Қайсар»).
Жартылай қорғаушылар: Исламбек Қуат, Георгий Жуков, Еркебұлан Тұңғышбаев, Ян Вороговский, Магомед Парагульгов, Бауыржан Исламхан («Қайрат»), Юрий Перцух, Серікжан Мұжықов («Астана»), Максим Федин («Тобыл»), Александр Меркель («Хераклес», Голландия).
Шабуылшылар: Еркебұлан Сейдахмет («Уфа», Ресей), Сергей Хижниченко, Роман Муртазаев («Астана»), Алексей Щеткин («Ордабасы»), Бауыржан Тұрысбек («Тобыл»), Владислав Васильев («Энергетик-БГУ», Беларусь), Акмаль Бақтияров («Сочи», Ресей), Оралхан Өміртаев («Шахтер»).
Ең бірінші тізімге ілінбей қалғандар жөнінде айтып өтейік. Қазақстан құрамасының бірінші нөмірлі қақпашысы құрметіне өткен жылы ғана қол жеткізген Ненад Ерич биыл клубтық команда, яғни «Астана» сапындағы ойындарға барын салатынын айтып, ұлттық командадан кетті. Бұл бәріміз үшін күтпеген жаңалық болғаны сөзсіз. Тіпті ұлттық құраманың қақпашылар жаттықтырушысы Н.Родионов та мұндай жаңалыққа дайын болмағанын аңғартып қалды. «Жағымсыз ақпарат болғаны рас» деп мойындады ол. Ерич мәселесі құрамада қақпашылар проблемасы пайда болғанын айғақтайды. Т.Байсуфинов жаттықтырған кезде Давид Лория мен Стас Покатилов кезектесіп жүрді. Кейін Лория ауыр жарақат алып қалды, ойынға 2018 жылдың ортасында ғана оралды. Ал Покатилов бірте-бірте тұрақтылығынан айырылып, «Қайратта» Владимир Плотниковпен кезектесуге мәжбүр болды. Н.Родионовтың айтуынша, алдағы маусымда «Қайрат» сапында осы екі қақпашысының қайсысы негізгі құрамда ойнайтын болса, құрамаға соның жиі шақырылуы мүмкін. Дмитро Непогодов өткен жылдың соңында құрамадағы алғашқы матчын өткізді. Шынын айтайық, Грузияға қарсы сәтсіздеу ойнады. Ал Марсель Исламқұлов бұрын да жиындарға шақырылғанмен, бірінші нөмірлі қақпашы ретінде қарастырылған емес. Демек, Еуро-2020 іріктеу кезеңі қарсаңында Қазақстан құрамасында қақпашы мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Ресми ойындар наурызда өтеді. Әрине, Плотников, Покатилов, Непогодовтарға кез келген матч тағдырын сеніп тапсыруға болар, дегенмен өзінің негізгі қақпашы екенін сезінген адам қазірден психологиялық тұрғыда дайын болар еді.
Бұл жиынға «астаналық» Евгений Постников жарақатына байланысты шақырылған жоқ. Өткен жылы ол құрамада бұрыннан ойнап жүргендей сенімді қимылдап еді. Қатарға қосылса, Постников аса жауапты шепке күш қосары анық. Ал жақында Ресейдің «Ростовына» ауысқан Бақтияр Зайнутдиновты алдағы жиынға жаңа командасы жібермейді. Заң тұрғысынан олардікі өте жұрыс. 21 ақпан, яғни Молдовамен жолдастық кездесу өткізетін күн ФИФА күнтізбесіне кірмейді. Оның үстіне, «Ростов» 24 ақпанда Ресей кубогының ширек финалдық ойынын өткізеді. Яғни оларға қазір Зайнутдинов қажет.
Міне, негізгі үш ойыншының тізімде болмауының себебі осы.
Жаңа ойыншылар бар ма? Олар кімдер? Билектің алғашқы тізімінде бұған дейін құрама есігін қағып көрмеген төрт жаңа ойыншы бар. Олар – Дәурен Мәжитов, Кәрәм Сұлтанов, Владислав Васильев және Акмаль Бақтияров. Атыраулық Д.Мәжитов өткен маусымның басында ауыр жарақат алды, содан маусым соңына дейін ойнаған жоқ. Дегенмен мамандар оның болашағы өте зор қорғаушы екенін айтады. Мәжитовті құрама тізіміне енгізу арқылы бапкерлік құрам оған ерекше сенім артып отырғанын аңғару қиын емес. Дәурен бірден негізгі құрам ойыншысына айналып кетпес, дегенмен жаңа маусымға ерекше қарқынмен кірісуге зор жігер алатыны сөзсіз. «Қызылжарлық» К.Сұлтанов 2018 жылдың күзін жоғары деңгейде өткізді. Сол кездері-ақ оның құрамаға болашақ кандидат екені айтыла бастады. Әзірше Сұлтанов премьер-лига клубтарының ешқайсысына ауысқан жоқ. Ал І лигада ойнап жүріп, құрама бапкерлерінің көзіне түсу қиын. Кәрәм – орталық қорғаушы. Біздің құрамаға дәл осы шепке мықты футболшылар ауадай қажет. Өткен жылы Ю.Логвиненко жарақат алып қалғанда, көп ойнамай жүрген С.Малыйды негізгі құрамға қосу мәжбүрліктің әрекеті екенін бәрі түсінген болар.
Құрама бапкерлері биылға құрама жиынына екі жас футболшыны тұңғыш рет шақыру арқылы екі жеп биге шығатындай әсер қалдырып отыр. «Қайраттан» Арменияның «Арцах» командасына дау-дамаймен ауысып, Қап тауының етегінде тәп-тәуір өнер көрсеткен А.Бақтияров жаңа жылда «Сочиге» қоныс аударды. Бұл команда Ресейдің ұлттық лигасында, бізше айтқанда І лигада өнер көрсетеді. Бақтияров та жас, 21-ге маусым айында толады. Құрама бапкерлері осы тізімге қосу арқылы Бақтияровты үнемі назарда ұстайтынын аңғартып отыр. Ал В.Васильевті дәл қазір шақыру өте қажет. Талантты жастар сапында Бразилияда екінші кезекпен оқып келген соң, Васильев «Шахтер» құрамында бір маусымда жақсы ойнады да, былтыр Беларусь еліне жол тартты. Мұнда І лигадағы «Энергетик-БГУ» командасында тәуір ойнады. Тіпті оған: «Болашақта Қазақстан мен Беларусь құрамаларына шақыру алсаңыз, қайсысын таңдайсыз?» – деген қитұрқы сұрақ та қойылды. Жас футболшы ойланып көретінін айтып, екіұшты жауап берді. Васильевке Беларусьтің маңдайалды БАТЭ, «Шахтер» (Солигор) командалары қызығушылық танытып отырғаны туралы сөз шыққалы да біраз уақыт өтті. Бала күнінен баптап өсірген өз шабуылшымыз осылай өзгенің қазынасына айналып жүре берсе, ертең бармақ шайнайтынымыз анық. Оның үстіне, біз қашаннан мерген шабуылшыға жарыған емеспіз.
Жаңа бапкерлік құрамның алыс-жақындағы Қазақстан тумаларына назар аударып отырғаны да қуантады. Александр Меркель 2015 жылы құрама сапында жалғыз ойынға қатысты. Қазір ол Голландияның «Хераклес» командасында ойнайды. 20 кездесудің 19-ына қатысты. Меркельдің құрамаға неге шақырылмайтыны жөнінде сұрақ бұрынғы бапкер С.Стойловқа да сан мәрте қойылған. Стойлов: «Ол – Германия азаматы. Біз басқа елдің азаматын ұлттық құрамамызға шақыра алмаймыз», – деп шорт кескен. Билек болса, Түркиядағы жиында Меркельмен бетпе-бет сөйлесіп алғысы келетінін айтты. Яғни Есікте туған футболшы бұл мәселеге – Қазақстан құрамасы сапында алдағы уақытта ойнағысы келетін-келмейтініне нүкте қойып, нақты жауап беруге тиіс. «Хераклес» командасының ресми сайтында Меркельдің қос азаматтығы (Қазақстан, Германия) бар екені көрсетілген. Ал Эредивизидің (Голдандияның басты лигасы) сайтында Меркель Қазақстан азаматы делініп тұр. Не де болса, жасы 27-ге осы 22 ақпанда толатын футболшы Билектің алғашқы жиынынан кейін не құрамада тұрақты ойнайды, не мүлде алыстайды.
Сондай-ақ Ақтөбе облысында дүниеге келген Юрий Медведев («Слован», Братислава) алдағы уақытта құрама сапынан көрініп қалуы ықтимал. Құрама бапкері М.Хипп оны жақсы білетінін айтып қалды.
Тізімдегі басқа футболшылардың бәрі бізге жақсы таныс. Олардың ішінде бас командаға жиі шақырылса да, әлі ойындарға қатыспаған Т.Ерланов, А.Марочкин, А.Соколенко, А.Әбікен сияқты жастар да бар, бір-екі рет көрініп, сосын еленбей жүрген Ю.Перцух, М.Парагульгов, Я.Вороговский, Н.Әліп сияқты жігіттер де бар. Ең бастысы, Стойлов жаман мұра қалдырған жоқ. Енді ұқсата білу – Билектің басты міндеті.