Канаданың Мон-Тремблан қаласында фристайлдан Әлем кубогының V кезеңі аяқталды. Қазақстандық спортшылар ішінен Дмитрий Рейхерд жақсы нәтиже көрсетті.
Могулшылар арасында Рейхерд қола жүлде иеленді. Ол 83,42 ұпай жинады. Басты қарсыласы Микаэль Кингсбери (Канада) 86,73 ұпаймен бірінші орынға ие болса, екінші нәтижені жапон Икума Хоришима (85,02 ұпай) көрсетті.
Жалпы, олимпиада чемпионы М.Кингсбери биылғы маусымда да керемет бабында екенін көрсетіп отыр. Ол Әлем кубогының бес кезеңінің төртеуінде топ жарды, төртінші кезеңде ғана жеңімпаздар қаратынан көрінген жоқ. Ал Д.Рейхерд биылғы сында екінші рет тұғырға көтеріліп отыр. Ол 2018 жылдың 15 желтоқсанында Қытайдың Тайву қаласында өткен екінші кезеңде дәл сол Кингсбери мен Хоришиманы алға салып, үшінші тұғырға шыққан еді.
Мон-Тремпланның жарыс жолы Юлия Галышеваға сәтті болған жоқ. Ол іріктеу кезеңінде құлап қалып, финалға іліне алмады. Ал жас спортшы Аяулым Әміренова 31 орында қалды.
Әлем кубогының бес кезеңінен кейін ерлер арасында М.Кингбери көш бастап келеді. Оның еншісінде 300 ұпай бар. Д.Рейхерд 120 ұпай жинады. Ол швециялық Вальтер Валлбергпен бірге 4-5 орындарда тұр. Әйелдер арасында Д.Коф (АҚШ) 245 ұпаймен бірінші орында келеді. Олимпиада чемпионы П.Ләфонның Кофтан 5 ұпайы кем. Ю.Галышева болса, 190 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.
Енді могулшылар 31 қаңтар-10 ақпан аралығында әлем чемпионатына қатысады.