2018 жыл спорт әлемінде ең негізгі екі оқиғасымен есте қалды. Алғашқысы – Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Қысқы олимпиада болса, екіншісі – Ресей қабылдаған футболдан әлем чемпионаты.
Ал ескі жылда қазақстандық спортшылар қалай өнер көрсетті? Осыған қатысты шолуымызды назарларыңызға ұсынамыз.
Басты жеңіс – Галышева еншісінде
Пхенчхан олимпиадасында қоржынымызға жалғыз қола жүлде түсті. Фристайлдың могул бағдарламасында отандасымыз Юлия Галышева іріктеу кезеңінен бірден финалға өтті. Ол 76,36 ұпай жинап, жетінші нәтиже көрсетті. Перин Ләфон (Франция), Энди Нод (Канада), Морган Шилд (АҚШ), Жюстин Дюфо-Лапуан (Канада), Жайлин Коф (АҚШ), Бритни Кокс (Австралия) сияқты спортшыларға төрешілер жоғарылау ұпай берді. Жартылай финалда Галышева 76,81 ұпай жинады. Мәре сызығын 30,62 секундта қиып өтті. Сөйтіп, финалға соңғы ретпен ілінді. Шешуші сында Юлия жарыс жолына бірінші болып шықты да, 77,4 ұпай жинады. Оның көрсеткішін Дюфо-Лапуан мен Ләфон ғана жаңарта алды. Сөйтіп, Галышева соңғы жылдардағы түрлі жетістіктерінің ешқайсысы кездейсоқ емес екенін толық дәлелдеді. Тіпті, жүлдегердің бапкері Н.Круглыхина әу бастан алтынға қол созғанын айтса да, бұл медальді олқысынбақ емеспіз.
Өкінішке қарай, басқа спортшылардың ешқайсысы жүлдеге жақындай алған жоқ. Могулшылар Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков финалдан тыс қалды, ал соңғы төрт жылды олимпиадаға дайындыққа арнаған шаңғышы Алексей Полторанин марафонда топ бастап, бірақ қарқынын сақтап тұра алмады. Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен (мәнерлеп сырғанау) аяқ жарақатын толық емдеп үлгермей, өте төмен нәтиже көрсетті. Бұл отандасымыздың соңғы ірі жарысы болған екен. Жаз ортасында оны көлік ұрылары пышақтап өлтірді…
Галышева 2010 жылғы Ванкувер олимпиасынан бергі дәстүрімізді жалғастырды. Яғни әрбір қысқы олимпиада сайын бір спортшымыз жүлдеге ілініп келеді. 2010 жылы – Е.Хрусталева (биатлон), 2014 жылы – Д.Тен, биыл Ю.Галышева Қазақстанды жүлдегер елдер тізіміне қосты.
Ешкім әлем чемпионы атанған жоқ
2018 жылды қазақстандық спортшылар мүлде алтын жүлдесіз аяқтады. Нақтырақ айтқанда, олимпиялық санатқа енетін спорт түрлерінен отандастарымыздың ешқайсысы бас жүлде жеңіп ала алған жоқ. Мұның себебін оңай табуға болады. 2020 жылғы Токио олимпиадасы қарсаңында спорт түрлерінен буын алмасу кезеңі әлі аяқталған жоқ. Ересек спортшылардың көбі спорттан қол үзді, жас спортшылар әлемдік деңгейге енді бой үйретіп келеді.
Сонымен, 2018 жылы олимпиялық спорт түрлері бойынша өткен әлем чемпионаттарынан Қазақстан қоржынына 9 медаль түсті. Оның төртеуі – күміс, бесеуі – қола.
Күміс жүлдегерлер – Ерлан Серікжанов (дзюдо, 66 келі), Нұрислам Санаев (еркін күрес, 57 келі), Жайна Шекербекова (бокс, 51 келі), Арли Чонтей (ауыр атлетика, 55 келі).
Қола жүлдегерлер – Отгонцецег Галбадрах (дзюдо, 48 келі), Айдос Сұлтанғали (грек-рим күресі, 60 келі), Мейіржан Шермаханбет (грек-рим күресі, 67 келі), Карина Ибрагимова (бокс, 60 келі), Надежда Лихачева (ауыр атлетика, 71 келі).
Енді осы жүлделерді салмақтап көрсек… Жүлдеге қол жеткізген отандастарымыздың ішінде бұрын әлемдік додаларда жеңімпаздар тұғырына шыққандар екеу ғана – Шекербекова мен Галбадрах. Басқалары бірінші рет әлемдік сында үздік үштікке еніп отыр. Шекербекова бұған дейін қола жүлде алған-ды, биылғы табысы одан қомақтырақ. Ал Галбадрах екінші жыл қатарынан қола жүлде иеленді.
Дзюдода Ерлан Серікжановтың жетістігі ерекше. Ол мұндай сынға тұңғыш рет қатысып отыр. Ерлан финалға дейінгі қарсыластарының бәрін таза жеңді. Ал балуандардың биылғы нәтижесін дәстүрлі деуімізге болады. Бір жыл бұрын балуандарымыз әлем чемпионатын екі күміспен (Д.Жадыраев, М.Айнағұлов) қорытындылап еді, биылғы үш жүлдегер де олимпиялық салмақ дәрежелерінде көзге түсті. Оның үстіне, Айдос пен Мейіржан да – жас балуандар. Олардан көп үміт күтуге болады.
Ауыр атлет А.Чонтей ел азаматтығын алғалы тек универсиадада ғана олжа салып еді. Биыл әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапындағы ең жақсы нәтижені сол көрсетті. Ал Н.Лихачева қазір допинг дауына шырмалып жатыр. Оның нәтижесі қайта қаралуы мүмкін.
Әлем чемпионаттарында тәуір нәтиже көрсеткен спортшылар қатарына Нариман Құрбановты (спорттық гимнастика) қосуға болады. Ол ат үстінде өнер көрсетуден финалға шығып, бесінші орынға табан тіреді. Ал семсерлесуші Дмитрий Алексанин ширек финалға дейін барды.
Міне, биылғы әлем чемпионаттарында біз көңіл тоқтататын нәтижелер – осылар.
Теннен айырылдық…
19 шілде күні бесін шамасында Денис Тен көлік ұрыларының қолынан қаза тапты… Көлігінің айнасын шығарып жатқан екеуді көріп, спортшы тоқтатпақ болады. Бірақ ұрының бірі оның санына пышақ тығып, ауыр жарақаттайды. №12 қалалық ауруханаға тез арада жеткізілгенмен, даңқты отандасымызды ажалдан арашалап қалу мүмкін болмады.
Ауыр қазаға бүкіл елдің қабырғасы қайысты. Қарақшылар көп өтпей-ақ қолға түсіп, тергеу абақтысына жатқызылды. Қылмыс жасаған екі ұры да, оның сыбайласы да айыбын дереу мойындады.
Жақында алғашқы сот отырысы өтіп, жаңа күдік-күмәннің шеті қылтиды. Белгілі болғандай, екі ұры спортшыға шабуылдап жатқанда, сәл аулақта, ең бастысы, көз жетер жерде екі полицей оқиға барысын көріп отырған, араласпаған. Қазір екеуі де сотқа тартылып жатыр. Тен отбасының адвокаты хабарлағандай, бұл жазатайым емес, қасақана, тіпті тапсырыспен жасалған қылмыс болуы да мүмкін.
Бірақ қалай айтсақ та, Денисті өмірге оралта алмаймыз. Үнемі жымиып жүретін, бір өзі бірнеше акадмияның жұмысын жалғыз атқарған саңлағымыздың өмірі осылай тұжырылғаны өте өкінішті…
Головкин жеңілді ме?
Биыл орта салмақта бірнеше нұсқа бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин тұңғыш рет жеңілді. Қыркүйектің ортасында Лав-Вегаста (АҚШ) өткен бокс кешінде қарағандылық боксшы ежелгі қарсыласы Сауль «Канело» Альвареске (Мексика) төрешілер шешімімен есе жіберді.
Бірақ бұл жекпе-жектің қорытындысы әлі күнге талқыланып келеді. Мықты мамандар да, сарапшылар да, боксшылар да Альварес жеңісінің қыры мен сырын термелеуге құштар. Тіпті жақында қос боксшының дәл соққылары есептеліп, Головкиннің қарсыласынан екі есе тура соққы жұмсағаны анықталды. Бірақ болған іс болды, тарих жылнамасына сол нәтиже жазылды. Геннадий қазір демалыста. Жаттығуды қаңтар айында бастайды. WBC оны уақытша чемпион Джермалл Чалломен кездесуге итермелеп жатыр. Бірақ отандасымыз Альвареспен трилогия жасауға құлықты. Алайда енді оны «Канело» керек ете ме? Мексикалық саңлақ жақында салмағын сәл өсіріп, екінші орта салмақта WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Рокки Филдингті нокаутпен жеңді. 2019 жылдың мамыр айына Альварес тағы бір кездесу жоспарлап отыр. Ол IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы Даниель Джейкобспен біріккен жекпе-жек өткізетіні рас секілді. Әуелде сол баяғы аренада, сол баяғы қарсыласпен (Головкинмен) жұдырық түйістіруі мүмкін делінгенмен, оның компаниясы мұны жоққа шығарды.
Демек, бір кездері айналып қашқан «Канело» енді тағы да «құйрық ұстатпауға» көшкен сияқты. Оның промоутерлерінде де «бір емес, екі рет кездестік, жеңдік, енді бізді қуыңдар» деген астам пиғыл барын аңғару қиын емес. Бірақ бір ғана нәрсені бәрібір ескермей болмайды: Головкинмен жекпе-жек Альваресті тағы да байытады, тіпті қатты байытады. Ал мұндай «батпан құйрықтан» ешкім қашқан емес. Ендеше, 2019 жылы бәрібір «биг драма шоу» көрмей қоймайтын секілдіміз.
Биыл қазақстандық боксшылар кәсіпқой боксқа көптеп ауысты. Садриддин Ахмедов, Әли Ахмедов, Батыр Жүкембаев сияқты боксшылар рейтингін едәуір жақсартты. Данияр Елеусінов пен Жәнібек Әлімханұлы ақырындап алға басып келеді. Бірақ Қанат Ислам, Жанқош Тұраров сияқты жігіттер биыл шаршы алаңға бір де бір рет шыққан жоқ. Жеңіл салмақта бұрынғы әлем чемпионы Жанат Жақиянов спортты қойып, осы саладағы басшылық қызметке ауысты.
Шайтанарбашылар табысы жаман емес
Биыл «Астана» командасы «Джиро д’Италия», «Вуэльта» суперкөпкүндіктерінде жақсы өнер көрсетті. Испаниялық велошабандоз Мигель Анхель Лопес осы қос додада үздік үштікке енді, қола жүлдегер атанды. Соңғы жылдары Винченцо Нибали, Фабио Ару сияқты «супермендері» басқа командаларға ауысқан соң, «Астанада» көпкүндік серкелері қалмағандай көрініп еді, Винокуров бастаған мамандар жас таланаттарды тани білетінін тағы байқатты.
Өкінішке қарай, жыл соңында Бақтияр Қожатаевтың денсаулығында кәдік бары анықталды. Қазақ спортшылары ішінен суперкөпкүндіктерде бірінші болып бақ сынаған жігіттің жүрегінен ақау байқалған. Әрине, бұл сырқат өміріне қауіп төндіре қоймайды, бірақ велоспорт жүктемесін көтере бермеуі мүмкін.
Ал Алексей Луценко биылғы Азия ойындарында қос бағдарламада топ жарып, өзінің нағыз шеберге айналып келе жатқанын дәлелдеді.
Бес дүркін чемпион
Футболдан ел чемпионатының қорытындысында «Астана» командасы бесінші жыл қатарынан үздік шықты. Мұндай нәтижеге ешбір команда бұрын жетіп көрген емес. «Ақтөбе» мен «Ертістің» де бес рет дара шыққаны рас, бірақ олар мұндай табысқа әр жылдары қол жеткізді.
«Астана» төртінші жыл қатарынан еурокубоктардың топтық турнирінде ойнады. Бұл да ерекше табыс. 2013 жылы «Шахтер» тұңғыш рет қазақстандық клубтар ішінде Еуропа лигасының топтық турнирінде өнер көрсетсе, содан бергі төрт маусымда елордалықтар туымызды түсірген емес. Биыл «Астана» соңғы турға дейін еурокөктемге шығудан үмітті болды. Өз алаңында Киевтің «Динамосынан» кем дегенде бір ұпай алғанда, ол меженің бағынатыны да сөзсіз еді. Алайда біздің чемпионға сәл ғана нәрсе жетпей қалды.
Станимир Стоиловтың жетекшілігімен Қазақстан құрамасы жылды жақсы бастап еді, бірақ Ұлттар лигасында Грузиядан әудем жер қалып қойды. Негізгі қарсыластан отандастарымыз өз алаңымызда да, сырт алаңда да жеңілді. Бұған қарап, құрама тағы бір жылды сәтсіз аяқтады деуден аулақпыз. ФИФА рейтингінде алға 16 қадам жасағанымыз бір бөлек әңгіме. Ең бастысы, біз құрамадан айтарлықтай үміт күте бастаған сияқтымыз. Бірақ бас бапкер әлі де қорғаныс шебіне, шабуылға бас қатыруға тиіс.
Жылды қорытындылағанда…
Жалпы, 2018 жыл еліміздің спорты үшін табыссыз болған жоқ. Жылдың басты сыны саналған Азия ойындарында тоғызыншы орынға сырғып кетуімізді сәтсіздік санайтындар көп. Бірақ біздің алдымызды ораған Индонезия, Өзбекстан, Тайланд сияқты елдердің негізгі табыстары олимпиялық санатқа кірмейтін спорт түрлерінен болғанын еске ұстағанымыз жөн. Иә, бокстан қос күміс көңілімізді көншітпес. Бас бапкер Мырзағали Айтжановтың тізгінді босатып, оның орнына Ғалым Кенжебаев келгені де содан болар. Бірақ мұның бәрі біздің қалыптасқан спорттық дәстүрімізге көлеңке түсіре алмайды.
Алда жаңа олимпиялық циклдың соңғы жылы тұр. Ендігі күш-жігердің бәрі олимпиада жолдамасын алуға жұмсалады. Міне, осы тұста сүрінбеуіміз керек. Ит жылы елімізге жаңа есімдерді сыйлады. Алдағы доңыз жылы солар көбейе түссе игі, бұрынғы табыстарымыз қомақты бола түссе игі.