4 тамыз күні Лондонда жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты басталады. Үш секіруші Ольга Рыпакова бұл сында Қазақстанның басты үміті болатыны сөзсіз. Дегенмен оның топ жаруға мүмкіндігі бар ма?

Мамыр айынан бері «Жақұт лига» 11 рет өткізілсе, үш секіруші қыздар соның үшеуінде  сынға түсті. Оның нәтижелері төмендегідей:

Рим (Италия). 08.06.2017 ж
1. Юлимар Рохас (Венесуэла) — 14,84 м
2. Катерина Ибарген (Колумбия) — 14,78 м (маусымдағы үздік нәтиже — МҮ)
3. Ольга Рыпакова (Қазақстан) — 14,64 (МҮ)
Рыпакова екінші рет секіргенде биылғы үздік нәтижесін көрсетті.

Рабат (Марокко). 16.07.2017 ж
1. Катерина Ибарген (Колумбия) — 14,51 м
2. Кимберли Уильямс (Ямайка) — 14,31 м
3. Параскеви Папахристу (Грекия) — 14,21 м
4. Ольга Рыпакова — 14,20 м
Ибарген үшінші мүмкіндігінде 14,51 метрді бағындырды. Рыпакова төртінші талпынысында бұл күнгі ең сәтті секірісін жасады. Бұл жарысқа Ю.Рохас қатысқан жоқ.

Монако (Монако). 21.07.2017 ж
1. Катерина Ибарген (Колумбия) — 14,86 м (МҮ)
2. Юлимар Рохас (Венесуэла) — 14,83
3. Кимберли Уильямс (Ямайка) — 14,54 (МҮ)
6. Ольга Рыпакова — 14,12 м
Рыпакова Монакода алғашқы мүмкіндігінде 14,12 метрге секіріп, одан кейінгі 5 талпынысында нәтижесін жақсарта алмады. К.Ибарген үздік нәтижеге соңғы мүмкіндігінде қол жеткізді.

Байқағандарыңыздай, негізгі қарсыластар К.Ибарген, Ю.Рохас және К.Уильямс болатын секілді. Олардың маусым барысындағы көрсеткіштері өте жақсы. К.Ибарген 2012 жылғы Лондон олимпиадасында Рыпаковадан ұтылып, күміс жүлде алғалы ешқашан жеңіліп көрген емес. Ол 2013 жылы Мәскеуде өткен әлемдік додада, 2015 жылы Бейжіңде топ жарды. Рио олимпиадасының чемпионы атанды. Орталық Америка және Кариб бассейні ойындарында, Панамерикалық ойындарда қарсылас шыдатқан жоқ. Қазір де ол «Жақұт лигада» 1209 ұпаймен көш бастап келеді.

Ю.Рохас биылғы Оңтүстік Америка чемпионатында 14,34 м нәтижемен күміс жүлде иеленді. Испанияның Андухар қаласында өткен халықаралық турнирде Рохас 14,96 метрге секіріп, биылғы маусымдағы үш секірушілердің ең үздік көрсеткішін тіркеді.

К.Уильямс биыл 5 жарысқа қатысса, соның біреуінде ғана — Римде өткен «Жақұт лига» кезеңінда ғана жүлдеден тыс қалып, 5-орынмен шектелді.

Ольга Рыпакова Лондон олимпиадасынан кейін екінші перзентін дүниеге әкеліп, бір жыл демалды. Оның соңғы 10 жылдағы ең төменгі нәтижесі — 14,37 м (2014 ж). Содан бергі 2 жыл ішінде Ольга үздік  көрсеткішін 14,70 маңайында (2015 ж — 14,77 м, 2016 ж — 14,74 м) ұстап тұр. Салыстыра қарағанда, осындай нәтиже биылғы әлем чемпионатында олжа салуға мүмкіндік береді. Бірақ биылғы үздік нәтижесі 14,64 м. Сондықтан Рыпакова Лондонда осы жылғы рекордын жаңартса, алтынға қол созуға мүмкіндігі бар.