Жақында даңқты қақпашы Ринат Дасаев 60 жасқа толды. Өмірі аңызға толы футболшының ізінен отыз жылға жуық уақыт қалмай келе жатқан бір сәт бар. Ол – Дасаевтың Еуро-1988 финалында голландиялық сұрмерген Марко ван Бастеннің алыстан тепкен добын қақпаға дарытып алуы. Шынын айтқанда, қазіргі футболда мұндай голдар шаш-етектен. Бірақ өз заманында ван Бастеннің соққан добы ғасыр голы атануға шақ қалған. Міне, Дасаев есімі ауызға оралса, сол голдың елесі де тіріле кетеді. Ойынның 32 минутында Рууд Гуллит соққан алғашқы гол тіпті аталмайды. Ван Бастеннің суперсоққысы болмаса, КСРО құрамасы голландиялықтарды еңсере жеңіп, кубокты төбесіне көтеретіндей көңіл-күй посткеңестік кеңістіктен әлі арылған жоқ.
Дасаевтың 60 жылдық мерейтойында сұхбатқа жүгірген журналистердің басым бөлігі осы сәтті қайта еске түсіретіні өз-өзінен белгілі. Тіпті Ринат Файзрахманұлы да оған қатысты сұрақтарға жауап беріп шаршаған болар. Дегенмен жақындағы бір сұхбатында Дасаев басқаша жауап беріпті.
Алдымен оқиғаны еске түсірейік. Ойынның 54 минутында Александр Заваров допты алаңның ортасында сәл ұзатып алды да, оның алдын Адри ван Тиггелен орап кетті. Ван Тиггелен сол қапталдағы Арнольд Мюренге тастады. Мюрен айып алаңының оң жағында тұрған Марко ван Бастенге әуелетті. Жұрттың бәрі Марконың допты жақсы нүктеде тұрған Гуллитке сырғытуын күткен еді. Алайда Ван Бастен допты жерге түсірместен қатты теуіп, Дасаевтан асырып тамаша гол соқты.
— Кез келген допты қайтаруға болады. Ол үшін ыңғайлы орынды тез тауып, доптың ұшу траекториясын есептеп үлгеру қажет. Ван Бастеннің соққысы соншалық күшті емес, оны қайтара алар едім. Иә, доп өте жылдам әрі доғалана ұшты. Мен оны шетке кетіп бара жатыр деп ойладым. Мүмкін, дұрыс позиция таңдамаған да болармын, – дейді Дасаев.
Ойыннан соң командаластарының ешқайсысы қақпашыны кінәламапты. «Бапкер Лобановский «жолымыз болмады» деді де қойды. Кейін ол менің ыңғайлы орынды дұрыс таңдай алмағанымды айтыпты. Бапкердікі дұрыс та шығар. Гол қақпаға енді, демек, мен қателескенмін. Қайтарылмайтын соққы болмайды. Ыңғайсыз позиция, жағдайды дұрыс бағалай алмау деген бар, гол осындай қателерден кейін соғылады», – дейді Р.Файзрахманұлы.
Дегенмен бұл сәтсіздік Дасаевтың спорттағы жалынды ғұмырына көлеңке түсіре алмақ емес. Ол 1988 жылы «әлемнің үздік қақпашысы» атанды. КСРО-ның екі дүркін чемпионы, олимпиаданың қола жүлдегері, Еуропаның вице-чемпионы. Қазір «Спартак-2» (Мәскеу, Ресей) командасында жаттықтырушы болып жүр.
Шынында да, адам тағдыры өте қызық. Сол Дасаев футболға қызықпаса, әуелі тым жұқа баланы бапкерлер футболға лайық емес деп қайтарып жіберсе, біз бүгінгі күннің аңызын тіпті іздемес те едік қой.
— Бойым кішкентай, арық бала болдым. Шабуылда ойнап жүрдім, бірақ допты ұқсатып тебе алмайтынмын. Бапкер маған ә дегенде сенген жоқ. Әкем өтініш жасап: «Тағы бір байқап көрші. Бірдеңе шығып қалар» демегенде, футболдан мүлде алыс кетер ме едім… Бір күні қақпашы болмай қалып, мен қақпаға тұрдым. Тәп-тәуір ойнасам керек. Бапкер асықпай бақылап тұрды да: «Кәне, тағы бір көрші» деп мені қақпаға қайта жіберді. Сөйтіп, алаңдағы орнымды таптым…
Міне, даңқты қақпашының естелігі осындай. Демек, өмір сынақтарынан сынбай, өзіңе лайық жолды іздей берген жөн-ау… Бір күні сол соқпақ ақыры табылады.