Қазақстан премьер-лигасы. 4-й тур
31 наурыз

«Ордабасы» — «Окжетпес» — 2:1 (Нөсербаев, 57, Бочаров, 68 — Федин, 45+3)
«Оқжетпес» бірінші таймның соңғы минуттарында есеп ашып, алаң иелерін тығырыққа тіреп еді. Алайда «Ордабасы» биылғы біріншілікте дәмесі үлкен екенін дәлелдей алды. 57 минутта Таңат Нөсербаев нағыз шабуылшыға тән гол соқса, артынша Бочаровтың айып алаңының сыртынан тепкен добын Стаменкович дұрыс ұстай алмай, қақпасына енгізіп алды. Шымкенттіктер 10 ұпаймен көш бастады.

«Ертіс» — «Ақтөбе» — 1:3 (Фофана, 55 — Жуниньо, 63, Шестаков 72 , Зенькович, 77 )
Чемпионатты тәуір бастаған «Ертіс» күтпеген жерден «Ақтөбеге» есе жіберді. Керекуліктер есеп ашқанмен, «Ақтөбе» 14 минут ішінде 3 гол енгізіп, биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейінгі үш турда ақтөбеліктер қарсыластар қақпасына гол соға алмаған-ды. Бүкіл ашуын олар Керекудің Орталық стадионында төккендей болды.

«Қайрат» — «Қайсар» — 1:1 (Гоу, 9 — Байжанов, 35)
Алматылықтар бұл турда күтпеген көшбасшы «Қайсарды» тізерлететіндей көрініп еді. «Қайрат» алғашқы голды соққаннан кейін де қызылордалықтардың тіпті саспай ойнағаны таңдандырды. Әсіресе, капитан Мақсат Байжанов барлық шабуылдың ұйытқысы болып, ақыры есепті теңестірді. Каха Цхададзе екінші таймда Бауыржан Исламхан мен Андрей Аршавиннің орнына Иво Иличевич пен Георгий Жуковты қосса да, «Қайрат» жеңіс жолын таба алған жоқ. Гоу, Исаель және Қуантаевтар тамаша мүмкіндіктерді гол ете алмады. «Қайсар» бұған дейінгі 3 жеңісіне 1 тең ойын қосып, көш басындағы үштікте ұзағырақ болатынын дәлелдеп отыр.

1 сәуір
«Тобыл» — «Тараз» — 1:0 (
Деспотович, 50 )

«Тобыл» чемпионатты тәуір бастап, артынша тығырыққа тірелгендей еді. Үзілістен кейін қостанайлықтар «Таразды» 1 доп айырмашылығымен жеңді. Жамбылдықтар сапында жастар құрамасының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет алғашқы матчын өткізіп, ескерту алды.

«Шахтер» — «Астана» — 1:2 (Габышев, 63 — Кабананга, 88, Маевский, 90+2)
Қарсыластардың өзара келісімі нәтижесінде ойын «Шахтердің» алаңына ауысқан-ды. Кеншілер 88 минутқа дейін жеңіске жақын тұрып, ақыры бәрін уысынан шығарып алды. Бұл жеңістен кейін астаналықтар көшбасшылар үштігіне жақындады. Ал беларусь легионері Иван Маевский Қазақстандағы алғашқы голын соғып қана қоймай, жаңа командасына жеңіс сыйлады.

«Акжайык» — «Атырау» — 2:2
(Сапанов, 64, Аренас, 70 — Обшивач, 54, Максимович, 87-пенальтиден)

Маусымға -9 ұпаймен кірген «Атырау» алғашқы жеңісіне қол жеткізе алар емес. Көршілердің кездесуінде екі команда кезек алға шыққанмен, таблода тең есеп тіркелді. Мұнайшылар сапында Новица Максимович ҚПЛ-дағы алғашқы матчын өткізіп, осы турдағы жалғы пенальтиді дәл соқты.