Австрияның Хохфильцен қаласында биатлоннан өтіп жатқан әлем чемпионатында норвег спортшысы Оле-Ейнар Бьорндален тамаша нәтижеге жетті.

Із кесіп жарысу бағдарламасында ол сөреден сегізінші ретпен аттанып, теңдессіз Мартен Фуркадты (Франция) және отандасы Йоханнес Бөні ғана алға салып, мәреге үшінші жетті. Сөйтіп, Оле-Ейнар өзі қатысқан 1997 жылдан бергі әлем чемпионаттарының бәрінде жүлде иеленіп отыр. Оның әлемдік додалардағы медальдарының саны 45-ке жетті. Жүлделерінің 20-сы — алтын, 14-і — күміс, 11-і — қола.

Қаңтар айында 43 жасқа толған ардагер 1997 жылдан бергі олимпиадаларда да жүлдесіз қалып көрген емес. Бьорндален Нагано, Солт-Лейк-Сити, Турин, Ванкувер және Сочи олимпиадаларынла 8 алтын, 4 күміс, 1 қола жеңіп алды. 

Бьорндален 20 жыл бұрынғы өзі қатысқан тұңғыш әлем чемпионатында ең алғаш қола медаль жеңіп алған-ды. Ол кезде де із кесу бағдарламасында көзге түсті.

Ал Оле-Ейнардың жары, олимпиаданың 3 дүркін чемпионы Дарья Домрачева (Беларусь) Хохфильцендегі жарыста із кесу бағдарламасы бойынша күміс медаль тағынды.

Бьорндален мен Домрачева бір чемпионатта қатар жүлде жеңіп алған екінші жұп болып отыр. Алғашқы жұп — Рафаэль мен Лив-Грете Пуарелер. 2004 жылғы әлем біріншілігінде Рафаэль із кесіп жарысуда — күміс, Лив-Грете алтын жүлде жеңіп алды. Ал топтасып жарысуда екеуі де чемпион атанды.

Қазақстандықтардың ең үздік нәтижесі — әзірше 24 орын. Ян Савицкий 10 шақырымдық спринтте осындай нәтиже көрсетті.