Өткен аптада спорт әлемінде ірі екі оқиға болды.

Біріншісі – Головкиннің елге келуі.

Екіншісі – МакГрегор мен Нұрмұхамедовтің жекпе-жегі.

Головкинді қалың қазақ қуана қарсы алды. Қарағанды да, Алматы да құшақ жайды. Ешкім оның «Канелодан» жеңілгенін бетіне басқан жоқ, «барлық белбеулеріңнен айырылып қалдың ғой» деп жазғырмады.

Өйткені жанкүйерлер Геннадийдің Альварестен еш кем соқпағанын өз көзімен көрді. Толықтай басымдық танытты демеспіз, бірақ үнемі А тарабы болатын Альварестің апшысын қуырғаны рас. Қазіргі заман спорттың үлкен саясат және үлкен қаржы болып кеткенін сәт сайын танытып келеді. Головкин сол саясаттың құрбаны демесек те, сол саясаттың иіріміне түсуге мәжбүр болды, соның ережелері мен заңдылықтарын қабылдауына тура келді. Қабылдамаса ше? Қабылдамаса, біз GGG-ді бүгінгі биігінен көре алар ма едік, көре алмас па едік?

Головкин – қазақ жанкүйерлеріне кәсіпқой бокс әлемін өзінің алтын жұдырығымен ашқан боксшы. Айна-қатесіз осындай. Головкин осынша жанкештілік танытпаса, тәуекелге бармаса, белгілі бір дәрежеде өмірін құрбан етпесе, біз кәсіпқой бокс деп ағайынды Кличколарды, Леннокс Льюисті, олардан сәл әріректегі Майк Тайсон мен Эвандер Холифилдті, қазіргі Энтоно Джошуа мен Тайсон Фьюриді ғана танып жүре берер едік, сірә… Иә, Головкинге дейін Василий Жиров та биікке көтерілді, бірақ ол осы әлемнің өз тұрғыны бола алған жоқ. Шейн Мозлидан жеңілген соң, Жиров ақырындап шегіне берді. Ал Гена күн санап, тапандап, ең бастысы, жастығын соның жолына арнап отырып жол салды.

Ал білетіндердің айтуынша, кәсіпқой бокс әлемі – мүлде бөлек әлем. Оның беделін сонау 1970 жылдары Мұхаммед Әли көтерді және өзіндік ережелерін де сол қалыптастырды. Жас Әлидің бүкіл қарсыласын жерден алып, жерге салып, жер бетіндегі жалғыз жауы сол секілді шабынып, тебініп, шаршы алаңға шықса, шат-шәлекейін шығаратындай шамырқанып, әйтеуір, қасындағы адамдардың ара түсуінің арқасында ғана өзін әрең ұстап қалғандай көрінетіні естеріңізде ме?  Содан бергі елу жылға жуық уақытта көп ештеңе өзгере қойған жоқ. Айбат шегу – промоушнның ажырамас бөлігі.  Одан бөлек, кәсіпқой бокс мұхиттың арғы жағындағы елдің меншікті спорты іспеттес. Сондықтан украиналық ағайынды Кличколар да, филиппиндік Пакьяо да, нигериялық Самуэль Питер де, ресейліктер Олег Маскаев пен Константин Цзю де, тіпті Льюис те кәсіпқой бокс әлемінде одағай саналды. Олар америкалықтар мен мексикалықтардың бокстағы несібесіне ортақтасқандай, берместі тартып алып жатқандай көрінді.

Осындай қасаң әлемде жол тауып қана қоймай, кешірек болса да 20 миллионнан асатын жекпе-жекке келісімшарт жасасуға Головкиннің шамасы да, төзімі де, сенімі де жетті. Бірақ кешірек жетті.

Бұған себеп не? Голливудтік сценарийге салсақ, 2003 жылы әуесқой бокста – әлем чемпионы, 2004 жылғы олимпиадада күміс жүлдегер атанған Геннадий 2005 жылы кәсіпқой боксқа кеткенде, алдында даңғыл жол жатуға тиіс еді. Сонда атын көп ешкім білмейтін елден келген аққұба жігіт алдындағының бәрін қоғадай жапырып, бас-аяғы екі-үш жылда бокс төрінде отыруға тиіс-ті. Шын мәнінде солай болды ма? 2006 жылдан бастап Головкин шынайы бокс жасап көрген жоқ. Оған үйіп-төгіп уәде берген неміс промоутерлік компаниясы «алтын ұлды» төрт жылдан астам уақыт қапаста ұстады. Өзіңіз ойлаңыз, сонда дәл қазіргі Альварестің жасында Головкин аты белгісіз боксшылармен жылына үш-төрт кездесу өткізіп, оларды естен тандырып, әр жекпе-жегіне мың доллардың ар жақ, бер жағында ғана сыйақы алып, болашағы айқын емес, бұлыңғырлана түсіп, әйтеуір бір үмітпен жүріп жатты деуге болады. Тіпті 2011 жылы алғаш әлем чемпионы атағына қол жеткізгенде де қарағандылық мықтының асығы алшысынан түсе қойған жоқ. Серхио Мартинес, Мигель Котто сияқты түрлі нұсқалар бойынша әлем чемпиондары «шығыстан келген шыраққа» мұрын шүйіре қарады. Нәтижесінде, Головкин қазіргі басты қарсыласы Альвареске жеткенше «майда-шүйде» Росадо, Исида, Маклин, Стивенс, Адама, Гил, Рубио, Монро, Мюррей, Лемье, Брук, Уейд сияқты боксшылармен жұдырықтасуға мәжбүр болды.

Ал Альвареспен екі кездесуде де Головкин туын түсірген жоқ. Бокс тілінде «аса жақын жекпе-жек» деп аталатын майданда ол тік тұрып айқасты, екеуінде де төрешілер бәрібір Альвареске іш тартты. Қанша жерден допингке шырмалса да, қанша жерден түрлі белбеулерден бас тартса да, Альварестің жеңіске жеткені кәсіпқой бокс үшін өте пайдалы еді. Өйткені оның алқаушылары өте мықты. Олар Альваресті әуесқой бокс әлеміне аттап бастырған жоқ, бала күнінен осы биікке мақсатты түрде дайындады. Тіпті кезінде Мейуезер Альваресті таза ұрып тастаса да, төрешілер мексикалық боксшының жеңілісін аз ғана есеп айырмасымен белгіледі. Осылайша, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіп келе жатқан сақа жігітті жасы қырықты маңайлаған, бокс әлеміне өзінің шынайы талантымен ғана жол салған, ең бастысы, «алыстан келген» Головкин жеңіп кетсе, қаншалықты кешірімді болмақ?

Әрине, бұл біздің долбарымыз ғана. Бірақ ақиқат та осы ойдың маңайын төңіректеп жүргені рас. Сондықтан жоқтан бар жасаған, қарапайым Қарағандының Майқұдығынан шығып, отыз бестен асқанда миллиондаған долларлық жекпе-жек өткізуге қол жеткізген Геннадий Головкинді туған халқы қалай қарсы алса да жарасады! Ешқандай чемпиондық белбеусіз-ақ GGG – нағыз чемпион!

Ең бастысы, кездесу алдында «Канело» қанша цирк ұйымдастырса да, Головкин сабырлы қалпынан танған жоқ. Төрешілер шешімімен қарсыласының қолы көтеріліп, белбеулерінен айырылғанда да отандасымыз Альваресті еш тілдемеді. «Мен жеңдім деп ойладым, төрешілердің шешімі басқаша болды. Мейлі, қазір Альварестің даңққа бөленген уақыты, осы сәттің қызығын сол көруі керек» деп шаршы алаңнан шығып кеткенінің өзі неге тұрады!

Демек, Геннадий Головкин бокстың қалыптасқан канондарымен жүрмейді, оның өзіндік жолы бар. Ол ешқашан күйгелектенбейді, ең жұлдызды жылдары бос уәдеге сеніп өтсе де,  өкініш білдірмейді.

Сондықтан Головкинді қалың қазақ жақсы көреді, өз ұлы деп сенеді. Енді Головкин шаршы алаңға шығар-шықпас, бәрібір ол өзінің бекзаттығымен бокс әлеміне есімін таңбалап қойғанын ешкім жоққа шығармайды.

Ал Нұрмұхамедов пен МакГрегор…

Шоу-өмірдің әртістері дей салуға болар еді. Бірақ таразының екі басына екі түрлі нәрсе салынғаны аян. Конор, сөз жоқ, осы заманның тұлғасы. Ол да биттей кезінен осы спорттың ыстық-суығына төзді, бірге өсті, ақыры, нағыз бет-бейнесіне айналды. Оның жекпе-жек қарсаңындағы әрекеті қызығушылықты арттырып, шынында да нағыз майдан сонда болатындай әсер қалдыратыны сөзсіз… Бірақ осы жолы МакГрегор да, оның командасы да шектен шықты. Нұрмұхамедовтің жеке басын ғана емес, оның туған халқын да жерден алып, жерге салды, діні туралы да ауыздарына келгенін айтты. Тіпті әдетте жұрт алдында айтылмайтын «күл-қоқыс», «нәжіс», «сасық» сияқты сөздер қалыпты теңеуге айналып кетті. Мұндай жағдайда Хабиб намысқа мініп шығатыны айдан анық қой.

Жекпе-жек жұрт күткендей жоғары деңгейде өтті. Тіпті екі раунд бойы таяқ жесе де, МакГрегордың үшінші кезеңде дүр сілкінуі де қызық. Төртінші раундта бәрібір Хабиб Конорды құрсаулап алды. Қылқындырды, жеңілгенін мойындатты.

Одан әрі Нұрмұхамедовтің октагоннан секіріп барып, Конордың спарринг-әріптесі Диллон Дениспен төбелесіп кетуі еш ақылға сыймайды. Дағыстандық жігіттің секунданттары да ортаға шыға келіп, Конордың өзімен де, жақтастарымен де қойғыласып үлгерді.

Осыдан не шықты? Артынша жұрт көзінше жалпыдан кешірім сұраса да, Нұрмұхамедов онсыз да былғаныш спортқа тағы бір қара таңба басқаны анық. Өзі айтпақшы, «спорт ел мен елді, адам мен адамды біріктіруге тиіс» еді ғой. Сондағы біріктіргені осы ма? Бұл, керісінше, екі тарапты майданға еліктіру емес пе?

Не ұқтық? Бүгінгі спорт достық елшісі емес, дұшпандық жаушысы болып барады. Сол МакГрегор да, сол Нұрмұхамедов те талайды байлыққа батырып, өздері де алтын ернеуден шай сораптап отыратыны күмәнсіз. Бірақ оған былғаныш жолмен қол жеткізу қаншалық орынды? Қарсыластарының орынсыз сөздері Хабибті ширықтырған-ақ болар, бірақ оның «сахнасы» – темір шарбақ қана емес пе еді? Бәленің бәрін бастап, өзі құрбанға айналып шыға келген МакГрегорды да «сүттен ақ, судан таза» деуге болмайды. «Елге оралған соң көресің» деп жатыр Хабибке әкесі. «Бұл – таза спорт. Соны былғағандардан тазартқым келеді» деген Хабибтікі де сөз-ақ. Бәрібір мың-миллион көрермен телмірген теледидар күні кеше адам табиғатының әлсіздігін тағы бір рет паш етті…

Ақшадан да, миллиондаған келісімшарттан да құнды нәрсе – адамның ұяты еді. Оған босағадан да орын бұйырмай бара жатқаны өкінішті…

Басқа жанкүйерлерді қайдам, кешегі төбелестен кейін біз Головкинді ойладық. Бекзат боксшымыз қанша әділетсіздікке тап болса да, қанша сөз естісе де, өз биігінен мысқал төмендемепті ғой.