Қазақстан премьер лигасы
28 тур. 30 қыркүйек
«Шахтер» — «Ақжайық» — 1:0 (Чичулин, 31)
Аутсайдерлердің тартысында «Шахтер» басым түсті, бірақ кеншілер осы үш ұпайға қол жеткізу үшін барлық өткелектен өтті.
Алдымен есеп ашты, сосын пенальти соға алмады, содан кейін қарсы қақпаның жақтауы мен маңдайшасын кезек ұрып шықты (Мошников пен Дроппа).
Сөйтіп, биыл қарағандылықтар 28 кездесуде қарсыластарының қақпасының маңдайшасы мен жақтауына дәл тепкен доптар санын 9-ға жеткізді. Ең қызығы, дәл осындай көрсеткіш «Ертісте» де бар. Осы соққылардың бәрі голға айналса, «Ертіс» пен «Шахтер» биыл турнир кестесінің соңында жүрер ме еді, жүрмес пе еді…
Сонымен, «Ертіс» сапынан – А.Кислицын (1 тур), Р.Розыбакиев пен Д.Попадюк (3 тур), И.Калинин (9 және 21 тур), П.Шабалин (13 тур), К.Фонсека (15 тур), А.Камара (21 тур), Е.Чибуике (22 тур), «Шахтерден» — Д.Кояшевич (3 және 17 тур), С.Шафф (6 тур – 2 рет, 8 тур), А.Чичулин (18 тур), О.Өміртаев (25 тур), Е.Ткачук пен Л.Дроппа (28 тур) қақпа ағаштарын дәл көздеді.
Ал А.Чичулин екі жарым жыл үзілістен кейін премьер-лигада гол соғып отыр. Ол соңғы 2016 жылы 3 сәуірде сырт алаңда «Тараз» қақпасына доп енгізіп, жеңіс голының авторы атанған еді.
«Шахтердің» жартылай қорғаушысы М.Шахметов биылғы маусымда пенальти соға алмаған – тоғызыншы футболшы, ал Е.Боровик пенальти қайтарған алтыншы қақпашы атанып отыр.