1/8 финал
Хорватия – Дания – 1:1, пенальтиден 3:2 (Манджукич, 4 – Йоргенсен, 1)
Матч зор қарқынмен басталып, алғашқы бес минутта екі команда гол алмасқанмен, ары қарай бірсыдырғы «жуас» футбол өрбіді. Доп соғуға мүмкіндіктер тіпті азайды. Екінші таймда «дат динамиттері» сәл серпілсе де, қосымша уақытта жеңісті қолдан ұстата жаздады. Ребич 115 минутта қақпашыны алдап өтіп, ашық қақпаға соққы туралаған кезде, арттан келген Йоргенсен шалып жықты. Пенальти! Бірақ әкесінің көз алдында Каспер Шмейхель керемет ойнады, Модричтің сол жаққа тепкен добын тырп еткізбей ұстап алды. Ойын соңындағы пенальтиде де Шмейхель екі соққыны дарытпағанмен, хорваттардың қақпашысы Даниел Субашич одан зор шықты. Ол Ериксеннің, Шөненің және Н.Йоргенсеннің соққыларын қайтарды. Дания жақсы ойнағанмен, жарысты осы кезеңнен тұжыруға мәжбүр.
Хорватия 1998 жылғы табысынан кейін араға 20 жыл салып бірінші рет ширек финалға шығып отыр.
Ал Хорватия құрамасы 7 шілдеде Мәскеуде Ресеймен жартылай финал жолдамасына таласады.
(fifa.com фотосы)