Сәкен СЫБАНБАЙ

Осыған дейінгі 20 әлем чемпионатының финалдық турниріне 80 елдің құрамасы қатысқан (биыл бұлардың қатарына Панама мен Исландия қосылып отыр). Оның 35-і – Еуропадан, 13-і – Африкадан, 11-і – Азиядан, 10-ы – Солтүстік және Орталық Америкадан, 9-ы – Оңтүстік Америкадан, 2-уі – Аралдар аймағынан (Океаниядан).

Айтпақшы, футбол статистикасымен айналысушылар арасында КСРО (1958-1990 аралығы) мен Ресей (1994 жылдан бері қарай) құрамаларын жеке-жеке қарастыру үрдісі қалыптасқан. Өйткені, кеңес дәуіріндегі құрамада украин, грузин, армян, белорус, т.б. ұлт футболшыларының қосқан үлесі қомақты еді. Сондықтан бұл екі команданың көрсеткіштері өз алдына бөлек жіктеледі. Баяғы Чехословакия құрамасының нәтижелері де солай, 1990 жылға дейінгі қалыпта қалдырылған: кейінгі Чехия және Словакия командаларының нәтижелері бөлек-бөлек есептеледі. Югославия құрамасының көрсеткіштері де 1998 жылғы нәтижелермен бірге тоқтады: ХХІ ғасырдағы Сербия командасы жеке ұжым ретінде қарастырылады. Хорватия, Словения, Босния – онсыз да дербес ұжымдар.

80 құраманың ішінде осы күнге дейін финалдық турнирлерде ең көп ойын өткізгені – Германия (106), ең көп жеңіске жеткені – Бразилия (70), ең жиі тең ойнағаны – Италия (21), ең көп жеңіліске ұшырағаны – Мексика (25), ең көп гол соққандары – Германия (224) мен Бразилия (221), мүлде доп соға алмағандары – Индонезия, Канада, Заир, Қытай, Тринидад және Тобаго (0).

Жиырма әлем чемпионатын біріктіре есептегенде жинаған ұпай саны жағынан үздік ондық былай орналасты (баяғы ескі жүйе бойынша: жеңіске – 2 ұпай, тең ойынға – 1 ұпай):

Ел                       О      Ұт     Т       Ж      Доп            Ұп

1. Бразилия     104  70     17     17     221-102      157
2. Германия    106  66     20     20     224-121      152
3. Италия            83  45     21     17     128-77        111*
4. Аргентина     77  42     14     21     131-84        98
5. Англия          62  24     20     16     79-56           72
6. Испания        59  29     12     18     9266          70
7. Франция       59  28     12     19     106-71        68
8. Голландия      50  27     12     11     86-47            66*
9. Уругвай        51  20     12     19     80-70          52
10. Швеция      46  16     13     17     74-70          44
* — биылғы додаға қатыспайды

Биылға дейін осы 80 құраманың 8-і алтыннан алқа таққан. Оның ішінде Бразилия – 5 рет, Германия мен Италия – 4 реттен, Уругвай мен Аргентина – 2 реттен, Англия, Франция және Испания – 1 реттен чемпион атанған.

Бәрі ұғынықты болу үшін кестеге назар салайық:

Жыл Алтын      Күміс                  Қола            4-орын

1930 Уругвай     Аргентина           АҚШ, Югославия*
1934 Италия       Чехословакия      Германия     Австрия
1938 Италия       Венгрия               Бразилия     Швеция
1950 Уругвай     Бразилия             Швеция       Испания
1954 Германия   Венгрия               Австрия      Уругвай
1958 Бразилия    Швеция               Франция     Германия
1962 Бразилия    Чехословакия      Чили          Югославия
1966 Англия       Германия             Португалия   КСРО
1970 Бразилия    Италия                Германия   Уругвай
1974 Германия   Голландия           Польша      Бразилия
1978 Аргентина  Голландия           Бразилия    Италия
1982 Италия       Германия             Польша      Франция
1986 Аргентина  Германия             Франция    Бельгия
1990 Германия   Аргентина           Италия       Англия
1994 Бразилия    Италия                Швеция      Болгария
1998 Франция    Бразилия             Хорватия     Голландия
2002 Бразилия    Германия             Түркия       Корея
2006 Италия       Франция              Германия   Португалия
2010 Испания     Голландия          Германия    Уругвай
2014 Германия   Аргентина           Голландия  Бразилия
* — 1930 жылы қола жүлде сарапқа салынған жоқ.

Финалға шығу жағынан Германияға жетер команда жоқ. Немістер өздері қатысқан 8 финалдың төртеуінде жеңіп, қалған жартысында ұтылған. Финалға үш рет қатарынан шыққан да – солар. Кейін бұл рекордты Бразилия да қайталады, атақты қорғаушы Кафу сол үш финалға да қатысты (Пеле 1962 жылғы финалда ойнамаған). Пеле мен Кафу отанының еншісінде 7 финал (5 жеңіс), Италияда 6 финал (4 алтын) бар. Ал Уругвай өзі қатысқан екі финалда да жеңіске жеткен. Англия мен Испания да өздерінің жалғыз (әзірге) мүмкіндігін мүлт жібермеген. Чехословакия мен Венгрия қос финалда да ұтылған. Маңдайының соры бес елі Голландияға кім-кімнің де жаны ашитыны анық: олар өліп-талып жеткен үш финалда да жеңіліс тапқан…

Халықаралық футбол федерациясының шешіміне байланысты чемпионға – алтын, финалистке – күміс, үшінші орын алған ұжымға – қола медаль табысталып, төртінші орында қалған командаға арнайы естелік-сыйлық беріледі. Тек 1930 жылы ғана қола медаль сарапқа салынған жоқ: оны жартылай финалда ұтылған қос команда да иеленді. Ал 1966-1994 жылдар аралығында ФИФА әлем чемпионына – алтын медаль, 2-орын алған командаға – алтындатылған медаль, 3-орын алған командаға – күміс медаль, ал 4-орын алған командаға – қола медаль тапсырып келді. Бірақ 1998 жылдан бастап, қайтадан бұрынғы жүйеге көшті.