Сәкен СЫБАНБАЙ
Дүниежүзінің бүгінге дейінгі 20 доп додасын қоса есептегенде қазір 7 сұрмерген сонадайдан қасқайып көзге шалынады: Мирослав Клозе (Германия) – 16 гол, Роналдо (Бразилия) – 15, Герд Мюллер (Германия) – 14, Жюст Фонтэн (Франция) – 13, Пеле (Бразилия) – 12, Шандор Кочиш (Венгрия) және Юрген Клинсманн (Германия) – 11 голдан. Бұлардың ізін ала қоржынындағы 10 добымен Хельмут Ран (Германия), Теофило Кубильяс (Перу), Гжегож Лято (Польша), Гарри Линекер (Англия), Габриэль Батистута (Аргентина) және Томас Мюллер (Германия) жайғасқан.
«Жайғасқан» деген себебіміз – бұлардың да, алдыңғы сайыпқыран жетеудің де өз көрсеткіштерін өзгертуге енді мүмкіндігі жоқ. Бәрі дерлік құрамаларымен қош айтысқан. Кейбірі, дәлірек айтқанда, Кочиш пен Ран тіпті өмірмен де қайырласып үлгерген. Тек 2010 және 2014 жылғы турнирлерде қатарынан 5 голдан соғып, «10 доп» деген межеге жеткен Т.Мюллер ғана өз отандасы – М.Клозені қуып жетуден дәмелі. Сондай-ақ, мергендер көшіндегі көрсеткіштерін жақсарта түсуі мүмкін жігіттер ретінде колумбиялық Хамес Родригесті (6 гол), австралиялық Тим Кэйхиллды (5 гол), аргентиналықтар Лионель Месси мен Гонсало Игуаинді (5-тен) және бразилиялық Неймарды (4 гол) атап өтуге болады. Португалиялық Криштиану Роналду мен мексикалық Хавьер «Чичарито» Эрнандестің еншісінде небәрі 3 голдан ғана бар.
Өздері қатысқан төрт әлем чемпионатының бәрінде де гол соққан ойыншылар үшеу: Пеле (Бразилия), Уве Зеелер (Германия) және Мирослав Клозе (Германия). Тағы 29 футболшы үш финалдық турнирде қарсы қақпаны дәл көздеген.
Жалпы осыған дейінгі 20 әлем чемпионатында 2379 гол соғылыпты. Оның ең біріншісін 1930 жылдың 13 шілдесі күні жергілікті уақыт 15.19-да Монтевидеоның «Поситос» стадионында Франция құрамасының шабуылшысы Люсьен Лоран соқты. Ол мексикалық қақпашы Оскар Бонфильоны қапы қалдырып, торды дәл көздеді. Ал басқа «дөңгелек санды» голдарды кімдер соққан екен, еске түсірейік:
Мерейлі голдардың авторлары
1 Л.Лоран Франция – Мексика – 4:1 19-мин. 1930
100 А.Скьявио Италия – АҚШ – 7:1 64-мин. 1934
200 Х.Андерссон Швеция – Куба – 8:0 89-мин. 1938
300 Шику Бразилия – Испания – 6:1 55-мин. 1950
400 М.Морлок Германия – Түркия – 7:2 77-мин. 1954
500 Б.Коллинз Парагвай – Шотландия – 3:2 75-мин. 1958
600 Д.Еркович Югославия – Уругвай – 3:1 49-мин. 1962
700 Пак Сын Дин КХДР – Чили – 1:1 88-мин. 1966
800 Г.Мюллер Германия – Болгария – 5:2 87-мин. 1970
900 Э.Ясальде Аргентина – Гаити – 4:1 15-мин. 1974
1000 Р.Ренсенбринк Голландия – Шотландия – 2:3 34-мин. 1978
1100 С.Балтача КСРО – Жаңа Зеландия – 3:0 69-мин. 1982
1200 Ж-П.Папен Франция – Канада – 1:0 78-мин. 1986
1300 Г.Линекер Англия – Парагвай – 3:0 71-мин. 1986
1400 Й.Экстрем Швеция – Коста-Рика – 1:2 32-мин. 1990
1500 К.Каниджа Аргентина – Нигерия – 2:1 22-мин. 1994
1600 П.Исса Франция – Оңт.Афр. – 3:0, өз қ. 77-мин. 1998
1700 С.Комленович АҚШ – Югославия – 0:1 4-мин. 1998
1800 Бету АҚШ – Португалия – 3:2 39-мин. 2002
1900 К.Вьери Оңт.Корея – Италия – 2:1 18-мин 2002
2000 М.Алльбек Швеция – Англия – 2:2 51-мин 2006
2100 Х.Эрнандес Франция – Мексика – 0:2 64-мин. 2010
2200 А.Роббен Уругвай – Голландия – 2:3 73-мин. 2010
2300 Дж.Джонс АҚШ – Португалия – 2:2 64-мин. 2014
Ресей жасыл алаңдарында соғылатын жиырма бірінші гол – 2400-гол болмақ. Бұған дейінгі додалардағы футболшылардың қарсы қақпа алдында танытқан «белсенділік мөлшерін» ескере келгенде, бұл мерейлі доп 16 маусым, сенбі күні торға түсуі ғажап емес. «Кімдер соғуы мүмкін?» деймісіз? Сол күні түнге қарай ойнайтын Перу – Дания («С» тобы) немесе Хорватия – Нигерия («D» тобы) кездесулерін кірпік қақпай тамашаласаңыз болады. Сондай-ақ топтық кезеңнің соңына немесе плей-офф сатысына қарай 2500-голды да көре аламыз.
Ойынды асықпай бастап, ақырында «арбалап қоян алатындар» бар да, ай-шай жоқ, іске бірден кірісетіндер бар. Осыған дейін соғылған 2379 голдың он шақтысы сағаттың тілі бір айналып үлгермей жатып, қақпаға қойып кеткен. Оның ең жылдамы – 2002 жылғы чемпионатта, қола жүле үшін таласқан Түркия және Оңтүстік Корея командаларының кездесуінде торға түсті. Сол уақыттан бері одан тез соғылған гол жоқ.
Ең жылдам голдар:
11-секунд – Хакан Шүкір (Түркия – Оңт.Корея – 3:2) 29.06.2002
15-секунд – Вацлав Машек (Чехословакия – Мексика – 1:3) 07.06.1962
25-секунд – Эрнст Ленер (Германия – Австрия – 3:2) 07.06.1934
27-секунд – Брайан Робсон (Англия – Франция – 3:1) 16.06.1982
30-секунд – Клинт Демпси (АҚШ – Гана – 2:1) 16.06.2014
35-секунд – Эмиль Вейнан (Франция – Бельгия – 3:1) 05.06.1938
35-секунд – Арне Нюберг (Швеция – Венгрия – 1:5) 16.06.1938
37-секунд – Бернар Лякомб (Франция – Италия – 1:2) 02.06.1978
50-секунд – Флориан Альберт (Венгрия – Болгария – 6:1) 03.06.1962
51-секунд – Адальберт Дешу (Румыния – Перу – 3:1) 14.07.1930
53-секунд – Сельсо Айяла (Парагвай – Нигерия – 3:1) 24.06.1998
59-секунд – Пак Сын Дин (Португалия – КХДР – 5:3) 23.07.1966