Биыл қазақ футболының тәуелсіздік дәуіріндегі бас мергені Нұрбол Жұмасқалиев Қазақстан премьер-лигасында 17 матч (7 — «Ертіс», 10 — «Тобыл») өткізіп, гол соққан жоқ. Егер ол қарсыластар қақпасын бірт рет қана дәл көздеген болса, Мұрат Тілешевке жетер еді.

Мұрат Тілешев – Қазақстан премьер-лигасында 18 маусым бойы үздіксіз гол соққан жалғыз футболшы.

Жұмасқалиев қазақ футболындағы ғұмырын 1997 жылы І лигадағы «Уралец» (Орал) командасында бастады. 1998, 1999 жылдары «Нарын» (Орал) және «Жетісу» (Талдықорған) командаларында жоғары лигада 37 матч өткізіп, гол соға алған жоқ. Сосын 2000 жылы «Тобылға» (Қостанай) ауысты да, 2016 жылдың соңына дейін (2011 жылы бір маусым «Астанада» ойнап, 10 доп енгізді) 166 гол авторы атанды. Яғни, 17 маусым үздіксіз мергендік танытты.

Биыл «Оқжетпестің» жартылай қорғаушысы Игорь Юрин де қарсыластар қақпасын дәл көздей алмады. Ол да жалқы рет мергендікпен көзге түссе, Жұмасқалиевті қуып жетер еді. Юрин 16 маусым үздіксіз гол соқты.

Қазақ футболындағы мергендік маусымы ең ұзақ футболшылар:

1. Мұрат Тілешев («Тараз», «Жеңіс»/»Астана», «Шахтер», «Ертіс», «Ордабасы», «Ақтөбе», «Жетісу», «Атырау») — 18 маусым (1998-2015, 148 гол)
2. Нұрбол Жұмасқалиев («Уралец», «Жетісу», «Тобыл», «Астана», «Ертіс») — 17 маусым (2000-2016, 166 гол)
3. Игорь Юрин («Жетісу», «Шахтер», «Атырау», «Жеңіс», «Екисбастузец», «Тобыл», «Ертіс, «Оқжетпес») — 16 маусым (2001-2016, 48 гол)
4. Нұркен Мазбаев («Тараз», «Қайсар», «Синтез», «Жеңіс», «Достық», «Қайрат», «Тобыл», «Ордабасы») — 15 маусым (1993-2007, 142 гол)
5. Руслан Гумар («Батыр», «Ертіс», «Есіл-Богатырь», «Жетісу») — 15 маусым (1992-2006, 50 гол)
6. Руслан Иманқұлов («Шахтер») — 14 маусым (1992-2005, 98 гол)
7. Серік Жейлетбаев («Қайрат», «Шахтер», «Есіл-Богатырь», «Ертіс», «Восток») — 14 маусым (1995-2007, 58 гол)
8. Қайрат Әшірбеков («Синтез», «Достық», «Тараз», «Локомотив», «Ақтөбе», «Ордабасы») — 13 маусым (2002-2014, 64 гол)

Э.Глазунов, А.Финонченко, К.Котов, Ф.Ордабаев, Ә.Бөлешев сияқты футболшылар 12 маусымда гол соғыпты. А.Финонченко 2015 жылы қанжығасын майлай алмай, 2016 жылы 2 гол соқты. Арада бір жыл үзіліс болмағанда, ол 14 маусымда мергендігін танытқан болар еді. Ә.Бөлешев 2010 жылдан кейін екі маусымды І лигада өткізді, сөйтіп көрсеткішін 12 маусыммен тоқтатып алды. Қ.Әшірбеков соңғы үш маусымда «Ордабасы» сапында 42 матчқа қатысқанмен, бір де бір гол енгізбеді. Осы үш маусымда 1 доптан соғып отырғанда, ол бүгінде Жұмасқалиевпен бір сатыда тұрар еді.

Тілешевті кім қуып жетуі мүмкін? Қазіргі нәтижелі ойыншылар ішінде А.Нұрғалиев («Ордабасы», 12 маусым), С.Хижниченко («Шахтер», 11 маусым) жақсы келе жатыр. Нұрғалиев биыл 31-ден асты. Кемі 4-5 маусым жоғары деңгейде ойнай алады. Демек, нәтижелілігінен танбаса, Нұрболды маңайлауы мүмкін. Ал Хижниченко әлі жас, 26-дан жаңа асты. Ол қазақ футболының майданына 17 жасынан бері араласып келеді. Әр жылдары «Корона» (Польша), «Шахтер» (Беларусь) командаларында ойнаса да, маусымның екінші бөлігінде елге оралып, бір рет болса да гол соғып жүр. Биыл да Беларусьтің «Шахтерінен» өзіміздің «Шахтерге» оралып, 1 гол соқты. Соның өзі оның Қазақстан премьер-лигасында гол соққан маусымдарының санын 11-ге жеткізуіне жеткілікті болды.

(«Тобыл» ФК фотосы)