Чемпиондар лигасы
ІІІ іріктеу кезеңі. Алғашқы матч

АЕК (Грекия) — ЦСКА (Ресей) — 0:2 (Дзагоев, 45+1, Вернблум, 56)

ЦСКА командасының қақпашысы Игорь Акинфеев Чемпиондар лигасындағы сәтсіз сериясына нүкте қойды. Ол 43 матчта қатарынан өз қақпасына доп жіберген еді. АЕК-пен кездесуде Игорь 11 жылда бірінші рет өз қақпасын «құрғақ» ұстай алды. Бұл серияның жанкүйерлер есінде жүруге тиіс мынадай ерекшеліктері бар:

* Серия 2006 жылдың 21 қарашасында басталды. Акинфеев Мәскеудің «Локомотив» стадионында «Порту» жартылай қорғаушысы Рикарду Куарежманың дәл соққысын 2 минутта жіберіп алды.
* Серия 3919 күнге созылды. Содан бергі 43 ойында қарсыластар Акинфеев қорғаған қақпаға 84 гол соқты.
* 2013 жылдың 2 қазанында ЦСКА — «Виктория» (Чехия) кездесуінде өз қақпасына доп жіберіп, Акинфеев Чемпиондар лигасының антирекордын жаңартты. Бұған дейін лигада ПСВ (Голландия) қақпашы Роналд Ватерройс 16 матчта қатарынан гол жіберген-ді. Акинфеев осы рекордты бір матчқа ғана емес, кейін тағы 27 ойынға созды.
* Осы серия барысында Акинфеев өз қақпасына 2 гол соғып алды. Бұл да — Чемпиондар лигасының антирекордтарының бірі. Біріншісі — 2015 жылдың 25 қарашасында «Вольфсбургпен» кездесуде (0:2) Акинфеев 67 минутта «есеп ашты», екіншісі — 2016 жылдың 8 қарашасында «Тоттенхемге» қарсы ойнап жатып (0:3), Игорь 33 минутта өз қақпасын дәл көздеді.

Дегенмен сәтсіз серия әлі жалғасып жатыр. И.Акинфеевтің Чемпиондар лигасының топтық турниріндегі «голды» матчтар сериясы 39 матчқа жеткен. ЦСКА биыл топтық турнирге шығатын болса, Акинфеев енді осы серияны доғаруға барын салатын болар.