Сіз білесіз бе?
1992 жылдың 19 сәуірінде Алматының Орталық стадионында ел чемпионатының тұңғыш матчы өткізілді. Бір маусым бұрын ғана КСРО бірінші лигасының аутсайдері болған «Қайрат» Қазақстан біріншілігінің басты фавориті болып шыға келді. Ол кезде Қазақстан командаларының басым бөлігі КСРО екінші лигасының сегізінші аймағында ойнағандықтан, аз уақытта ел чемпионатына мықты құрам жинап үлгермеп еді. Барымен базар болуға тура келді. Әуелгі чемпионатқа 25 команда қатысып, екі айналымдық бір кезең, чемпиондық пен жоғары лигада қалуға арналған екінші кезеңді өткізді.
Тұңғыш матчта «Қайрат» «Актюбинецтен» басым түсті. Осы ойынның 41 минутында капитан Асқар Қожабергенов 11 метрлік айып добын В.Лабунец қорғаға қақпаға соға алмады. Допты қақпашы қайтарғаны, не болмаса Қожабергеновтің сыртқа тепкені туралы нақты мәлімет жоқ. Бұл кездесуден тікелей трансляция да ұйымдастырылғаны есімізде. Алайда пенальти тағдыры жадымызда сақталмапты.
Ал І турдағы «Мелиоратор» (Шымкент) — «Горняк» (Хромтау) кездесуінде оңтүстікқазақстандықтардың шабуылшысы Е.Сысоев пенальтиді дәл соқты. Қазақстан чемпионаттарында қақпа төрінен табылған алғашқы дәл пенальти — осы.
Ең қызығы, А.Қожабергенов екінші турдағы «Қайрат» — «Горняк» кездесуінде де пенальти соғуға мүмкіндік алды. Бұл жолы ол мүлт кеткен жоқ.
«Қайрат» — «Актюбинец» — 3:1 (3:0)
Голдар: В.Нидергаус, 6 (1:0), С.Волгин, 8 (2:0), С.Волгин, 17 (3:0), А.Мирошниченко, 53 (3:1)
Соғылмаған пенальти: А.Қожабергенов («Қайрат»), 41
«Қайрат»: В.Кафанов; А.Қожабергенов; С.Пасько; С.Анашкин; Қ.Айманов; А.Скляров (А.Богатырев, 46); Ю.Найдовский; В.Масудов; А.Әбілдаев; В.Нидергаус (В.Яблочкин, 46); С.Волгин (Б.Еңсебаев, 70)
«Актюбинец»: В.Лабунец; Д.Жоланов; И.Кистер; А.Гусев; М.Жоланов (Р.Оразбаев, 84); С.Курнаев (Г.Глушич, 79); Ю.Иванов (С.Матвийчук, 57); А.Мирошниченко; Г.Слепнев; В.Чмиль; В.Сепашвили
Төреші: Н.Гуш
19.04.1992. Алматы. Орталық стадион. 3500 көрермен.