Қазақстан премьер-лигасы
13 тур. 20 мамыр
«Қайрат» — «Тараз» — 4:0 (Тұрысбек, 55, Гоу, 58, Исаель, 80, Исламхан,87-пенальтиден)
«Қайраттың» шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек үшінші ойын қатарынан гол соқты. Бұл голдардың зор ерекшелігі бар: үш допты да Тұрысбек джокер ретінде — ойын барысында командаластарын алмастырып шығып енгізді. 11 турда «Атырау» қақпасына 90+6 минутта салған добы есеп айырмасын қысқартса (1:2), 12 турда «Оқжетпес» қақпасына 79 минутта жеңіс голын тоғытты (3:2). «Таразбен» кездесуде Бауыржан екінші таймда Михаил Бақаевты алмастырып,он минут өтпей жеңіс голының авторы атанды.
Осылайша Тұрысбек биылғы ең мерген джокер болып тұр. Ең қызығы, ол «Қайрат» сапындағы 4 голын да джокер есебінде енгізді. Өткен жылы Бауыржан оңтүстік астанаға «Жетісудан» жазда ауысып, Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде «Теута» (Албания) қақпасына голды екінші таймда алаңға шығып соққан еді.