Футболдан Қазақстан кубогының 1/8 финалының жеребесі тартылды. Бұл кезең бір ойыннан тұрады, 19 сәуірде бірінші аталған командалардың алаңында өтеді.
Сонымен, 1/8 финал жұптары мынадай:
«Қызыл-Жар СҚ» – «Ордабасы»
«Тобыл» – «Шахтер»
«Мақтаарал» – «Оқжетпес»
«Ертіс» – «Қайсар»
«Қыран» – «Атырау»
«Қайрат» – «Тараз»
«Ақжайық» – «Ақтөбе»
«Жетісу» – «Астана»
Биылғы жеребе өткен жылғы қарсыластарды бір-біріне мүлде жолықтырған жоқ. Бұл кезеңге өткен жылы І лигадан 4 команда («Алтай», «Қызыл-Жар СҚ», «Каспий» және «Қайсар») шығып, солтүстікқазақстандықтар ғана ширек финалға жолдама алып еді.
Биыл да алғашқы іріктеу кезеңінен «Қызыл-Жар», «Мақтаарал», «Қыран» және «Жетісу» командалары сүрінбей өтті. «Мақтаарал» командасы өз тарихында тұңғыш рет 1/8 финалға шығып отыр.
Жалпы, соңғы екі жылда ел кубогының финалында тек «Қайрат» пен «Астана» өнер көрсетіп жүр. 2015 жылы – «Қайрат», 2016 жылы «Астана» жеңімпаз атанды. Бұл турнирде дара шыққан команда Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Биылғы турнир басталғанда, Шығыс Қазақстан облысының «Алтай» командасы іріктеу жарыстарына қатыса алмады. Бұл команда премьер-лига талаптарына сай болмағандықтан, І лигаға ысырылып еді. Оған да құрылымын сәйкестендіре алмай, енді ІІ лигада ойнайтын болды. Демек, биылғы Қазақстан кубогына 20 команда қатысады.