Промоутер Том Леффлер 18 наурыздағы Головкин-Джейкобс жекпе-жегінің кірісі жайлы мәліметті жария етті.
Бұл кездесу PPV (ақылы трансляция) жүйесі бойынша да көрсетілді. Леффлердің айтуынша, алдын ала есеп бойынша, ақылы трансляция арқылы тамашалағандар саны 153 000-нан кем болмауға тиіс. Головкиннің жекпе-жегі бұл жүйе бойынша алғаш 2015 жылдың қазан айында (қарсыласы — Давид Лемье) көрсетіліп, 153 мың көрсеткішке жеткен болатын. Леффлердің нұсқап тұрғаны осы.
Головкин — Джейкобс кездесуіне сатылған билеттерден 3,7 млн доллар табыс түскен. Ал трансляцияның 100-ден астам елге көрсетілуінің арқасында қазына тағы 1 млн долларға молайған. Бұл — Головкиннің спорттағы ғұмырындағы ең жоғары көрсеткіші.
Келісім бойынша, бұл жекпе-жектен Головкин 2,5 млн доллар сыйақы алды, ал Джейкобсқа 1,7 млн доллар бұйырды.
Головкин өз кәсіби ғұмырында тұңғыш рет 12 раундты толық өткеріп, америкалық қарсыласы Даниел Джейкобсты төрешілердің ортақ шешімімен ұтты. Енді алдағы маусым айында Гена Астанада Билли Джо Сондерспен кездесуі мүмкін.