Қазақстан премьер-лигасы
17-18 наурыз. 3 тур
«Астана» — «Ақжайық — 3:1 (Кабананга, 12, Луллуаку, 13, Твумаси, 62 — Рубио, 35)
«Ақжайық» Астанада 2 доп айырмасымен ұтылуды дағды етіп келе жатқан сияқты. Өткен жылы екі команда елордада 10 турда (9 мамыр күні) кездесіп, «Астана» 2:0 есебімен жеңіске жеткен-ді. Ол кездесуде де алаң иелерінің соңғы голын Патрик Твумаси енгізді. Биылғы матчта «Астана» ең алдымен өзінің психологиялық кедергісін арта қалдырғандай. Өйткені, осы турға дейін үш дүркін чемпиондар жеңіс дәмін тата алмаған-ды. «Астана» шабуылшыларының гол соғуы да біраз түйінді тарқатты. Африка ұлттар кубогының бас мергені Кабананга да, Румыния чемпионатында нағыз мерген болып танылған Луллаку да Қазақстан чемпионатындағы дәл де нəтижелі соққыларын оралдықтар қақпасына жасады. Қонақтардың легионері Рубио екінші матчта қатарынан нәтижелі соққымен көзге түсіп отыр.
«Тараз» — «Қайрат» — 0:0
«Қайрат» соңғы үш жылда Тараздан міндетті түрде ұпай жоғалтып қайтуды әдетке айналдырды. 2015 жылы оңтүстікастаналықтар — 0:1 есебімен, 2016 жылы 1:2 есебімен ұтылды. Ендеше, бүгінгі голсыз мачты «Қайраттың» ілгерілеуі деп бағалауға болатын шығар. Маусым соңында осы бір ұпайдың көмегі зор болуы да мүмкін. «Тараз» — «Қайрат» матчы 3 турдағы ең көп көрермен жинаған ойын болды (4500 адам).
«Оқжетпес» — «Тобыл» — 1:0 (Хорват, 37)
Алғашқы турдағы сәтсіздіктен кейін «Оқжетпес» еңсе түзей бастады. 2 турда көкшетаулықтар Алматыда «Қайраттан» соңғы секундтарда ұпай тартып алып еді. Ал 3 турда шартты түрдегі өз алаңында (матч «Астана-Аренада» өтті) «Оқжетпес» биылғы маусымда қарқынды бастаған «Тобылды» тізерлетті. Словениялық легионер Лукас Хорват Қазақстандағы алғашқы голын соғып, матч тағдырын шешті. Ойын алдында Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшысы Азамат Айтқожин Игорь Юринді Серік Жейлетбаев атындағы сыйлықпен марапаттады. Бұл сыйлық Қазақстан премьер-лигасында ең көп матч өткізген футболшыларға табыс етіледі. Юрин биыл 2 матчқа, барлығы 389 ойынға қатысты. Қазіргі футболшылар ішінде Игорь бұл көрсеткіш бойынша Нұрбол Жұмасқалиевтен («Ертіс», 496 матч), Самат Сымақовтан («Ордабасы», 432) және Қайрат Әшірбековтен («Ордабасы», 399) кейінгі төртінші орында келеді.
«Ақтөбе» — «Ордабасы» — 0:1 (Нөсербаев, 7)
Алаң иелері жанкүйерлерін қуанта алған жоқ. Бразилиялық легионер Юри Альмейда осы турда алаңнан қуылған жалғыз футболшы болды. Ал Таңат Нөсербаев «Ордабасыға» оралғаннан кейінгі алғашқы голын соқты, онысы командасына дереу үш ұпай әкелді. Бас төреші Артем Кучин бұл матчта 8 ойыншыға ескерту берді. «Ақтөбе» — үш турда әлі гол соға алмаған жалғыз команда.
«Атырау» — «Ертіс — 0:1 (Родриго, 88)
Биылғы чемпионатқа бірден 9 ұпай жоғалтып енген «мұнайшылар» аутсайдер жағдайына бой үйретіп үлгерді ме? Өз алаңында олар «Ертіске» есе жіберді. Бұл жеңістен кейін павлодарлықтар көшбасшылар үштігіне еркін еніп отыр.
«Шахтер» — «Қайсар» — 0:1 (Аржанов, 23)
Премьер-лигаға биыл оралған «Қайсар» көшбасшылықты ешкімге берер емес. Қызылордалықтар — бас лигада еш ұпайын жоғалтпаған жалғыз команда. Ал «Шахтер» биыл да қалың шаң арасында жүретін сияқты. Кеншілер қатарынан екінші матчта өз алаңында «Қайсардан» жеңіліп отыр.