18 наурызда WBC, WBA, IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақта әлем чемпионы Геннадий Головкин америкалық Дэниел Джейкобспен кездеседі. Жекпе-жек өтетін жер — Нью-Йорк қаласындағы «Медисон Сквер Гарден» аренасы.
GGG бұл даңқты кешенде тұңғыш рет 2013 жылдың 13 қаңтарында өнер көрсетті. Ол мұнда өзінің WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын — алтыншы рет, IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын үшінші рет қорғады. Қарсыласы Габриель Росадоны (АҚШ) ол 7 раундтың 2:46 минутында нокаутқа түсірді. Бұл — Генаның кәсіпқойлар арасындағы 25-кездесуі еді.
Бокс орталығы саналатын «Мэдисон Сквер Гарден» — Головкин үшін құтты орда. Ол мұнда өткізген барлық жекпе-жегінде жеңіске жетті.
Екінші рет жұрт «Медисондағы» Головкиннің өнеріне сол 2013 жылдың 2 қазанында куә болды. Гена америкалық Көртис Стивенске қарсы жекпе-жекте өзінің WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын — тоғызыншы рет, IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын алтыншы рет қорғады. Кездесу отандасымыздың күмәнсіз басымдығымен өтті. ІІ раундта Стивенс бір рет нокдаун алды. VІІІ раундқа шықпай, жекпе-жектен бас тартқан соң Головкин күмәнсіз жеңімпаз деп танылды. (Кәсіпқойлар арасындағы 28-кездесуі).
2014 жылдың 26 шілдесінде «Медисон Сквер Гарден» тағы да Гена өнеріне қол соқты. Аталған екі нұсқа бойынша өзінің әлем чемпионы атағын 11 және 8-рет қорғаған Головкин тағы да жұртқа нокаут сыйлады. Бұл жолғы қарсыласы ұлыбританиялық Дениел Гил болатын. 12 раундқа жоспарланған жекпе-жекте Гил үш раундқа ғана шыдады. ІІ раундта бір рет нокаут алған соң, келесі бөлікте «жер жастанып» бір-ақ тынды. (30-жекпе-жек).
Содан кейін Майқұдықтың оғланы «Медисонға» 2015 жылдың 17 қазанында оралды. Таразы басында Головкиннің WBA нұсқасы бойынша суперчемпионы атағы (15-рет қорғау), IBO чемпионы бойынша әлем чемпионы атағы (12-рет қорғау), WBC нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы атағы (3-рет қорғау) тұрды. Ал GGG-дың бұл күнгі қарсыласы Давид Лемье (Канада) ортаға өзінің IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын қойды. Кездесу алдында оңды-солды уәде таратқанына қарамастан, Лемье біздің батырға қарсылас болып жарытпады. V раундта нокдаунға бір түсіп, VIII раундта төрешінің араласуымен әрең «аман қалды». Бұл Головкиннің 34-жекпе-жегі болатын.
Араға тағы 2 кездесу салып барып, алдағы көктемде Геннадий Головкин «Медисон Сквер Гарденде» бесінші рет өнерін паш етеді. Бұл жолы оның чемпиондық атақтарының бәрі де сарапқа салынады.