Жапонияда өтіп жатқан клубтық әлем чемпионатында тұңғыш рет бейнеқайталауды көру арқылы соғылған гол тіркелді. Жартылай финалдағы «Атлетико Насьональ» (Колумбия) – «Касима Антлерс» (Жапония) кездесуінің 33 минутында бас төреші Виктор Кашшаи айып алаңының ішінде ереже бұзылғанын бейнеқайталаудан анықтап, «Атлетико» қақпасына пенальти белгіледі. Шабуылшы Семе Дои бұл мүмкіндікті қалт жіберген жоқ. Ойын қорытындысында 3:0 есебімен жеңіске жеткен «Касима» финалға жолдама алды.

Екінші жартылай финал бүгін өтеді. «Америка» (Мексика) – «Реал» (М, Испания) жұбының жеңімпазы 18 желтоқсан күні «Касимамен» кездеседі.

Футболда жаңа технологияларды пайдалану қажеттілігі біраз уақыттан бері айтылып келеді. Әуелде бұл бастаманы қолдаушылар аз еді. Бірақ төрешілердің қателіктері жиілене түскен соң, Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) ақырындап техникалық прогреске мойын бұра бастады. Голдың нақты соғылғанын анықтау жүйесі алғаш рет 2012 жылғы клубтық әлем чемпионатында қолданылды. Сосын 2013 жылғы Конфедерация кубогында, 2014 жылғы әлем чемпионатында тұрақты қолданысқа енгізілді. Сол доданың топтық турниріндегі Франция – Гондурас кездесуінде жаңа жүйе алғашқы жемісін берді. Шабуылшы Кәрім Бенземаның соққысы сызықтан асып түскенін технология толық анықтап, таблодан қайталаған кезде жиналған жұрттың көзін жеткізді.Қазір ағылшын премьер-лигасы бұл жүйені орайлы пайдаланып жүр.

Ал жақын-жуықта футболшылар «ақылды доптарды» тебуге көшеді. Арнайы құрылғымен жабдықталған «Инсайд Коач» добы траекторияны, соққы салмағын, айналу жылдамдығын, қай футболшының неше рет аяқ тигізгенін, қанша рет пас бергенін дәл хабарлап тұрады. Осыған қарап-ақ бапкер өз шәкіртінің қай қасиетін жетілдіре түсу қажеттігін біліп отырмақ.