Әділбек Ниязымбетов (81 келі) Рио олимпиадасының финалында кубалық Хулио ла Крустан 0:3 (28:29, 28:29, 28:29) есебімен ұтылып, күміс жүлдеге ие болды.
Бұл — оның олимпиадалардағы екінші күміс медалі. 2012 жылғы Лондон додасының финалында Ниязымбетов ресейлік Егор Мехонцевке жол берген болатын.
Әділбек — қатарынан екі олимпиадада вице-чемпион атанған екінші қазақ боксшысы. Болат Жүмаділов 1996 жылы Атлантада және 2000 жылы Сиднейде күміс жүлде жеңіп алған болатын.
Хулио ла Крус осымен үшінші рет Ниязымбетовті алтыннан қағып отыр. 2011 және 2013 жылдары әлем чемпионаттарының финалында да ол біздің боксшыны жеңіп, әлем чемпионы атанған болатын.
Әділбек — тәуелсіздік дәуірінде 2 олимпиадада қатар жүлде алған бесінші спортшы. Болат Жұмаділов (Атланта — күміс, Сидней — күміс), Ермахан Ыбырайымов (Атланта — қола, Сидней — алтын), Илья Ильин (Бейжің — алтын, Лондон — алтын), Ольга Рыпакова (Лондон — алтын, Рио — қола) өз шеберліктерін екі олимпиадада дәлелдей алған болатын. Әділбектен кейін бұл жетістікке кеше Гүзел Манюрова да (Лондон — қола, Рио — күміс) қол жеткізді. Екі олимпиадада медаль алған Александр Винокуров та бар. Бірақ ол күміске Сиднейде қол жеткізсе, алтын жүлдені араға 2 олимпиада салып, Лондонда ұтып алды.