Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Риода қола жүлде жеңіп алды. Үш секіру бағдарламасында соңғы үш олимпиадаға қатысып, соның екеуінде жүлделі болған, Лондонда Қазақстанға алтын сыйлаған мақтанышымыздың қола жүлдесін олқы көретіндей емеспіз. Бұл жүлде оған зор еңбекпен, жігермен келді. Лондон салтанатынан кейін өмірге екінші сәбиін әкеліп, бір жылдан астам уақыт демалған соң, Ольга жаттығуды қайта бастады. Әлем чемпионатында қоладан олжа салды. Жыл басында Бирмингемде (Англия) өткен «Жақұт лига» кезеңінде екі жыл қатарынан ұтылып көрмеген Катерина Ибаргенді (Колумбия) артқа тастап, кезең жеңімпазы атанды. Сөйтіп, Рио алдында Ибарген гегемониясын бұзуға жақын екенін байқатты.
Дегенмен Ибарген Рио төрінде 15,17 метрге секіріп, «өзіне тиесілі» алтынды жұлып әкетті. 14,98 метрге секірген Юлимар Рохас (Венесуэла) күмісті қанжығалады. Ольга болса, алғашқы мүмкіндігінде 14,73 метрге секіріп, бірден алға шығып еді, кейін екі қарсыласы нәтижені жақсартты. Бесінші мүмкіндігінде Рыпакова 14,74 метрді бағындырып, қола жүлдені еншіледі!
Енді қаһарман қыз туралы аз кем дерек.
Ольга үш олимпиадаға қатысты. Ең қызығы, оның жүлде алмаған Бейжің олимпиадасындағы көрсеткіші кейінгі додалардағы олжалы сындарынікінен төмен. Бұл – жыл сайын Рыпакованың көрсеткіші нашарлай түскенін емес, керісінше, осы бағдарламада бәсекенің арта түсуінен! Бәсекелестер мықты болса, спортшы көбірек психологиялық қысымға түседі.
Рыпакованың соңғы үш олимпиададағы нәтижелері мынадай:
№ | Олимпиада | Нәтиже | Орын | Чемпион |
1. | Бейжің-2008 | 15,11 м | IV | Ф.Мбанго (Камерун, 15,39) |
2. | Лондон-2012 | 14,98 м | І | О.Рыпакова (14,98) |
3. | Рио де Жанейро-2016 | 14,74 м | ІІІ | К.Ибарген (Колумбия, 15,17) |
Ольга спортты қазір доғармайтынын айтып қалды. Демек, қара күзде 32 жасқа келетін спортшы 2020 жылғы Токио олимпиадасына талпынуы да өте мүмкін. Биыл жүлдегерлер қатарына енген үштіктің ішінде Ю.Рохас қана тым жас, ол алдағы қазан айында 21 жасқа толады. Ибарген Рыпаковамен құрдас. IV орын алған (14,71 м) америкалық Кетура Оржи биыл 20-ға келді. V орындағы Анна Князева-Миненко (Израиль, 14,68) мен VI нәтиже көрсеткен Патрисия Мамона (Португалия, 14,65) 26 жастан асты. Демек, Токиода осы үздіктердің арасына жастар сыналап кіріп кетпесе, бәсеке негізінен ескі таныстар арасында өрбуі өте мүмкін. Рыпакова сәл тынығып алған соң келесі жылы Лондонда өтетін әлем чемпионатына дайындықты бастамақ.
Ольга Рыпакова – жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасына екі олимпиадада жүлде әперген жалғыз спортшы. Оған дейін Ольга Шишигина (Сидней-2000, 110 метрге кедергілер арқылы жүгіру, чемпион), Дмитрий Карпов (Афина-2004, онсайыс, қола жүлде) олжа салған еді.
Ольга, сондай-ақ, үш олимпиадаға қатар қатысып жатқан қазақстандық екі спортшының бірі. Боксшы Біржан Жақыпов (49 келі) Бейжің олимпиадасынан бері үнемі ширек финалда сүрініп келе жатқан болса, Ольга елімізге екі медаль сыйлады.
Ольганың олимпиадалардағы нәтижесі (1 алтын және 1 қола) боксшы Ермахан Ыбырыайымовтікімен бірдей. Ермахан Сағиұлы да екі олимпиадаға 71 келі салмақ дәрежесінде қатысып, Атлантада – қола, Сиднейде алтын жеңіп алды.