Шведтермен ойынға бір-ақ күн қалды.
Осы кездесудің алдында Қазақстан ұлттық құрамасының отандық баспасөз мүлде байқамай қалған бір «жетістігін» келтіре отырып, мен қазіргі сәтсіздіктеріміздің түп тамыры түу алыста жатқанын нұсқағым келеді.
Қайрат Нұрдәулетов Ирландия құрамасының қақпасына доп соғып, Қазақстан құрамасы тарихындағы 150-ші голдың авторы атанды. Жетістігіміз – осы.
Ары қарай кеттік.
Тұңғыш гол 1992 жылдың 1 маусымында Түркіменстан қақпасына соғылды. Гол авторы – Владимир Нидергаус.
50-ші гол араға екі айы кем 8 (!) жыл салып, 2000 жылдың 8 сәуірінде жылнамаға енді. Қазақстан – Пәкстан – 4:0, Алексей Клишин 72-минутта осы кездесудегі соңғы голды соқты.
Мерейтойлық екі голдың арасында Қазақстан құрамасы 41 кездесу өткізген. Әр ойынға шаққанда 1,21 голдан келеді. Иә, ол кезде Қазақстан футбол қауымдастығы АФК құрамында еді. Тұрақты турнир кестесі болған жоқ. Соған қарамастан және қарсыластарының қазіргімен салыстырғанда тым әлсіз болғанына қарамастан, 50 голды 41 матчта енгізу – өте төмен нәтиже.
Келесі «мерейтойлық» голды – жүзінші допты 6 жыл, 3 ай (05.07.2006 жыл) күтуге тура келді. Соғылу уақыты бұрынғыға қарағанда 2 жылға таяу жылдам. Ол голды дарытқан – Руслан Балтиев (Қырғызстан қақпасына пенальтиден, жолдастық кездесу). 6 жыл, 3 ай ішінде Қазақстан құрамасы 42 кездесу өткізіпті.
Демек, нәтижелілік бір матчқа төмендей түскен. Әр ойынға 1,19 доптан келеді. Осы кезең Қазақстан футболының Азия шымылдығынан шығып, УЕФА түндігінің астына кірген өліара кезеңге тап келеді. Бұл шақтарда біздің голдар адамды үздіктіре, ынтықтыра, тағатын тауыса барып енетін жағдайға жеткен-ді.
Енді, міне, 150-ші голға да келіп жеттік. Жүзінші голдан бері 6 жыл, 2 ай өткеріппіз, 56 қарсыласпен жекпе-жек шығыппыз. Әр ойынға 0,89 голдан келеді. Нәтижелілік әлдеқайда төмендеген. Кездесу сайын 1 гол соғудың өзі арманға айналып бара жатқандай.
Енді осы цифрларға басқа жағынан келейік.
150 гол соғу үшін Қазақстан құрамасы 139 кездесу (әр ойынға шамамен 1,07 гол) өткізген. Осы 139 ойынның 54-інде отандастарымыз мүлде гол соға алмаған. Яғни, әрбір 2,57 матч сайын Қазақстан құрамасының доп енгізуі арманға айналған.
139 кездесуде Қазақстан құрамасының қақпасында 232 рет доп тулапты. Сонда әр ойын сайын біздің қақпаға 1,66 гол еніп отырды деген сөз. Қарсыластарға қарағанда әр ойын сайын 0,59 гол аз соға беретін болсақ, онда «мерейтойлық» 250-ші голды қақпашыларымыздың бірі «ерен ерлікпен» жіберіп қоятын күн алыс емес.
Егер осы қарқын сақталатын болса, Қазақстан құрамасының 200-ші голын 2018 жылы көріп қалуымыз мүмкін.
Футболдың бір ғана ақиқаты бар: жеңу үшін гол соғу керек. Бірақ әрбір елуінші голға араға 6 жыл салып жетіп жүрсек, шекеміздің жуық уақытта шылқи қоюы неғайбыл.
Басқа құрамаларда нәтижелілік көрсеткіші қандай екенін зерттеп көрмеппін. Сондықтан ешқайсысымен салыстыра қарауға мүмкіндігім болмай отыр. Бірақ басқаны қойып, ТМД көлемінде бізден де нәтижесі төмен 3 құрама бар екенін шамалаймын. Олар – Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан құрамалары. Бұлардың нәтижелілігі біздікінен төмен болу себебін түсіну оңай: көршілер жылына асып кетсе, 4 әлде 5 кездесу өткізеді. Сондықтан, Қазақстанның қазіргі көрсеткішін ұяла тұрып қабылдаудан басқа лаж жоқ.
1992 жылдан бергі 139 ойынның 34-інде (24,5%) ғана Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. 32 ойын тең аяқталған, 73 ойында жеңілді. Сонда 52,5% ойын, барлық өткізген кездесудің тең жартысынан астамы сәтсізден де сәтсіз аяқталған.
Статистика бәрін біледі. Бірақ әзірше осы есеп-қисап біздің ыңғайға жығылар емес. Статистика заңдылық тудырады, дәстүр қалыптастырады. Сол дәстүр сол жамбасына салып, лақтырып жатыр бізді…