АҚШ-тың Фриско қаласында (Техас штаты) өткен кәсіпқой бокс кешінде отандасымыз Жәнібек Әлімханұлы бесінші жеңісіне қол жеткізді. Оның қарсыласы «Хитмен» («Жалдамалы жендет») деген лақап аты бар Стивен Мартинес болды. Мартинес бұған дейін 18 кездесу өткізіп, соның 13-інде қарсыласын нокаутпен жеңген. Бес рет қарсыластарына есе жіберген.

Алайда «Жалдамалы жендет» біздің оғланға мықты қарсылас бола алмады. Жәнібек қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді. Бесінші раундта Мартинестің жаттықтырушылары жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Әлімханұлы бұл кездесуде айқын басымдық танытты. Мамандар оның соққысының салмақты бола түскеніне де назар аударып отыр. Ал Мартинес өзінің спортағы ғұмырында бірінші рет ерте жеңілді.

Осы жеңісінен кейін Ж.Әлімханұлы орта салмақта BoxRec рейтингінде 66 сатыға өрлеп, 84-орынға көтерілді. Боксшы алда да мықты қарсыластармен кездесіп, жыл соңына дейін барынша алға жылжуды көздеп отыр. Тіпті чемпиондық атақты да көп ұзатпай уысына түсіруге тәуекел етіп отырғанын батыл айтады. Орта салмақта әлемдік рейтингтің қазіргі көшбасшысы – мексикалық Сауль Альварес. Жәнібек тіпті осы мықтымен кездесуге қазір де дайын екенін айтып келеді. Бірақ чемпионға дейін әлі сан қадам жасау қажет екенін бәріміз түсінеміз.

Мартиеспен жекпе-жек – Жәнібектің АҚШ-та өткізген үшін кездесуі. Ол бұған дейін Окленд және Эль Пасо қалаларында Карлос Гальван (Колумбия) мен Александер Воннан (АҚШ) басым түскен еді.

Жалпы, Әлімханұлы кәсіпқой боксқа 2016 жылы ден қойды. Қазақстанда өткізген екі кездесуінде ол Милтон Нуньесті (Колумбия) алғашқы раундтың 2:25 минутында нокаутқа түсірді, Жилберту Перейра дос Сантосты (Бразилия) ұпай санымен жеңді.