Канаданың Монреаль қаласында өткен бокс кешінде отандасымыз Садриддин Ахмедов тамаша өнер көрсетті. Ол мексикалық Абраһам Хуареспен қолғап түйістіріп, жанкүйер сенімін толық ақтады.

Бұл кездеуде WBC нұсқасы бойынша бірінші орта салмақта әлем чемпионы атағы сарапқа салынған болатын. Хуарес бұған дейін 15 кездесу өткізіп, 13 рет жеңіске жеткен,  5 қарсыласын естен тандырған. Алайда ә дегеннен-ақ Ахмедов кездесу тізгінін қолға алып, қарсыласына ауыр соққылар жаудырды. Ол Хуареске екі рет нокдаун беріп, төртінші раундта нокаутпен жеңді. Бұл – Ахмедовтың жетінші жеңісі.

Канадалық ақпарат құралдары да, бокс шолушылары да Садриддиннің тамаша жеңісіне таңдай қағып жатқанда, жеке бапкер А.Ремси аса алақайлай қойған жоқ. Ол шәкіртінің уақытынан бұрын қуанғанына ашық наразылық білдірді.

-Мен оның бұл әрекетіне риза емес екенімді бірден аңғарттым. Шаршы алаңдағы төреші белгі бермейінше, жекпе-жек те аяқталды деуге болмайды. Тіпті күнібұрын қуанғаны үшін Садриддиннің айыпталуы да мүмкін еді. Бұл – кәсіпқойлар арасына жаңа келген боксшылар жиі жіберетін қателік. Дегенмен оның өнеріне ризамын. Оған қарымта шабуылдарды жиі ұйымдастыруды тапсырдыми. Садриддин сол үдеден шықты, – деді Ремси.

Осы кездесуден кейін С.Ахмедов әлемдік рейтингте 116 саты алға жылжып, 85-орынға бір-ақ секірді. Беделді BoxRec сайтының рейтингі бойынша, бірінші орта салмақта 1850 спортшы бар. Көш басында мексикалық Хайме Мунгуйя тұр. Қазақстандықтар арасында Нұрсұлтан Жаңабаев алда, оның орны – сексенінші.

Естеріңізге сала кетейік, Монреальдағы жеңісін С.Ахмедов Денис Теннің құрметіне және Геннадий Головкинге арнады. «2018 жылы қазақ халқы жеккен қасіреттер мен тап болған сәтсіздіктер артта қалсын» деді ол.