«D» тобындағы Аргентина – Хорватия (0:3) ойынына біздің жанкүйер қауымға жақсы таныс төреші Раушан Ирматов (Өзбекстан) қазылық етті. Бұл – оның әлем чемпионаттарының финалдық турнирлеріндегі 10-матчы.
Сәкен СЫБАНБАЙ
Өзбек төрешісі тұңғыш рет дүниежүзілік доп додасы кездесуін 2010 жылы жүргізді. Ол алдымен Оңтүстік Африка Республикасында өткен турнирдің тұсаукесер матчына (Оңт. Африка – Мексика – 1:1) қазылық етті. Сосын сол чемпионаттың топтық кезеңіндегі Англия – Алжир (0:0), Грекия – Аргентина (0:2) ойындарына төрелік жасады. ФИФА басшылығына жас реферидің жұмысы ұнаған болуы керек, сосын плей-офф кезеңі үшін іріктелген таңдаулылардың қатарына қосылды.
Сол доп додасындағы жұртшылықты айран-асыр қылған Германия – Аргентина (4:0) ширек финалын жүргізген де Р.Ирматов болатын. Арада төрт-бес күн өтер-өтпесте өзбек төрешісі бірінші жартылай финалға да (Уругвай – Голландия – 2:3) қазылық еткен-ді. Сөйтіп, ол 2006 жылы мексикалық рефери Бенито Арчундия қол жеткізген көрсеткішті (бір чемпионатта – 5 ойын) қайталады.
Раушан Ирматов Бразилияда ұйымдастырылған 2014 жылғы доп додасына да белсене қатысты. Топтық кезеңде ол Швейцария – Эквадор (2:1), Хорватия – Мексика (1:3) және АҚШ – Германия (0:1) матчтарын жүргізді. Сосын ширек финал кезеңіндегі Голландия – Коста-Рика (0:0, пенальтиден 4:3) кездесуіне қазылық етті. Бұл – оның финалдық турнирлерде төреші болған 9-матчы болатын. Демек, рекордтық көрсеткіш еді.
Төрешілердің ішінде ең көп матч өткізгендері мыналар:
9 матч Раушан Ирматов (Өзбекстан) 5 (2010), 4 (2014)
8 Жоэль Кинью (Франция) 1 (1986), 3 (1990), 4 (1994)
8 Бенито Арчундия (Мексика) 5 (2006), 3 (2010)
8 Хорхе Ларрионда (Уругвай) 4 (2006), 4 (2010)
7 Ян Лангенус (Бельгия) 4 (1930), 1 (1934), 2 (1938)
7 Бенджамин Гриффитс (Уэльс) 2 (1950), 3 (1954), 2 (1958)
7 Хуан Гардесабаль (Испания) 2 (1958), 3 (1962), 2 (1966)
7 Мұхаммед Буйсаим (БАӘ) 2 (1994), 3 (1998), 2 (2002)
7 Карлос Симон (Бразилия) 2 (2002), 3 (2006), 2 (2010)
7 Франк Де Блекере (Бельгия) 4 (2006), 3 (2010)
Егер ФИФА сенім артса, Раушан Ирматов биылғы дода ойындарына әрі қарай да төрелік ете бермек. Яғни, ол рекордтық көрсеткішін одан әрі жақсарта түседі деген сөз.
Байқасаңыздар, өзбек төрешісі басқалардан гөрі Аргентина құрамасының ойындарына жиірек (3 рет) қазылық етіпті. Нәтиже Лионель Месси мен оның командасы үшін тым сәтсіз: бір жеңіс, екі ірі жеңіліс.