Сәкен СЫБАНБАЙ
Әлемдік доп додасының іріктеу сынында неше түрлі ірі есептер кездескен. Мундиаль тарихындағы ең ірі жеңіске Австралия құрамасы қол жеткізген (2001 жылы). Ол Америкалық Самоа аралының командасын 31:0 есебімен ұтқан! Шабуылшы Арчи Томпсон осы матчта 13 гол соққан! 1997 жылы Иран футболшылары Мальдив аралдарынан келген қонақтарын 17:0 еебімен талқандаған. Біраз жыл рекордтық көрсеткіш боп келген Жаңа Зеландияның Фиджиді жеңуі (13:0, 1981 жыл) бұлардың жанында тіпті жіп есе қалмай қалды. Оңбай таяқ жеген командаларға аяушылықпен қарап, әзірге Қазақстан құрамасының ондай масқараға ұшырай қоймағанына шүкіршілік етеміз (біздің ең ірі жеңілісіміз – түріктерден жеген таяқ, 0:6).
Ал іріктеу кезеңін емес, тек финалдық сынды ғана есепке алсақ ше? Әрине, бұл асуға әлгіндей әлжуаз командалар шыға алмайды. Дегенмен, шешуші кезеңнің де азды-көпті өз «самоалары» болады. Мәселен, Мексика – ірі есеппен ең көп ұтылған құрама (10 рет). Одан Болгария да (7 ірі жеңіліс) қалысар емес. Бірнеше командада 5 «масқарадан» бар. Ал қарсыласын аямай «соққыға жығу» жағынан Бразилия алда тұр: ол ірі жеңісті 25 рет тойлаған! Германия – 19, Франция – 12, Аргентина – 9 рет «әлімжеттік» жасаған.
Мундиаль тарихындағы ең ірі жеңіске бірінші болып Венгрия құрамасы қол жеткізді. 1954 жылы Оңтүстік Кореяның алыстан көрмейтін… көзілдірікті қақпашысы Хон Дук Йон тордан 9 доп алуға мәжбүр болды. Тап осы нәтижені (9:0) араға 20 жыл салып, Югославия футболшылары қайталады. Олардың «құрбандығы» – Заир (бүгінде бұл ел Конго Демократиялық Республикасы деп аталады) командасы еді. 1982 жылы венгрлер өздері бастаған рекордтық нәтижені одан бір саты биікке көтерді: олардың Сальвадор құрамасымен кездесуі 10:1 есебімен аяқталды! Мұндай көрсеткішті қайталау мүмкін бе енді?
Бір қызығы, әуелде әр голға есі шыға қуанған венгр ойыншылары екінші таймда бірінен соң бірі топырлап қақпаға түсе берген доп авторларын дәл солай құттықтаған жоқ, тек арқасынан бір қағып, қол қысумен ғана шектелуге көшті. Керісінше, сальвадорлықтардың өздерінің жалғыз голына қалай қуанғанын көрген адам оларды әлем чемпионы атанған екен деп ойлап қалғандай еді. Сөйтсек, 1970 жылғы додада қарсыластар қақпасына бірде-бір доп енгізе алмай, пұшайман күйде кеткен оларға ұлттық федерация Испанияға аттанар алдында жалғыз ғана тапсырма – бір гол соғу мақсатын қойған екен. Басты міндеттерінен бірінші ойында-ақ құтылып алған олар кейінгі екі матчта қорғанысты тастай ғып бекітіп, шабуылға шығуды мүлде ойлаған да жоқ. Сөйтіп, Аргентинадан 2, Бельгиядан 1 ғана доп жіберді…
ХХІ ғасырдағы ең ірі есеп – 2002 жылы Германия футболшыларының Сауд Арабиясын 8:0 есебімен талқандауы. Ал 2014 жылғы доданың жартылай финалында немістер Бразилияны 7:1 есебімен масқараға ұшыратты. Бұл – Бразилия құрамасының дүниежүзілік чемпионаттардағы ең ірі жеңілісі еді. Және небәрі екінші ірі ұтылысы: алғашқысында олар 1998 жылғы турнирдің финалында Франциядан таяқ жеген еді (0:3). Сондай-ақ, бұл – жартылай финал кезеңінде болған ең ірі есеп (6 доп айырмасы)…
Ең ірі есептер:
9 доп айырмасы
Венгрия – Оңтүстік Корея – 9:0 1954
Югославия – Заир – 9:0 1974
Венгрия – Сальвадор – 10:1 1982
8 доп айырмасы
Швеция – Куба – 8:0 1938
Уругвай – Боливия – 8:0 1950
Германия – Сауд Арабиясы – 8:0 2002
7 доп айырмасы
Түркия – Оңтүстік Корея – 7:0 1954
Уругвай – Шотландия – 7:0 1954
Польша – Гаити – 7:0 1974
Португалия – КХДР – 7:0 2010
6 доп айырмасы
Италия – АҚШ – 7:1 1934
Венгрия – Индонезия – 6:0 1938
Бразилия – Швеция – 7:1 1950
Германия – Мексика – 6:0 1978
Аргентина – Перу – 6:0 1978
КСРО – Венгрия – 6:0 1986
Аргентина – Сербия – 6:0 2006
Бразилия – Германия – 1:7 2014
5 доп айырмасы
Аргентина – АҚШ – 6:1 1930
Уругвай – Югославия – 6:1 1930
Бразилия – Испания – 6:1 1950
Бразилия – Мексика – 5:0 1954
Венгрия – Германия – 8:3 1954
Германия – Түркия – 7:2 1954
Австрия – Чехословакия – 5:0 1954
Германия – Австрия – 6:1 1954
Аргентина – Чехословакия – 1:6 1958
Югославия – Колумбия – 5:0 1962
Венгрия – Болгария – 6:1 1962
Германия – Швейцария – 5:0 1966
Дания – Уругвай – 6:1 1986
Ресей – Камерун – 6:1 1994
Испания – Болгария – 6:1 1998
Голландия – Оңтүстік Корея – 5:0 1998
Аргентина – Ямайка – 5:0 1998