25 тамыз-2 қыркүйек аралығында Германияның Гамбург қаласында бокстан әлем чемпионаты өтеді. Олимпиададан кейінгі бірінші дүниежүзілік дода болған соң, бұл сынға кіл ығай-сығай қатысады деуге болмас. Бірақ Гамбург шаршы алаңына екінің бірі шыға салмайды. Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (АИБА) 2017 жылғы әлем чемпионатына әр құрлықтың біріншілігінде үздік бестікке ілінгендерді ғана жіберді. Демек, енді бұл доданың сапасы да арта түсері сөзсіз.
Жаңарған құрама
Қазақстан құрамасы Гамбург сынына толық құрамда қатысады. Биыл Ташкентте өткен құрлық чемпионатында отандастарымыз 1 алтын, 3 күміс, 4 қола жеңіп алды. Қосымша жекпе-жек қорытындысында Әділет Құрметов (60 келі) тайландтық қарсыласын ұтып, әлем чемпионатының жолдамасын иеленді. Ал 49 келіде шаршы алаңға шыққан Ержан Жомарт қосымша сында индонезиялық Вангудан жеңіліп еді. Кейін Вангу әлем чемпионатына бармайтыны белгілі болды. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы Гамбург шаршы алаңында толық құраммен өнер көрсететіні нақтыланды.
Әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасының толық құрамы мынадай: Ержан Жомарт (49 келі), Азамат Исақұлов (52 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Әділет Құрметов (60 келі), Бекдәулет Ибрагимов (64 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Ерік Әлжанов (81 келі), Василий Левит (91 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі).
Байқап отырғандарыңыздай, 2016 жылғы Рио олимпиадасынан кейін 49, 52, 60, 64, 69, 75, 81 және +91 келі салмақ дәрежелерінде, яғни құраманың 80 пайызында өзгеріс болды. Бұл құрам 2017 жылдың басында Павлодар қаласында өткен ел чемпионатының үздіктерінен жасақталды. Бірақ 2020 жылғы олимпиадаға қарай ішінара тағы өзгерістер болуы мүмкін. Мысалы, Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов құрамаға оралды. Ол 69 келі салмақта А.Жүсіповпен, Қ.Мараловпен және И.Очкинмен бәсекелеседі. Құрама есігін қағып тұрған басқа да талантты боксшылар бұл «қазақ салмағында» жетерлік. 75 және 81 келі салмақ дәрежелеріне Ж.Әлімханұлы, Ә.Ниязымбетов секілді серкелер де оралады. Жәнібек әзірше әуесқой және кәсіпқой бокс ортасында жүр. Ол келсе, 81 келіде сынға түсуі мүмкін. Ал Әділбек те құрамамен жақын арада қош айтыспайтынын аңғартты. Демек, ардагер боксшылардан біз Қ.Ералиевке, А.Жүсіповке, Д.Елеусіновке, Ә.Ниязымбетовке және В.Левитке төртжылдық жүгі қайта артылуы мүмкін екенін байқаймыз. Өзге салмақтарда жаңа есімдер мен жаңа чемпиондар шығып жатса, еш артық болмас еді.
Бас бапкер бес медаль күтеді
Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты қарсаңында Алматы және Астана қалаларында оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Алматы маңында, АИБА академиясындағы жиынды құрама мүшелері дене күштерін нығайтуға арнаса, Астанада спарринг өткізіп, жан-жақты дайындалды. Германияға жұдырықшы жігіттер 21 тамыз күні аттанып кетті. Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов шаршы алаңға шығар алдындағы 4 күн жігіттердің жергілікті күн райына бой үйретуге жеткілікті екенін айтады.
— Қазақ боксшылары әлем чемпионаттарына ешқашан жай қатысушы болып келген емес. Бұл жолы да жүлде жеңіп алуға аса ниеттіміз. Гамбургте 4-5 медаль жеңіп алуға шамамыз жетеді. Иә, дүние додасына бірінші рет қатысатын боксшыларымыз көп. Дегенмен олар жасөспірімдер мен жастар құрамасында да түрлі халықаралық турнирлерде тәжірибе жинады. Оның үстіне, биыл олар Ташкентте өткен Азия чемпионатында бақ сынады. Бұл да аз жүк емес. Негізгі қарсыластар, әрине, кубалықтар мен өзбектер екені сөзсіз. Оларға Еуропа елдерінен ағылшындарды, француздарды, украиналықтар мен ресейліктерді, мұхиттың арғы жағынан америкалықтар мен мексикалықтарды қосуға болады. Осы жарыс алдында В.Левит пен Ә.Аманқұл жарақаттарын толық емдеді. Ешқайсысының денсаулығы алаңдаушылық тудырмайды, – деді М.Құланұлы.
Қазақстан қай тұста?
Енді аз-кем тарихқа көз жіберейік. Қазақстан құрамасы әлем чемпионаттарына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында жуан жұдырық жігіттеріміз 10 алтын, 10 күміс, 14 қола медаль жеңіп алды. Жалпы бокстан әлем чемпионаттары 1974 жылдан бері өткізіліп келеді. Содан бері әлемдік додалар 18-рет өтіпті. Куба құрамасы осы уақыт аралығында 71 алтын, 32 күміс, 25 қола, жиыны 128 медаль иеленіп, көш басында тұр. Екінші орында – Ресей (23+20+20=63), үшінші орында – АҚШ (16+9+17=42). Кезінде дүрілдеткен Кеңес Одағының құрамасы төртінші орында болса, 34 медаль еншілеген қазақ боксшылары бұл мәртебелі рейтингте 5 орында тұр.
Қазақстан құрамасы қоржынына әлем чемпионатының тұңғыш жүлдесін балқаштық Василий Жиров салды. Ол 1993 жылы Тампереде (Финляндия) өткен әлем чемпионатында 75 келі салмақ дәрежесінде қола жүлде жеңіп алды. Отандастарымыздың одан кейінгі жеңісті жолы мынадай:
1995 жыл. Берлин (Германия). Болат Жұмаділов (51 келі) – күміс, Василий Жиров (81 келі) – қола
1997 жыл. Будапешт (Венгрия). Болат Жұмаділов (51 келі) – қола, Ермахан Ыбырайымов (71 келі) – күміс.
1999 жыл. Хьюстон (АҚШ). Болат Жұмаділов (51 келі) – алтын, Ермахан Ыбырайымов (71 келі) – қола, Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі)– күміс.
2001 жыл. Белфаст (Солтүстік Ирландия). Галиб Жафаров (57 келі) – күміс.
2003 жыл. Бангкок (Тайланд). Галиб Жафаров (57 келі) – алтын, Геннадий Головкин (75 келі) – алтын.
2005 жыл. Миньяң (Қытай). Біржан Жақыпов (49 келі) – қола, Мират Сәрсенбаев (52 келі) – қола, Серік Сәпиев (64 келі) – алтын, Бақтияр Артаев (69 келі) – қола, Ердос Жаңабергенов (81 келі) – алтын.
2007 жыл. Чикаго (АҚШ). Серік Сәпиев (64 келі) – алтын, Бақтияр Артаев (75 келі) – қола, Еркебұлан Шынәлиев (81 келі) – қола.
2009 жыл. Милан (Италия). Серік Сәпиев (69 келі) – қола.
2011 жыл. Баку (Әзербайжан) . Ғани Жайлауов (60 келі) – қола, Серік Сәпиев (69 келі) – күміс, Әділбек Ниязымбетов (81 келі) – күміс, Иван Дычко (+91 келі) – қола.
2013 жыл. Алматы (Қазақстан). Біржан Жақыпов (49 келі) – алтын, Қайрат Ералиев (56 келі) – қола, Берік Әбдірахманов (60 келі) – қола, Мерей Ақшалов (64 келі) – алтын, Данияр Елеусінов (69 келі) – алтын, Жәнібек Әлімханұлы (75 келі) – алтын, Әділбек Ниязымбетов (81 келі) – күміс, Иван Дычко (+91 келі) – күміс.
2015 жыл. Доһа (Қатар). Данияр Елеусінов (69 келі) – күміс, Иван Дычко (+91 келі) – күміс.
24 жылдан бергі 18 додада Қазақстан құрамасы үшін 2005 жылғы Миньяң (2 алтын, 3 қола) және 2013 жылғы Алматы (4 алтын, 2 күміс, 2 қола) біріншіліктері өте сәтті болды. Бірақ бұл олимпиадалардан кейінгі әлем чемпионаттары болғандықтан, осы табыстарды асыра бағалаудан аулақпыз. Ең қызығы, 18 әлемдік доданың ешқайсысынан Қазақстан құрамасы медальсіз оралмапты. Ең сәтсіз дода – 2009 жылғы Милан біріншілігі. Бұл сыннан С.Сәпиев қана қола жүлдемен оралды.
Қазақстан құрамасының қоржынына әлі күнге 91 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатынан бір де бір жүлде түспепті. Мүмкін, сол олқылықтың орнын биыл В.Левит толтырар. Ал ең жүлдесі қомақты салмақ дәрежесі – 64 келі. Қазақ боксшылары осы салмақта 3 рет әлем чемпионы атаныпты.