«Астана» командасының шабандозы Якоб Фульсанг «Критериум дю Дофине» көпкүндігінде топ жарды. Көптен күткен жеңістің ең мәртебелі жарыстардың бірінде уысымызға түсуі қатты үміттендіреді. Өйткені Фульсанг алдағы «Тур де Франс» аламанында «Астана» көшбасшыларының бірі болады.
Даңқты «Дофинеге» қосылғанда, «Астана» чемпиондыққа қалайда ұмтылуға тырыспағаны рас еді. Команданың көшбасшысы Фабио Ару бұл сында өзін сынап көруге тиіс болатын. Жарақатын жақында ғана емдеп қатарға қосылған италиялық шабандоз үшін «Дофине» «Тур де Франс» қарсаңындағы дайындықтың ең үлкен болуға тиіс-ті. Сондықтан «Дофиненің» 4-кезеңі өткенде жалпы есепте көшбасшы Ричи Порт пен Томас де Брандттан бір минуттан сәл астам уақыт қалып келе жатқан Ару мен Фульсангтан ешкім қауіптенген жоқ. 5-кезеңде осы екеуі көшбасшылармен мәреге қатар жетті. Порт (БМС) көш тізгінін қолға алды.
6-кезеңде Фульсанг мәреге бірінші жетті. Дегенмен Порттан бәрібір бір минуттай артта тұрғандықтан, ол әлі де қою шаңның ішінде деп бағаланды. Оның үстіне, 7-кезеңде қауіп басқалардан болды. Порт негізгі қарсыласы Даниель Мартинді («Куик Степ») және Кристофер Фрумды («Скай») 20 секунд артқа тастап, жеңімпаз позициясын әбден нықтап алғандай көрінді. Бірақ Фульсанг бұл кезеңде Портпен мәреге шаужайласа жетіп, үшінші орынға көтерілді. Ол көшбасшыдан 1:15 минут артта тұрды.
Соңғы кезеңдегі Альбервиль мен Плато де Солезон қалаларының арасын 115 шақырым жол бөліп жатты. «Астаналықтар» ә дегеннен мықтыларды көзден таса етпей, шабуылға шабуылмен үн қатып отырды. Топ ішінен Ару мен Алехандро Вальверде («Мовистар») күтпеген шабуылға тәуекел еткенде, Порт дайын болмай шықты. Ұзаған топ ішінде Ару мен Фульсанг та бар еді. Соңғы 10 шақырымда алға кеткендер ішінен алдымен Мартин, сосын Фульсанг сытылып шығып, сүзіле шапты. Әрине, соңғы шақырымдарға астаналықтың шамасы жететіні талайдың күмәнін оятты, алайда Фульсанг бұл күні «барын киіп, бес қаруын асынып» шыққанын көрсетті. Ол мәреге таяғанда қарқынын және арттырып, 3 сағат, 26:20 минутта мәре сызығын қиды. Алға кеткендерді қуып шаршаған Порт мәреге Фульсангтан 1:15 минут кейін келді. Алайда жеңімпаз еншісіне бұйыратын қосымша 10 секунд жарыс тағдырын толық шешті.
— Бұл адам сенгісіз жағдай болды! Сөреден аттана салып әркім көшбасшыға шабуылды бастады. Біз өз стратегиямыздан танбадық. Нәтижесінде Порт жалғыз қалды, ал Фабио шабуыл бастағанша жағдай шиеленіскен күйі тұра берді. Осыдан кейін командалардың бәрі із кесуге тырысты. Мен күшімді сақтап отырып, Мартин шабуылдаған кезде ізінен қалмау үшін барымды салдым. Сөйтіп, қарымта шабуыл жасауға мүмкіндік таптым. Шынымда айтсам, жеңісіме әлі сене алар емеспін, – деді Фульсанг.
Ал «Астана» командасының бас менеджері Александр Винокуров бұл жеңістің халықаралық ЭКСПО-17 көрмесінің ашылу күніне дәл келгенін айтып, оны Қазақстанға арнайтынын мәлім етті.