Қазақстан премьер-лигасы
14 тур. 28 мамыр
«Оқжетпес» — «Ордабасы» — 1:2 (Генков, 89 — Нөсербаев, 20, Тұңғышбаев, 38)

«Ордабасы» ойыншылары Таңат Нөсербаев пен Еркебұлан Тұңғышбаев екі матчта қатарынан алаңнан голсыз кеткен жоқ. 13 турда екеуінің дәл соққысы «Ақтөбені» жеңуге жеткілікті болып еді. Ол ойында Еркебұлан есеп ашып (31 минут), Таңат жеңіс голын (39 минут) соқса, бұл жолы екеуі орын алмасты.
Нөсербаев пен Тұңғышбаев биыл ғана бір командада ойнап жүр. Таңат біраз жыл «Астана» намысын қорғап, оңтүстікке осы маусымда қайта оралды. Ал Еркебұлан биыл үлкен футболдағы үшінші маусымын өткеріп жатыр.
Екі футболшы да жақында құрамаға шақырылды. Енді олар соққан гол 10 маусымда Дания қақпасында тулап жатса, футболымызда жаңа мерген жұп пайда болғанын мақтана айтар едік.