Ташкенттегі Азия чемпионатының ширек финалына 10 боксышымыз да шығып еді, жартылай финалға соның 8-і қадам басты.
49 келіде Ержан Жомарт Рио олимпиадасының чемпионы Хасанбай Досматовпен (Өзбекстан) кездесті. Хасанбай біздің боксшыға еш мүмкіндік берген жоқ. Ал Әділет Құрметов (60 келі) Рио олимпиадасының қола жүлдегері Отгондалай Доржнямбуумен (Моңғолия) ашық жекпе-жек өткізіп жатып, қабағын жарып алды. Дәрігер біздің боксшының одан әрі жұдырықтасуына рұқсат берген жоқ. Сол сәттегі төрешілер жазбасы 4:1 есебімен моңғол боксшының пайдасында болғандықтан, жеңіс соған кетті.
Өзге салмақтардағы серкелер сүрінген жоқ:
52 келі. Азамат Исақұлов – Абдул Салам Қасым (Малайзия) – 5:0. Жартылай финалда Исақұлов шаршы алаң иесі Жасурбек Латиповпен кездеседі.
56 келі. Қайрат Ералиев – Риомей Танака (Жапония) – 4:0. Ералиевтің ендігі қарсыласы – Жаң Жиауей (Қытай).
64 келі. Бекдәулет Ибрагимов – Дининду Сапарамаду (Шри-Ланка) – 5:0. Жартылай финалда Ибрагимов өзбек Икбалжан Халдаровпен күш сынасады.
69 келі. Абылайхан Жүсіпов – Лю Уей (Қытай) – 5:0. ½ финалда Абылайхан Тувшинбат Биамбамен (Моңғолия) жұдырықтасады.
75 келі. Әбілхан Аманқұл – Моуен Әзиз Абдал (Сирия) – І раундта Аманқұл айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ол Абдалды 3 рет нокдаунға жіберді. Оның ендігі қарсыласы – Исраил Мадримов (Өзбекстан).
81 келі. Ерік Әлжанов – Ауайс Әли Хан (Пәкістан) – 5:0. Финалға жолдаманы Ерік түрікмен Нұряғды Нұряғдиевпен сарапқа салады.
91 келі. Василий Левит – Санжар Тұрсынов (Өзбекстан) – 5:0. Левиттің жартылай финалдағы қарсыласы – Алаа Елдин Гуссун (Сирия).
+91 келі. Қамшыбек Қоңқабаев – Сатиш Кумар (Үндістан) – 5:0. Қоңқабаев финал жолдамасы үшін Хұсейін Ешайыш Яшайышпен (Иордания) шаршы алаңға шығады.
Жартылай финал кездесулері ертең өтеді. Исақұлов, Ералиев, Аманқұл, Әлжанов, Левит күндізгі бөлікте шаршы алаңға шығады, ал Ибрагимов, Жүсіпов, Қоңқабаев кешке сынға түседі.
(Д.Майлыбаевтың фотосы)