Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 7 турындағы «Ақтөбе» — «Атырау» матчы уақтылы өтпей қалды. Кейінге ысырылды. Ақтөбедегі ОДЮШОР алаңы да, Атыраудағы «Судоремонтник» стадионы да комиссия тексерісінен өте алған жоқ. Қызығы сол, жыл сайын көктемде «Ақтөбе» мен «Атырау» ойындарын осы қосалқы алаңдарда өткізіп келді. Ешкім ештеңе демейтін. Биыл комиссия неге қатал қарады? Әлде бұл жақсылықтың басы ма?

Шынын айтқанда, қазір Қазақстанда Алматының Орталық стадионынан басқа жоғары талаптардың бәріне жауап беретін бір де бір алаң жоқ. Иә, «Астана-Арена» бар, бірақ оның жасанды алаңын жамандап кеткен жұлдыздар жеткілікті. Сонда жыл сайын топырлатып легионерлер сатып алып, сәттік жақсы нәтижеге жетуді көздегенше, біздің футболды басқаратын мамандар неге әуелі инфрақұрылымды жаңартпайды? Бұл өзі – айта-айта жауыр болған тақырып. Бірақ жылда айтылса да, қорытынды шығып жатқаны шамалы.

Сөзіміз дәлелді болу үшін премьер-лига командаларының легионерлерін былтырғы рет бойынша сүзіп шығайық.

«Астана»: жаңа келген легионерлер – Иван Маевский (Беларусь), Аздрен Ллуллаку (Албания), Сржан Граховац (Босния және Герцеговина). Осы үшеуі де негізгі құрамда ойнап жүр. Демек, «Астана» басшылығы нақты трансфер жасады, қажет ойыншыларды ғана алды деуге болады. Стадионы – «Астана-Арена». Қазір төсеніші жаңартылып жатыр.

«Қайрат»: Акош Елек (Венгрия), Иво Иличевич (Хорватия), Чума Анене (Норвегия). Оңтүстікастаналықтар былтырғы құрамын сақтай отырып, қажет футболшыларды ғана алды. Қазір Анене ғана негізгі құрамға іліне алмай жүр. Бірақ оның бәсекелесі Гоу екенін еске алсақ, Анененің жағдайын түсінгендей боламыз. Стадионы – Орталық. Барлық талапқа сай.

«Ертіс»: Стефан Живкович (Сербия), Лаша Двали (Грузия), Евгений Ткачук (Украина), Антонио Родриго (Португалия), Серж Нганбе (Франция), Исмаел Фофана (Кот д’Ивуар), Франк Джа Джедже (Франция). 7 жаңа легионер. Павлодарлықтар, біздің білуімізше, еркін агенттерді, яғни бұрынғы командаларымен келісім-шарт мерзімі аяқталған шетелдік футболшыларды ғана құрамына алды. Қымбатын алуға оларда қаржы жоқ, бұл айдан анық. Өткен жылдың соңында «Ертістің» барлық легионерлері мен мықты футболшыларының келісім мерзімі бітіп, ел кубогының жартылай финалында 20-21 жастағы бозбалалар ғана ойнағанын жақсы білеміз. Ендеше, «Ертіс» көрпесіне қарай көсіліп, бапкердің білігінің арқасында құрдымға кетіп қалмай отыр. Стадионы – Орталық. УЕФА еурокубоктарға іріктеудің плей-офф кезеңін өткізуге рұқсат бермеуі мүмкін.

«Ордабасы»: Зоран Рендулич (Сербия), Пабло Фонтанелло (Италия), Кирило Ковальчук (Украина), Преслав Йорданов (Болгария), Никита Бочаров (Ресей). Осы 6 жаңа легионердің бәрі негізгі құрамнан орын тапты. Демек, команда 65 пайыз жаңарды деуге болады. Мұның сыртында былтырдан бері ойнап жүрген Отар Марцваладзе (Грузия), Александр Гейнрих (Өзбекстан) Александр Симчевич (Сербия) бар екенін де ұмытпайық. Демек, қазақстандықтарға негізгі құрамнан бөлінетін 5 орынға Бекбаев, Нұрғалиев, Нөсербаев, Ерланов және Тұңғышбаев ие болса, басқалары маусым бойы алаңға ойыншы алмастырып қана қосылатынына шүкір демеске лажы жоқ. Стадионы –  Қажымұқан. УЕФА талаптарына сай емес.

«Оқжетпес»: Марио Хорват (Словения), Сергей Политыло (Украина), Алексей Козлов (Ресей), Сергей Струков (Ресей), Цветан Генков (Украина). Ақшасының аздығынан ғана легионерлер сатып ала алмай отырған команда. Былтырғы шетелдіктерден Д.Еоне, Д.Чертов, С.Стаменкович қалды. Стадионы – «Оқжетпес». Маусымның басында және соңында ойындарын «Астана-Арена» мен «Жақсы» СК (Щучинск) өткізуге мәжбүр болады.

«Ақтөбе»: Олександр Воловик (Украина), Папа Гуйе (Сенегал), Хуан Мануель Торрес (Аргентина), Юри Алмейда, Витор Жуниор, Диас Морейра, Жуниор Барбоза (бәрі Бразилиядан), Олександр Ермаченко (Украина). 8 легионер. Бәрі де негізгі құрамда ойнап көрді. Бұлардың сапына Қазақстан азаматтығын алған Андрей Сидельниковті, Кирилл Шестаковты, Игорь Зеньковичті қоссаңыз, отандық футболшыларға жалғыз орын қалмауы мүмкін екенін де байқайсыз. Екі жыл қатарынан толық жаңарып келе жатқан ақтөбеліктер қазір турнир кестесінің етек жағында тұр. Стадионы – Қобыланды батыр. Әлі дайын емес. Қосалқы алаң ретінде ОДЮШОР стадионын пайдаланып жүр еді, ол тексерістен өтпеді.

«Тобыл»: Дмитро Непогодов (Украина), Джордже Деспотович (Сербия). Биыл құрамына 2-ақ легионер шақырғанына қарап, қостанайлықтарды таза қазақстандық команда деуге болмайды. А.Жулпа (Литва), Ф.Кассай (Франция), Д.Главина (Хорватия), Т.Шимкович (Австрия), Д.Савич (Сербия) кемі былтырдан бері ойнап жүр. Стадионы – Орталық. Көктемде Затобыл кентіндегі «Затоболец» жасанды алаңында ойнайды.

«Атырау»: Уча Лобжанидзе (Грузия), Юре Обшивач (Хорватия), Шавкат Саломов (Өзбекстан), Йован Джокич (Сербия), Владимир Двалишвили (Грузия), Иван Родич (Хорватия), Новица Максимович (Сербия). 7 легионер келді, бұрыннан ойнап жүрген В.Томич және бар. Бас бапкері 6 турдан кейін тағы ауысты: серб Зоран Вуличтің орнын ресейлік Сергей Павлов басты. Стадионы – «Мұнайшы». Дайын емес. «Судоремонтник» тексерістен өтпеді.

«Шахтер»: Дидье Кадио (Кот д’Ивуар), Олукороде Айегбуси (Ұлыбритания), Милан Стоянович (Сербия), Марко Станоевич (Сербия), Алессио Аллегриа (Бельгия). 5 легионер бұрынғы 4 шетелдіктің (Ю.Сзоке, С.Зошак, Н.Василевич, И.Садовничий) қатарына қосылды. Стадионы – «Шахтер». Көктемде «Астана-Арена» мен «Металлургте» (Теміртау) ойнайды.

«Ақжайық»: Йован Николич (Черногория), Майкл Одибе (Нигерия), Аренас Дельгадо (Венесуэла), Азука Изу (Нигерия). Былтырдан бері оралдықтар сапында Ф.Ортис, П.Говедарица, М.Рубио, К.Дудченко ойнайды. Стадионы – «Ақжайық». Ішкі жарыстарға жарамды.

«Тараз»: Неманья Миюшкович (Черногория), Мұхамед Диара (Франция), Евгений Шипицын, Андрей Горбанец, Руслан Мұхаметшин (бәрі Ресейден), Жан Морис (Франция), Максим Фещук (Украина), Дәуренжан Ерғашев (Тәжікстан). Чемпионатқа 15 күн қалғанда Ваит Талғаев жасақтаған командаға 8 легионер келіпті. Дегенмен Тараз жас футболшыларға мүмкіндік беруімен аты шыққан команда. Биыл Жақып Қожамберді, Нұртас Кургулин сияқты өз түлектері де оралды. Стадионы – Орталық. Көктемде «Ұлан» стадионында ойнайды.

«Қайсар». Бұл команданы 1 лигадан алып шыққан 4 футболшы ғана (М.Исламқұлов, Д.Нәрзілдаев, Е.Алтынбеков, Р.Сақалбаев) биылғы құрамда қалды. Демек, команда құрамы толық дерлік жаңарды. А.Ламанж (Камерун), И.Граф (Хорватия), В.Аржанов (Украина), М.Курьор (Франция), Д.Камара (Сьерра-Леоне), С.Нтибазонкиза (Бурунди), С.Николич (Черногория) сияқты 7 легионермен толықты. Стадионы – Ғ.Мұратбаев. Көктемде осы стадионның қосалқы стадионында ойнайды. Осы турда «Ертістің» бапкері бұл алаңды шөп емес, егістік деп бағалады.

Байқағандарыңыздай, маусымға премьер-лиганың 12 командасы 65 жаңа легионерді қосқан. Бұлардың сыртында былтырдан бері ойнап жүрген 27 шетелдікті есептесек, 92 футболшы болып шығады. Демек, премьер-лигада орта есеппен 300 футболшы бар десек, соның 168-і негізгі құрамда тұрақты ойнайды десек, отандық футболшылар еншісіне қалатыны 50 пайыз ғана. Олардың ішінде ел азаматтығын алған кемі 25-30 шетелдік футболшы бар. Сонда 12 команданың негізгі құрамынан таза қазақ футболынан тәлім алған 30-40 футболшы ғана орын тауып жүр деуге болады. Сонда ұлттық құрамада кім ойнайды?

Ақшаны жыл сайын легионерлер қалтасына құйғанша, стадиондарды реттеп, инфрақұрылымды күшейтіп барып қана мықтыларды шақырсақ қайтер еді? Мысалы, осы 92 легионер ішінде қазір өз ұлттық құрамаларында ойнайтыны онға да жетпеуі мүмкін – Ж.Кабананга (Конго ДР), А.Елек (Венгрия), А.Жулпа (Литва), С.Нтибазонкиза (Бурунди), А.Камара (Сьерра-Леоне), У.Лобжанидзе (Грузия), И.Маевский мен И.Шитов (Беларусь), А.Ллуллаку (Албания)… Бірақ Қазақстанға Мессиді шақырсаңыз да, сиқырлы ойын көрсете алмайды. Алаңымыздың жартысы жасанды, жартысы – егістік…

(«Жас Алаш», №30, 18.04.2017)